НҰРЛАН АҚҮРПЕКОВ: КУБА ҚАБЫЛАНДАРЫ БІЗДІҢ АРЛАНДАР ҮШІН ҚҰБЫЖЫҚ ЕМЕС

/uploads/thumbnail/20170716220237181_small.jpg

Бүкіл әлемдік бокс сериясы WSB жобасының VII маусымы да аяқталуға жақын. Бұл маусымның финалдық жекпе-жегі "Астана Арландары" мен "Куба Домадорес" командалары арасында өтеді. Финалдық айқас 15-ші шілде күні Астана қаласындағы "Қазақстан" спорт кешенінде болмақ. Қазақ жұрты көз тіккен бұл айтулы бәсекеге біздің боксшылар да жанын сала дайындалуда. маусымның ақырғы айқасы басталуға да санаулы күндер қалды. Осы орайда "Астана Арландарының" бас бапкері Нұрлан Ақүрпеков мырзаны әңгімеге тартқан едік.

Құдай қаласа, биылғы жетінші маусымдағы финалға дейінгі айқастарда сүрінбей, ақырғы асуға жеттіңіздер. Алда үлкен сынақ күтіп тұр. Жалпы, дайындықтарыңыз жайлы қысқаша айтып берсеңіз.

– Өздеріңіз білесіздер, алдағы болатын екі жекпе-жек те 15 шілде күні Қазақ жерінде өтеді. Регламент бойынша 24 маусым күні біз Кубаға баруға тиісті болатынбыз. Барған жағдайда бізге сәл қиын соғар еді. Өйткені, біздің бірінші номерлі боксшылар сәл шаршады. Оның үстіне уақыт пен климаты басқаша мұхиттың арғы жағына ұшып бару да бізге қолайсыз соғар еді. AIBA шешімімен ақтық айқастың 15 шілдеге қалғаны жақсы болды. Жігіттеріміз үйлеріне барып, оншақты күн демалып алды. Сосын, 28 маусымнан дайындықты бастап кеттік. Боксшыларымызға барлық жағдай жасалып жатыр. Бәрінің көңіл-күйлері де жақсы. Құдай қаласа алдағы күнде бағымызды сынап,  15 шілде күні Қазақ боксының қай деңгейде тұрғанын көрсетеміз деп ойлаймын.

Ұлттық құрмадан келетін көмек жайлы жағымды ақпараттар жанкүйерлерді қуантып еді...

Ұлттық құрама боксшылары жақында ғана Түркияға барып, демалыс оқу-жаттығуынан келді. Ол жақтан Василий Левит жарақатпен оралды. Соған байланысты ол алдағы финалда бізге көмекке келе алмайды. Менің көңіліме қаяу салып тұрған осы мәселе. Өйткені, 91 келіде жеңетін жігіттердің тізімінде Васия тұрған еді. Оның орнына енді өзіміздің команданың тіс қаққан боксшысы Антон Пинчукты дайындап отырмын.

Ауыр салмақта одан кейін үміт артқан боксшымыз Қамшыбек Қоңқабаев еді. Ауылдағы анасы ауырып, ауыр халде емханаға түскен екен. Соған байланысты ол да Қызылордаға ұшып кетті. Финал кезінде оның шаршы алаңға шыға алмайтыны белгілі болды. Оның орнына Олжас Бұқаевтан өзге лайықты адам болмай тұр.

Ұлттық құрамадан 75 келі салмақ дәрежесі бойынша Әбілхан Аманқұл "Арландар" сапында майданға шығады деп естіп едік...

Әңгіме басында айтқанымдай, бұл жолғы айқас біз үшін жеңіл соққалы тұрған жоқ. Өткенде ғана Астанада өткен Президент кубогында Әбілхан Аманқұл бір қолынан жарақат алған болатын. Жуықта дайындық үстінде екінші қолын да жаралап алды. Ол да алдағы финалдық кездесуде майданға шыға алмайтын болды. Ақыры, оның орнына Сапарбай Айдаров шығады деп отырмыз.

Қысқасы, Ұлттық құрама тарапынан бізге көмекке келеді деген сенімді үш боксшы да жоғарыда айтқан жағдайларға байланысты Арландар сапында шаршы алаңға шыға алмайтыны өкінішті-ақ болды...

Биылғы маусымдағы ең қауіпті қарсылас "Куба Домадорес" командасы туралы қысқаша айтып берсеңіз.

Куба командасы – қазіргі күнде әлемде атағынан ат үркетін айтулы командалардың бірі. Құрамында шетінен ығай мен сығайлар, Әлем және Олимпиада чемпиондары, ең кемі Панамерика ойындарының жеңімпаздары.

Бір таң қаларлығы олардың номері бірінші ойыншылары Қазақстанға келіп қанша кездесу өткізсе де жалықпайды. Олар да "Қазақ боксшыларымен кездестіріп, екінші номерлі боксшыларымызды бір сынап көрейік" демейді. Бізде өткен қандай кездесу болмасын, үнемі бірінші номерлі жігіттерін әкеле береді. Екі дүркін немесе үш дүркін әлем чемпиондары да келе береді. Алда Әлем чемпионаты күтіп тұр, соған қатысатын боксшылары бізге келіп жарақат алып қала ма деген сақтанбайды. Куба – Әлем чемпионатынан қорықпайды, Қазақ боксшыларынан қорқады. Олар мұхиттың арғы жағынан жолды ауырсынбай, арнайы келіп, Әлем чемпионатына қарсы дайындығын бізге келіп пысықтайды. Олардың бұл жолы да бірінші номерлерін алып келе жатқанына қарағанда, өз жерімізде біздің елден жеңісті жұлып алуды мақсат етіп те келе жатыр. Сол себепті мен жанкүйерлердің алдында жерге қарап қалмас үшін жігіттерімді күндіз-түні дайындап, оларды күніге қайрап, жеңісті қалайды қолдан бермеуге жігерлендірудемін. Әр боксшымен жеке-жеке жұмыс жасап, дайындықты қайталай пысықтап, қандай тәсілмен жеңу жолдарын зерттеудемін. Ауыр салмақта Левит пен Қоңқабаевтан өзге Жәнібек Әлімхан мен Әділбек Ниязымбетовтердің де жарақаты қол байлап отыр. Олар алда өтетін Әлем чемпионатына да қатыспайды.

Ауыр салмақтағы жігіттердің жағдайы белгілі болды. Енді орта және жеңіл салмақта өнер көрсететін жігіттерміз бен оның қарсыластары туралы айтып берсеңіз.

49 келіде Теміртас Жүсіпов. Ол да біздің құрамадағы ең тәжірибелі боксшылардың бірі, Қазақстан чемпионы. Осы салмақта жүргеніне ұзақ болды. Негізінде, 49 келі салмақта өнер көрсету, бұл салмақты бірнеше жыл бойы ұстап тұру деген өте қиын. Кез келген адамның организмы, денесі өседі, мысалы, 49 келіде не бір мықты жігіттер шығады, сосын уақыт өте келе тұлғасы өсіп кетеді де әрі қарай салмақпен күресіп кетеді. Ал Теміртас жасы 30-дан асса да 49 келіде Қазақстанда теңдесі жоқ боксшы. Осы жобада командамызға талай жеңістер сыйлап, жанкүйерлерінің көңілінен шығып жүр. Тура осы жолғы қарсыласы – Йоанис Оскар Аргилагос Пересті 2015 жылы жеңген болатын. Бірақ, ол кезде Перес 17 жаста болды. Одан бері осы күнге дейін тәжірибе жинақтады, Теміртас болса есейе түсті дегендей. Сондықтан бұл жерде Асланбек Шымбергенов пен оның қарсыласы сияқты, тәжірибе мен жастық жалынның айқасы болмақ.

52 келіде командамыздың капитаны Олжас Сәттібаев. Бұл жолғы қарсыласы – Иосвани Вейтиа Сотомен бұған дейін де 2015 жылы осы жобада жеңген. Сонымен қатар, екеуі өзге де халықаралық турнирлерде кездескен, бір-бірін жақсы біледі. Бұл қарсыласы да осал жау емес, Олимпиаданың қола жүлдегері. Жалпы, бұл жолы қай-қайсысына да оңай болмайды, әрине. Дегенмен, Олжас – намысшыл, жігерлі жігіт, кішкентайынан өзімнің шәкіртім, қыр-сырын жақсы білемін. Ел намысы сынға түскен осындай қысылтаяң сәттерде өзін көрсете алады бұйырса.

56 келіде Ілияс Сүлейменов. Ол да көптеген сынақтардан сүрінбей өтіп жүрген тәжірибелі спортшы. Азия ойындарының чемпионы, Олимпиадаға қатысқан. Биыл 52 келіден 56 келіге салмақ ауыстырды, Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері болды, содан бері біздің жобада бокстасып жүр. "Арландар" сапындағы барлық жекпе-жектерін тек қана жеңіспен аяқтап жүр. Сондықтан Ілиясқа артар сенім мол. Ал оның қарсыласы Жавьер Ибанез Дияс та осал боксшы емес. Дегенмен, жеңіске мүмкіндік бар.

60 келіде көрермендердің көңілінен шығып жүрген жас батыр Зәкір Сафиуллин. Ол өзіне сай стильі қалыптасқан, ақыл тоқтатқан, кез келген жағдайда өзін көрсете алатын, өте тәжірибелі боксшы. Бұған дейін алдағы қарсыласы кубалық Лазаро Альварес Естрадамен кездескен, тең ойын болса да, жеңіс Естрадаға берілген болатын. Одан бері де ол көп тәжірибе жинақтады ғой. Сондықтан Зәкірге артар сенім мол.

64 келіде Ділмұрат Мәжитов болса ол жас спортшы, осы күнге дейін кубалықтармен кездесіп көрмеген. Ол да үмітті ақтап жүрген жігіт, майданды қалай бастаса, солай аяқтайды, жылдамдығы баяуламайды. Оның бұл жолғы қарсыласы әлем чемпионы – Анди Круз Гомез.

Ал 69 келі салмақта Асланбек Шымбергеновке сенім артып отырмын. Оның қарсыласы – Олимпиада чемпионы Рейнерь Иглезиас Сотолонго.  Бұған дейінгі бір кездесуде Асланбек оны айқын басымдықпен жеңген. Бұрын Сотолонго 64 келіде Олимпиада чемпионы болған. Қазір 69 келіге ауысқанымен үлкен жетістікке әлі жете қойған жоқ. Әлем чемпионатында қола алғанымен,  былтыр өткен Рио Олимпиадасында жүлдеге ілінбей қалған. Оның да жасы келіп қалған, Асланбек болса жас. Сондықтан алдағы кездесу тәжірибе мен жастық жалынның бәсекесі болмақ.

Қорытып айтқанда, Куба қабыландары біздің Арландар үшін құбыжық емес. Бұған дейінгі кездесулерде де тас-талқан етіп жеңгенбіз. Алла сәтін салса, бұл жолы да жеңісті жолымызды жалғастырып, келесі маусымға қадам басамыз деген сенімдемін.

Әңгімеңізге рахмет! Бұл шайқаста "Арландарымыз қазақ рухын көтеріп, туымызды биікте желбіреткей!

 

Әңгімелескен, суреттерді түсірген Ұларбек Дәлейұлы

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар