("Қазақ еліне - 550 жыл" шығармашылық бәйгесіне)
Құлаққағыс: Бұл хикаят – қазақ тарихында әлі толық зерттелмеген, ХУІ-ХУІІІ ғасырлар төңірегіндегі кейбір деректерде әредік ауызға алынғанмен мәні ашылмаған хан ордасында болған Аталық дәрежесін иеленген, мәңгілік тыныштығын Қожа Ахмет Яссауй кесенесіндегі ұлы хандар арасынан тапқан Сайдалы Нияз (құлпытаста Сейдалы Нияз деп қате жазылған) батырдың өмір қырын суреттейді. Аталық – ханзадаларды тәрбиелер, хан жоқ жерде хан орнын жоқтатпай билік тізгінін ұстар, белгілі бір дәрежеде келіссөздер жүргізер тұлға болған адамға берілетін атақ.
1
Жаздың орта тұстан ауып кеткендігін байқатқандай көк бояғын жоғалтқан дала қанын ішіне тарта бозарып алған. Жота-жондардың басын былай қойғанда, ойпаңдағының өзі өң-түсінен айырыла құп-қу. Оның бергі жағында, ат сауырын қағар селеулі шөп өспейтін алқаптың қырбығы мый қайнатар ыстықтан әлдеқашан күйіп жерге жабыса түскендіктен бе ат тұяғынан көтерілер шаңды қоюлатып, тынысты тарылта түседі. Ауа ауыр - кеудеңді еркін керіп дем ала алмайсың, жол ауыр - ат екеш әлді аттардың өзі сар желістен тиылып, сараң аяңның ауанына көшкеніне бірталай уақыт. Бірақ, аяқ суытуға әлі ертерек. Суы бар жерге тоқтамасаң кезерген ерінді ылғалдап, кепкен көңді жібіте алмасың анық. Адамдарды қойшы, қанжығадағы торсықтарынан ауыз шылап, тіл астына ытырылған малтадан шөлге сеп жасап келе жатқандары шүбәсіз, жануарларға обал-ақ, олар бір қисайса қайтадан аяққа тұруы екіталай. Жолаушылар әуелде, осы жолды таңдағанда, ертеден көңілге жаққан, жадыда сайраған құдық көздерін сағалап, соны алданыш қылуды ойлаған. Алайда, уақыт өз дегенін істеп тынған ба, жоқ, әлде бұлар негізгі бағыттан сәл қиыстаған ба, әйтеуір, айдың-күннің аманында сарсаң тірліктің сартабын кеше сандалып келе жатқандарын ғана біледі. Дегенмен, мұны айдайға жариялай қыңқ етер бірінің табылмағаны жұбаныш. Не ойласа да ішке бүгіп, іштей өз-өздерімен арпалысқандар қабарған қабақтарын жазбастан үн-түнсіз алға қарай сүлдерлерін сүйретуде. Сүйреткен қалыптарында ұрлана айналаға тінтініп келе жатқандарына шүбә жоқ. Бірінің қапталын екіншісі қайыра ұзап кете беретін сансыз қыраттардың ішінен тайға енделген ендей көзге ұрар межеліні таппаққа үміттенгендерінен сөйтеді. Күндіз түгілі түннің қараңғылығында адаспас түйсікті бүгін қандай қара басқанын ешқайсысы тап баса алмай дал. Өкініш пен ызаның өзегінде өртенгендер лажсыздықтың албарында алқыныстарын басқанға ұқсайды. Талтүске іліккен күн жалын шашады. Көлеңке басы табан астына түскенде көз жетерді сағым жайлаған. Аспан бұлдыр, айнала бұлдыр, жер бұлдыр. Дүние бұлдырлықтың арасында сапырылысып кеткендей әсер басым кім-кімде де. Мына қалпында әлем жөңкіле көшіп бара жатқандай. Сол көшкіннің арасын аңдасаң не бір нақыштар айшығы санаңа құйылып, өткен мен кеткеннің елестерін топырлата көз алдыңда тербелтеді. Алашапқындық та, алмағайыптықтың аласапыраны да көлбең елес бойында сақталған. Ұшығына жармассаң ұшпалықтың ұсқынын да нобайлардан аңғарғандайсың. Бәр-бәрі дүниенің бір орында тұрмайтынын, қозғалысқа құрылатынын дәлелдеп бағуда. Дәлел бедерінде екпіннің басым жататыны да қиялыңды ширата түседі. Сол екпіннің пәрменіне шыдас бергендер төрткүл дүниеде тірнек талайын айырып, шыдамағандар қомнан ертерек ауып қала беретінін сезінген жүректің мұндайда дір-дір ете қалатыны жасырын емес. Иә, түсіне білген жанға тіршілік дегенің қозғалыс ауанына бағынған тылсым екені айтпаса да түсінікті жағдай. Сондықтан іңгәңді жариялай мұнда кіріккен екенсің жан алыс, жан беріс деп аталатын арпалысқа қашанда дайын бол. Әгараки, абайсызда сүрініп кетсең құламауға күш сал, қайтадан бойыңды түзеп, емпеңдей жүгіруге талпын. Демікпеуді үйрен. Кеудеңді жалын кернесін, жаныңды үміт жылытсын. Сонда дегеніңе жетесің. Жетесіздік танытпа. Бүйтсең өзіңнің ғана желкең қиылып қоймайды, жұртыңды ұятқа қалдырасың, ұрпағыңды масқараға ұшыратасың. Жаратқан иеге мың мәрте қарыздар, атасы Арыстан - Хақназар мен Еңсегей бойлы Есім хандармен үзеңгі қағыстыра жүріп билік тізгінінің бір басын ұстаса, әкесі Барқы да Әз Тәуке тұсында Аталық дәрежесіне көтеріліп, қазақ хандығының күш алуына көп қарым жұмсаған, елдік мұратты бәрінен жоғары қоя білген арыстар еді. «Жұртыңмен бірге тарығып, жұртыңмен бірге тойынсаң жаман болмайсың», - деп отыратын әкесі Барқы қолы қалт еткенде балаларына. Тағы айтатын: «Біреуге жаққаныңнан айналаңа жақсы болып кетпейсің, ауыл арасына беделіңнің артқанынан абыройың тасымайды - жамағатыңа жұғымды бол. Жамағатыңның қуанышы мен қайғысын бөлісуге жарасаң нағыз ұлан болғаның. Ал, қараша халық өзі төбесіне көтергенін көкжал азуында талатпаған. Найзаның ұшында, семсердің жүзінде тұрса да жанын сала қорғап қалуға тырысқан», - деп. Міне, осы ұлағатты санасына тоқып өскен Нияз батыр анасы қалжа жеген күннен десе артықтау шығар, ес білген шамадан бастап әке өсиетіне адалдыққа жүгінді. Ат жалын тартып мінгелі тақым жазбай ер үстінде өзек жалғап, ер үстінде көз шырымын алғаны соның айғағы. Арқадан басталған мына жортуылында да ол елдік мүдденің еңселілігін қолдайтынын білдіруге сапарға шыққан. Аяқ астынан жиналған. Ат терлетіп жаушы жеткенде шалғыны көкорай, сабасы күрп-күрп, самалы жан жадыратар өңірде салқау тірліктің шуағын бойына еркін сіңіре тып-тыныш ғұмыр кешіп жатқан. Атой шықса атқақтай жөнелетін жұрты да қару-жарағын кереге басына іліп қойып, жортуылға мінер жануарларды ен отқа айдап тастап, марғаулықтың майсасына масайғандай ақар-шақар шақтың салтанатын кешіп жүрген. Амал нешік, бәрі бір сәтте сап тиылды. Кісі түсер он екі қанат ақ үйге кіріп, бұлаққа салқындатылған балдай қымыздан шөл басқан шамада қос жаушының оқтау жұтқандай қаздиып отырған ересектеуі сөз бастаған. - Мәртебелім, - деген ол ашық дауысы қырандай саңқ етіп, осында отырғандардың назарын еріксіз өзіне аудара, - Құлан жортар құба белдерден, құс базарын қыздырар шалқар көлдерден, қыран қонақтар қиядан, ырыс ұялаған ұядан дұшпанымызды аластап, көз алартқанды тамақтап «ух!» деп кеуде кере тыныс қайырғанымыз кеше еді. Құдайға шүкір, бұл күнде де алақ-жұлақтан ада қалпымызда бақуаттыққа байсал сала тірлік кешудеміз. Мұның бәрі хан иемнің алғырлығынан, сіздей ақылманның алысты көрер, асылды айырар сұңғылалығынан, намысын жани білер жұртымның керек жерде тас-түйін жұмылып, жауына қаршығадай түйілер күш-қайратының толысқанынан. Сөйткенмен, «жау жоқ деме – жар астында», дегенді әсте естен шығармағанымыз абзал шығар... Ол айтқанының салмағын білгісі келгендей маңайындағыларды көзімен сүзіп өтті. Үй ішіндегілер жым-жырт. Сөз соңын баққандар негізгі мәселенің түйінін тарқатар тұсты тағатсыз күткендей. Соны байқағанда жаушы төрдің нақ төбесінде таудай болып отырған Ниязға мойынын бұра ойын әрі қарай сабақтады: - Жылымға бір түскеннің жуыр маңда одан шыға қоюы екіталай. Олай болса, сол жылымға түсіп жанталасқаннан гөрі оған түспеудің қамын жасағанның бағы жоғарыда екені айтпаса да түсінікті. Болат ханның көздегені де осы мақсат секілді. Соған байланысты Әбілпейіз сұлтанды бас ете шығыс тұсымызды нықтамаққа бекінген беті байқалады. Ел жақсылары мен жайсаңдарын жинау барысында бұл шаруаны көппен ақылдаса шешуді дұрыс деп тапса керек. Жан-жаққа жаушы аттандыруының себебін мен осыған сайыдым. Іште отырғандар орындарында қозғалақтасқандарымен суырылып алға шығар ниетті біреуі байқатпады. Заңдылықтан. Аталық барда орынсыз өндіршектеу, жоқ жерден көсемсу саппастыққа жататын. Бірақ Нияз жуыр маңда бұл әрекетті не қоштайтынын, не қоштамайтынын білдіре қоймады. Ойға шомып кеткен... Бәрінен хабардар отырған. Кейінгі оншақты жылдың ол жағы мен бұл жағында қонтайшылар арасында жүрген билік таласы ол елдің берекесін әбден қашырып біткен. Мұның барлығы Қалдан Серен қайтыс болғаннан кейін басталған. Сыбан Доржыны ағасы Лама Доржы өлтіріп тақты иеленсе, оның түбіне Лабашы жетіп, билікті қолына алған. Дегенмен бұл нәсіп оған да ұзаққа бұйырмады, Қытай жасағының қолына түсіп қалып, ол да өлтірілген соң Лабашының кезінде Қытайға қашып барып, соның әскерімен бірге оралған Әмірсана қонтайшы лауазымына жеткен. Әйткенмен, берекесі қашқан елде бірлік құтайған ба, ақыры ол да елден кетуге мәжбүр болып, ақырында сыртта жүріп белгісіз аурудан қаза тапқан. Бәрінің соңында халықтың босқындыққа ұшырағаны мәлім. Жоғарғы тұстағы көршілерге кеткені сол жақты сағалап, басқалары Еділге қарай жөңкіліп, бір кездегі ұлан байтақ өлке әп-сәтте қаңырай босап қалған. Оған қайта-қайта шабуыл жасап жатқан Қытай тепкісінің әсер еткені де аян еді. Енді, міне, сол тұсты қазақтар бекітсе, бекітіп қана қоймай Жоңғарлардан босаған жерді иеленіп алса несі айып! Бұл өте дұрыс шешім! Әсіресе Нияздың көңіліне қонатыны - Әбілпейіздің иелік тұтқасын ұстайтыны. Қанша айтқанмен өзінің тәрбиесін көрген, Аталық тезінен өткен сұлтан ғой, жол бастарда да, қол бастарда да оның көргені, көңілге түйгені жетерлік. Бір шамаларда Әбілмәмбет хан мен Нияз батыр Сарыарқадағы хан жайлауына көшкенде Түркістан билігін Әбілмәмбеттің ұлы Болат алып қалғаны белгілі. Сонда Әбілпейіздің түрлі дау-шарларда өзін жақсы жағынан көрсете білгенінен хабардар. Ендеше, ұрыста тұрыс болмайтыны қандай анық болса, Аталықтың Әбілпейізге «Алла жарылқасын!» деп бата беретіні сондай ақиқат дүние. Елек қорытындысы осыған сайығанда Нияз жадырай маңайындағыларға жүзін бұрды. - Бауырларым, балаларым, қалай ойлайсыңдар, мына сапарға шыға аламыз ба? Іштей булығып отырғандар шу-шу етісті: - Сіз ниет етсеңіз біз дайынбыз ғой! - Ат - әлді, жігіттер – сақадай сай шақта суырыла шығып, сусылдата жетеріміз ақиқат! - Е, ел мүддесі таразыға тартылатын шамада бәрінен шеттеп, бір қиырда қалғанымыз ұят та, бастаңыз, батыр! - Иә, Әруақ! - Әруақ қолдасын! - Сапар сәтті болғай! Сол күннің ертеңіне Нияз туысы Өмірзақты шақыртты. Ебіл-дебіл жеткен немере інісіне барлай ұзақ қарады. Өтіп бара жатқан уақыт-ай, бір шамаларда бұтын жалаңаштай жүгіріп жүретін шикі өкпе бала еді, енді бұл да жігіт ағасы жасына жетіп қалыпты. Екі иығына екі кісі мінгендей алыптың нағыз өзі болған да қойған. Сықпытына үңілсең көз тойғандай. Жауға салсаң жайпап өтер дүлейдің нағыз өзі дерсің. - Неге шақыртқанымды білемісің? - деп сұрады сүйсінісін жасыра алмаған қалпында жымиып. Анау шырт ете қалды: - Біреудің ішіне кіріп-шығар қасиетім болса алдыңызда бүйтіп пүшәйман күй кешпес едім. Білмейтінім ақиқат. Сөзі түйеден түскендей. Бірақ жөнін айтып тұр. Кімнің ішін өзі ашпаса кім білгендей... - Маңайдағылардан естіген шығарсың, Түркістан жаққа сапарламақ ниетіміз бар. - Сапарласақ сапарлайық. Сіздің соңыңыздан еруге мен қашанда дайынмын! - Жоқ, бұл жолы сен маған ермейсің, керісінше мен саған еруді ұйғарып отырмын... Сөздің мәнісін ұқпады ма, аңтарыла қарады. Онсыз да аласы молдау шегір көздері атыздай. - Түсінбедім... Сонда қалай, ағасы-ау?!. Ол тұтығыңқырап қалғанда Нияз мән-жайды түсіндіре бастады. - Шырағым, бекерден-бекер шақыртқан жоқпын. Апырақтамай әуелі жақсылап тыңдап ал. Сен қонақ күтудің жолын, ретін басқаларға қарағанда жақсы білесің. Ендеше бізді ұятқа қалдырмайтыныңа сенемін. Түркістанға тап ертең аттанасың. Жаныңа әлді жігіттерден оншақты серік ал. Малдан қам жеме, сол жақтан да табылады. Ағайындарға менің сәлемімді жеткізсең сойыстан кенде қылмайды. Түсіндің бе? Өмірзақ мән-жайдың байыбына енді барғандай басын изеді. - Біз ай толған шамада шығамыз. Қалған шаруа барғаннан соң байыпталар. Ал, жолдарың болғай! Өмірзақ енді бөгелмеді, басындағы тер сіңді ескілеу топысын бір жағына қисайта киген қалпында табалдырықтан әрі аттай берді. Уәделі мерзімде Нияз бастаған топ та атқа қонған. Ендігі сиықтары осы... - Ананы қараңдар?! Анау алда бұлдыраған «Қарашоқы» емес пе?! Әлдекімнің оқыстан шыр еткені топтағыларды елең еткізді. - Кәні? - Қайсысын айтасың? Ана белден аса көрінген биіктік пе? - Тап соның өзі! - Ұқсайтын сияқты... - Ұқсағаны несі-ей? «Қарашоқы» ғой! Ұзынынан сұлап жатқан жатысынан таныдым! - Пәлі! Нақ «Қарашоқы!» Қырағы-ақ екенсің өзің! - Е, аяқ астынан әріні көрмейтін сен деп отырмысың, қарайғанды қалт жібермейтіннің өзіміз біз деген. - Мақтанған түрін-ай... - Мақтанса мақтанатын жөні бар мұның. Бәрекелді, қырағылығыңа болайын сенің! Жігіттер бірін-бірі қағытпаға салып жатқанда Нияз жер қыртысын бағамдағандай жан-жағына қаранған. Сөйтсе шынымен де негізгі бағыттан сәл қиыстап кеткен екен. «Ештеңе етпес, бұл да бір сынақ», деді ішінен. Сөйтті де атын тебініп алға қарай оза берді.
2
Мына төбенің неліктен «Қарашоқы» атанғанын түсіне алар емес, басын жанына қисайта шөккен жалқы өркешті нарға көбірек келеді. Тек бір айырмашылығы, нарда жан болса, бұл жансыз тыншыған бір алып. Сұлбасына көзі үйренгеніне нешеме жылдың жүзі. Бала кезінде алғаш қауышқан. Содан бері жетпіс жылдай уақыт өтсе де міз бақпастан жатқан қалпы осы. Не биіктемейді, не аласармайды. Келгенді үнсіз қарсылап, кеткенді тілсіз шығарып салу пешенесіне бұйырған бір дүлей, әйтеуір. Сөйткенмен, олай-былай сапарлағандардың бәрі «Қарашоқыны» іздейтіні ақиқат. Кіре тартқандар да, бірлі-жарымды жолаушылар да алыстан төбесін көруге ынтықса, жақындағанда бауырына жасырынуға асық. Ынтығатыны - бағытынан жаңылыспағанын айыру арқылы ертеңіне деген үмітін үкілейді, асығатыны - қойнауындағы шоқ талдардан сая тауып, оның арасынан сылдырай ағар бұлақ көзі шөлін басарына сенгенінен. «Қарашоқының» және бір қасиеті бар. Жаугершілікте қарауыл қарауға таптырмайтын орын. Басына шықсаң айналаң алақандағыдай көрінеді. Ол жерден төрт құбылаңды толық бақылай аласың. Шаң көтерер қалың қол тұрмақ, андан-мыннан қылт еткенді көзің шалатынына имандай сенуіңе болады. Бұл қиын күндерде осында бекінген жасақ үшін артықшылық екені айтпаса да белгілі. Міне, сол төбенің етегіне іліккелі Нияз бастаған топтың жағдайы біршама жақсарып қалғандай. Аттар шөлін басып, жігіттер салқын суға беті-қолдарын шайысып жан шақырысыпты. Әр-әр тұстан естілген әзіл-қалжың, бей берекет даурықпа дауыстар мұны айғақтап тұр. Бұлақ басындағы майса үстіне ертоқымды жастана қисайған Нияз сәл қалғып кеткен екен, осының өзіне әжептәуір тыңайып қалғанын сезінді. Қол-аяғы жеңілдеп, денесі кәдімгідей ширағанын байқап жатыр. Сөйткенмен орнынан бірден тұрып кетуге асықпады. Сайдың тасындай сайыпқырандары тұрғанда ұсақ-түйекке араласуды жөн санамай керіле есінеп алды. «Пах, шіркін! - деді сонсын ішінен мағұрлана, - Мына «Қарашоқы» Сарыарқаның сыртта қалған бір пұшпағындай екен-ау!» Содан әріде есіне әлдене түскендей тал жапырақтары арасынан сығалаған шоқы басына жанарын қадады. Бұл төбенің алабөтен ерекшелігі өзге жоталардан еңселілігінде. Көшім-қонымы көп қазақ қашаннан бағыт-бағдар аужайын табиғат бедерлеріне қарап айқындап отырған. Сонда биіктікті әсіресе бағалай білген. Алыстан қара шалдырып, қашықтан сұлбасын қарайтарды көңілге қондырып, әспетке айналдыруы адамдардың ұшы-қиырсызда адаспасқа ден қойғанынан, алмағайыптық албарында айдай тірлікке ах ұра қарамауды қаперде ұстай білуінен. Заманалар бедерінде қозы көшті ғана айналсоқтамай, алыстарды еңсеруді білуі соның салдарынан. Болат ханның бұлар куә болар үлкен бас қосуға шақыртуы Түркістандағы үлкен хан тағында отырған әкесі Әбілмәмбеттің алысқа көз тігуінен, малды, жанды қазақтың ертеңгі қамын ойлағанынан деп бағалағаны орынды. Мұның тасасынан және бір шындықтың қылтиятыны күмәнсіз: талай жылдарға созылған жоңғарлармен талас-тартыс кезінде тапқан мен айырылғанның арасын әлі ешкім таразыға тартпағанымен, ұтылғанды қайтару, жағдай келіп тұрса еселеп алу ойы ешкімді бей-жай қалдырмаса керек-ті. Міне, соның күні енді туғандай. Ендеше, талпынбасаң өзге біреуге бұйырарды ебін тауып өзіңе қарай икемдесең кім айып тағар саған? Біле-білгенге бұл жеке бастың емес, қалың бұқараның несібесі. Ал, несібеден қарап тұрып айырылу есуастың еншісіне жазылар пешене. Бірақ, бұл үстем пиғылға іргеден көз алартқан Қытай не демекші? Олардың да бүлінгеннен бүлдіргі алып қалуға бар күшін салатыны анық қой. Қарап жатпайды, әрине. Көзін сүзіп үздігіп, қолын сұғып уыстап, әйтеуір бір қомақтыны қамтып қалуға, тақымына басып әкетуге барын салатыны күмән тудырмайтын жағдай. Олай болса, ата жұрттағылардың да бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару арқылы ұйымдаса қам жасап, неғұрлым тезірек жіліктің майлы басын ұстауға асыққандары дұрыс-ақ. Иә, сәт! Нияз Қытай әуселесін байқаған адам. Олар тап қазіргі таңда әлдекімге әлімжеттік жасауға, әлденеге бас-көз жоқ тарпа бас салуға құлықты емес. Ондайға түстікте аюдай қорбаңдаған орыс тұрғанда бармайды да. Аңысын аңдап, арғы-бергінің сарасын саралап барып қимыл-қозғалысқа көшетіні белгілі. Ендеше осы тынысты қазақтардың барынша пайдаланып қалғаны орынды. Аюды емексітіп, сол екі арада қара қытайдың көңілін басқа бір жылтырақпен алдай алса айы оңынан туатыны күмән тудырмаса керек. Бірақ, мұның бәрінің ықтияры бір адамның қолында, бәрін шешетін хан ие. Олай болса, Әбілмәмбет ханның өз ойлағаны бар шығар. Соған өміршеңдік тілеген абзал. Тілей отыра баласы Болат арқылы Әбілмәмбет ханның жан-жаққа ат шаптыруының басқа да мәні бар екенін түсінген ләзім. Әбілмәмбет Нияз секілді шау тартқан хан. Артынан жетіп отырған ұрпақтары, Құдайға шүкір, баршылық. Олар да қазір бір-бір биліктің тізгінін алақандарына сыйғызғандар. Түпкі нысананың сол балалардың біріне үлкен хандықты қалдыру ниетін байқататыны көрініп тұр. Несі айып, қалдырса қалдырсын. Әбілпейіз ондай құрметке лайық-ақ... Ойы осы тұсқа жеткенде жүрегі шым еткенін сезінді. Сонда арыстандай айбарлы, жолбарыстай қайратты, алдаспандай өткір Абылай қайда қалмақшы? Ол мына таңдаумен келісе қояр ма? Бір мүшелден сәл астам уақыт ілгерідегі оқиға мыйына сап етті. Онда Абылай Қалдан Сереннің тұтқынында болатын. Оны қапастан босату үшін мәмілегерлер тобы жасақталып, сол топтың басы болып Нияздың Қалмақ жеріне барғаны бар-ды. Обалы нешік, ел қонтайшысы қазақ өкілдерін тәп-тәуір қарсылады. Ас-судан кенде қылмай, ара-арасында ойын-сауықтың түр-түрін көрсетуді де ұмыт қалдырмады. Тек, бір назар аударатын жағдай, негізгі әңгімені тым сырғытпаға салғаны билік егесінің әлдебір жымысқы ойының бар екенін байқатқан. Ол сонда не? Жұмбақ түйіні көп өтпей шешілді. Үлкен қонақасы үстінде орын алған тосын оқиға жиналған жұртты елең еткізді. Ортаға ойқастай шыққан қалмақ жағының бір батыры: «Жекпе-жек! Жекпе-жек!» деп барылдай айқайлап, қылышын жалаңдата әрлі-бірлі жүгірді де, артынан қонтайшысының алдына барып басын ие, бір тізерлей отыра қалды. Мұны көргенде дастархан басындағылар қиқуласып, қазақтар түкке түсінбестен біріне-бірі қарасты. - Жекпе жекке шығатын батырларың болса шығарыңдар! Барлық мәселе батырлар шайқасынан кейін шешіледі! - деді сол кезде орынынан көтерілген қонтайшы жұрттың шуын баспаққа оң қолын жоғарыға көтере, миығынан күле жар салып, - Батырларың болмаса аман-есен тұрғандарыңда келген жақтарыңа қайта беріңдер, жан олжа, жолдарың ашық! Нияздың басына қан тепті. О заман мен бұ заманда мәмілегерлерді жекпе-жекке шақыру қай атаның қағидасына сыйған? Естісе құлағы керең боп қалсын! Дегенмен намысқа булықты. Мұндайды көргенше, мынадай қорлыққа төзгенше дәл осы жерде өліп кетсе болмас па! - Абылайдан жаным артық емес шығар, жекпе-жек десеңдер талаптарыңды қабылдадық! - деді ысқырына. Сонсын өзіне еріп келгендердің тоқтатпақ әрекеттеріне бой берместен сыртқа атылды. Нөкерлерінің бірі жетектеп әкелген атына қарғып мініп, тағы бірі жеткізген он екі бунақ найзаны білемдеген қалпында қарсыласына түйіле қарады. Анау да тас-түйін екен. - Ел менікі - алғашқы кезек те маған тиесілі! - деді сонадайдан бақыра. - Оныңа да көндік! Ымырт түскен шақ. Айнала қаракөлеңкелік құшағына кіріге бастаған шама. Бұлдыраң-құлдыраңның қарасы маңайды толық жайламағанымен құрық бойынан алыстау тұсты анық қалпында аңғару қиынның қиыны. Сөйткенмен, жанар өткірлігі жан сақтарға себепші. Сақтағанына да күмәнсіз. Аралық әжептәуір болғанымен шайқас алдында Нияздың байқап қалғаны - дұшпан батырының мінгені қара ала ат екен. Оның ақ түсті бөлігі қаракөлеңке шақтың өзінде сонадайдан қылаң беріп, қарсыластың қайдан құйыларын жариялап тұратыны анық-ақ. - Ал, бастаңдар! - деді дәл сол мезетте хабаршы жарлығын түсіріп. Соны құлағы шалуы мұң екен анау астындағы атын тебіне алға қарай шаба жөнелді. - Әруақ жар болғай! - деп тістенді Нияз қарсыдан төнген батырдың найзасын сол жағына ұстағанын аңдай, сол арқылы майдандасының солақай екенін болжап үлгеріп. Сондықтан шабуылшы қаруын сілтегенде барынша оңға қарай жалтара ығысуды және жадына тоқи. Найза ұшын мүмкіндігінше дарытпаудың амалы осы ғана еді. Бәрі көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Батыр ақыра жетіп, найзасын шаншуға түйілгенде бұл алдын ала болжағандай кілт бұғына, тақымын қысып үлгерген. Иесінің ыңғайын әбден алған жануар сол сәтте бір жағына бұлт етіп, қас пен көздің арасында нысана бағытынан жылыстап үлгерді. Соның нәтижесінде мұндайды күтпеген қарсыласы өз екпінімен арсы-гүрсі жағдайда артқа қарай суси берді. Бір шабуылдан аман қалғанына шүкірлік жасаған Нияз өз-өзіне келе артына мойнын бұрғанында ананың ызаға булыға қайта шабуға ниеттенгенін байқады. Байқады да: - Батыр болсаң сөзіңде тұр! Ендігі кезек менікі! - деп ақырып жіберді. Онымен қоса жекпе-жек куәгерлері де шу-шу етісті: - Мәрттік керек! - Сен кезегіңді өткердің! - Қатын болмасаң қайт бетіңнен! - Кезек қазақтікі! Қалмақ батырының енді тоқтамасқа амалы қалмады. Ол тізгінді алақанын қайысқа ысқыза күрт тартып, алғашқы екпінін тежеген соң сонадайдағы орнына атын ойқастата барды да, қасқайған қалпында шүйілер жауын күтіп тұра қалды. - Иә, сәт! Аллам жар болғай! - деді мұны көрген Нияз ішінен тәңіріне сыйына. Содан кейін дұшпанына белгісіз, өзіне ғана тән амалды қолданбаққа бекіне найза ұшын сәл төменге қарата атын тебініп, алға қарай шаба жөнелді. Шайқас тағы да аяқ астынан аяқталды. Дәл иықтың жоғарғы жағындағы торкөздің қайырма қабатының шор тігісіне қадалған қару әлеуетті қолдардың күшімен қарсыласты атынан аударып тастады. Жұрт ырду-дырду. Айналада айқай-сүрең: - Қазақ жеңді! - Әруақ! Әруақ!! - Анау айласын асырып кетті! - Қап, жер болғанымызды-ай, ә!.. Бұл кезде Нияз найза ұшын қалмақтың кеудесіне тіреп тұрған. Бірақ өлім қаруын ананың денесіне бойлатып сұғындыра алмады. Өйткені, келісім артын ойлаған. Абылай сұлтан солардың қолында тұтқында отырғанда шиеленісті өршіте беруге мүдделі емес еді. Қалмақтың күші тасыған һас батыры, дүлей дауылдай жас батыры дәл сол тұста пайғамбар жасына іліккен Нияздан неге жеңілді? Кейіннен бұл оқиғаны саралай келе аталық бір ғана түйінге жүгінді: көзсіз сенім де адамға опа алып бермейді екен. Сеніммен қоса сабыр мен салиқалық серіктесе қанатын жайуы керек екен. Сабыр толғам мен тоқтамға шақырса, салиқалық таным таразысын теңдеп, асығыстық пен астамдықтан пенде баласын қорғаштауға ниетті екен. Міне, осыларды жадыға түйгенде ғана адамзат астамдықтың құрбанына айналмайды, соқыр сенімнің жетегінде көзсіздік таныта селтеңдемейді. Біле-білгенге өмір дегенің – тұнып тұрған тәлім. Туғаннан өлгеніңше сол тәлімнің жемісін тересің. Тергенің тәтті ме, әлде құрт түскен бірдеңе ме, ол сенің парасат, пайымыңа сыйысқан. Егер ақылың пісіп, талғамың жетілсе опық жемейсің - оза жауып, бәйге басына шығасың, ал керісінше жағдайда өл де ғана бардың қатарын толықтырасың. Қазақ: «Бала бер, бала берсең оған сана бер, сана бермесең ала бер», деп құдайына жалбарынғанда ұрпағының саналы азамат болып өсуін Жаратқаннан егіліп отырып сұраған. Сұрағаны қабыл болғанына ұлан-байтақ жері, сол жерге лайық жаратылған дархан елі дәлел. Атпал жігіттері, ақылына көркі сай қыздары болмаса, бәріне бас-көздік жасар даналары тұрмаса жатар ма еді Нияз дәл бұлай бұлақ басында көкмайсада аунап, «Қарашоқының» биігіне сүйініп? Жатпас еді, тырағай тірліктің соңында сенделіп жүрер еді басар тауы мен тығылар қуысын таппай. Шүкір, бәріне шүкіршілік етеді – халқы сыйлады, соның арқасында хан болмаса да ханмен иықтасар Аталық дәрежесіне жетті. Бұл дәреже хан жоқ жерде оның орнын басар мансапты қолына ұстатты. Ташкенде, Түркістанда бірнеше жыл билік жүргізгені содан. Ел билігін қолына ала отырып жақынды жарылқады, алысқа айбар бола білді. Орыс елшілерімен бәтуәласуда табандылық танытты, қытай жағынан келгендерге және есесін жібермеді. Сұс көрсететін тұста сұсын танытты, сұғын сұғар жерде және аянып қалмады. Күле отырып күлше тәттісін өзіне қарай тарта білді. Қалмақ қонтайшысымен де біраз тақым қажасты. Ақыры мынау – бұл туған топырағында аунап-қунап жатыр, ал ол жоғалып тынған. Елі арқа еті арша, борбай еті борша болып, мойны ырғай, биті торғай жұрты тұрымтай тұста тұрақ таппай сандалып кеткен. Ағайыны бір басқа, төрт әйелі төрт орда, кіндігінен тараған жеті бала жеті қауым ел. Немере, шөберелері де атқа қонса дұшпанын дірдектетер қол, арқа төсін жайлай отырса күпсінгеннің қабырғасын күтірлетер айбар болып жетілген. Бұдан артық нені көксегендейсің, Жаратқаннан нені тілегендейсің. Қанағат!
3
Салбырап түн түсті. Аулақтан түлкінің әупілі естіле бастады. Оған және бір қиырдан шибөрінің аш өзекті солқ еткізер ыңырсығы қосылып, тәуліктің қай шамасында да дала тіршілігінің толас таппайтынын жариялай бастаған тұста жоғарыға алтын қайығын тербелтіп ай көтерілді. Сол-ақ екен көзге түткісіз айнала соқыр қараңғылықтан арылып, жұлдызды аспан асты мол жамылған шәйі орамалын сыпырып тастаған қыздай түрленіп сала берді. Енді от айналасы тұрмақ құлын кісінесі естілер маңай қара-құраңын жайып, кемпір аяғы жетер алқап сұлбасын нақтылап шыға келді. - Айдың сүттей жарығын-ай! - деді осы кезде Ақтайлақ батыр қандай сапарда да белінен тастамайтын қайқы қылышын қынымен қоса жанына сырғыта беріп. Осыны байқап қалған Итқара батыр мырс етті. - Қараңғыда қара айырар бөрің боламын деп жалаңдатып, басқаның құтын қашырар ызбарыңды қайда итердің, бауырым-ау? - деді содан әріде қуақылана, - Қылышыңды шешкеніңе қарағанда сыпыра төнердің құла түзде кездеспейтініне енді ғана көзің жеткені-ау, ә? Енді Ақтайлақ езу тартты. - Жоға-а-а, бауырым, мен қылыш асынсам арғымақтың екі аттарының арасында саған көз алартар біреу тұрмасын деген сақтықтан асынамын. Ендеше, өзімді ойлап емес, сенің қамыңа алаңдағанымнан сөйтуге мәжбүрмін. Ал, қазір қаруымды шешкенім ағам отырғанда әзірейілдің өзі бұл арадан безе қашатынына сенгенімнен. Ағасы барда інінің тынысы ашық, тірлігі бейқам. Солай ғой, ә, аға? Ол қолдау күткендей ағасына қарады. Бірақ Нияз не құптағанын, не құптамағанын білдірместен үнсіз отыра берді. Соны пайдаланған Итқара сөзін ширатты: - Бәсе деймін де, жауға шапқанда алпамсадай дене мен сырықтай бойына, сол бойда бұлқынған күшіне сенетін шығар деп түйетінмін ойымды. Сондайда сен қылышыңа сенгенде мен қатты ұялушы едім, жұрт алдында енді қалай ақтап алармын деп. Ақыры беліңнен қаруың түскенде қандай екенсің, көрейінші, кәне тұра қойшы орыныңнан? Басқалар да байқасын түрінен қалмақ ыққан сабаздың еңсесін, тұршы енді? Қалжың бетін қалжыңмен ғана қайтарарын түсінген Ақтайлақ орнынан лып етіп көтерілді. Сол бетінде асқан шапшаңдықпен қылышын бір қолына іліп алған екен. - Ал, енді не айтқандайсың? Итқара мына қылыққа қарқылдай күлді. - Ту-у, қалмақтың зәре құты қашса қашқандай бар екенсің-ау! Әне, ананы қараңдар, алдаспаны тағы қолында тұр. Сірә сен шеше құрсағынан кездік ұстап туған шығарсың-ақ... - Е-е, кездік ұстайын, кесек ұстайын, әйтеуір түбтің түбінде намысқа шабатынымды біліп туғаным анық екеніне көзім баяғыда жеткен. Солай ғой, бауырларым! Мына ойынға құрылған тәжікені тамашалағандар ду-ду етісті. - Әлбетте, ағасы! - Оған сөз бар ма! - Кездік қана емес, дырау қамшы ұстап туғандар да бар ғой арамызда. Сол дыраудың таңбасын сезінгендер оның табын өмір бойы ұмыта алмай жүрген шығар, зар илеп. Мұны айтқанның кімді меңзегенін бірден ұққан маңайдағылар жапақ-жапақ Ниязға қарасып, әріде сөз ауанын қайтадан өз арнасына түсіруге тырысты. - Ұл тудым деп қалжа жеген анамыздың сенімін ақтамасақ кім болғанымыз! - Иә, иә, қашанда ерді - намыс, қоянды - қамыс өлтірген! Айдалада ермек қуғандар осымен бәрі тоқтар деп үміттенген. Алайда қысыр сөздің ошағына әлдекім тамыздық тастап жіберді: - Жарайды, ерді намыс өлтірсін, сонда бұлықсыған аруды не өлтірмек, оны да айта кетсеңдерші? - Пәлі, мына сұңғылаң қайда бастады ей... - Соны да білмеймісің? Әй, сен де... Бұлықсығанды бұла күш иесі өлтірмеген, бұлқындырған. Әріде... Ана жігіт анайылықтың айналасына қарай ойысқанын түсініп тілін тістей қойғанда Итқара: - Бәрекелді, өзіңнен де, сөзіңнен де садағаң кетейін! - деп орнынан атып тұрған бойы Ақтайлақты құшақтай алды. Екеуі төс түйістіргенде ырду-дырду да сап тыйылып, айнала қайтадан тыныштық құшағында мүлгіген. Нияз ойланып кеткен. Әлгінде айтылған «Кездік қана емес, арамызда дырау қамшы ұстай туғандар да бар ғой», деген ишараның өзіне бағытталғанын ол түсінген, түсінген де жылдар тасасына жасырына бастаған сол оқиғаны қайтадан есіне алған. Ташкентті басқарып тұрған шама болатын. Құлағына жеткен бұқара зары үзеңгіге аяқ салмасына қоймады. Жан-жақтан ағылған саудагерлер халықты алдап қана қоймай, оларға зорлық-зомбылық көрсетуге көшіпті. Осыдан қан қақсағандардың шырылын естіп, көз жасын көріп отыру мүмкін емес еді. Қасына жасақ ертпей жалғыз барған. Құрметіне сай шапан-шақпытын да иығына ілмеген. Содан да шығар, ылғый бір иненің көзінен өтердей жылпостар сөзіне мән бермек түгілі, өзін сайқымазаққа айналдырып, ашуына қатты тигені. Шын ашуланды. Бойын долылық қысты. Жәй саудагер түгілі алдына келсе именшіктей беретін шен-шекпенділер көзіне тік қарамайтын жанға мына шектен шыққандық тым ауыр тиеді екен. Бар қаруы – қолындағы дойыр қамшысының тобылғы сабын алақанында қысудай қысып бақты. Аналар болатын емес. - Аты жақсы екен. Мынаған мінсем тақымымнан түсіп қалмас, ә? Қалай ойлайсыңдар, мына жануардың үстінде бекзаттардан айнымай қалмаймын ба!? - деп бірі даурықса, енді бірі: - Сақалынан тартсам саудырай құлайтын сияқты. Тартайын ба? - деп тырқылдай күледі. Оны және біруі қолдап жатыр: - Байқа, майып етіп, құнына қалып жүрме... - Е, мұның құны қанша дейсің? Азар болса бір шыны аяқ шайдай шығар. Бердім сол шайлық құнды! - Ха-ха-ха! - Еһ-еһ-еһ... Қаны басына шаба қалш-қалш етті. Сонсын ендігі төзімнің опа алып бермесін түсініп, атын тебініп қалды. Жат десең жатып, қат десең қата қалатын қарапайымдармен тәжікелесіп, соларға ғана тізе батырып үйренген өңшең топастар мына ағын селдей домалатар, адуын желдей жапырар дүлейдің қайдан пайда болғанын білмей қуыс-қуысқа тығылмаққа тырағайлағандарында бәрін иіре айдап, қойдай қуып жүріп сабаған. Оған жасынан әдетіне айналып, бала кезінен тірлігіне серік болған қамшыгерлігі септескен. Аналардың бірі сай-сүйекті сырқыратардай сарнап, бірінің құлындағы дауысы құраққа шыға шыңғырып жатқанда ғайыптан пайда болғандай бауырлары жеткен алқын-жұлқын. Енді олар кіріскен мипалауға. Енді айнала азан-қазан күңіреністе жаңғырығып кеткен. Осының бәрін сонадайдан бақылаған қара халықтың айызы бір қанғандай еді. Олар ішінен «Сауап! Сауап!» деп тұрған-ды. Бәрі біткенде өмірем қапқырлар жер бауырлай келіп аяғына жығылған, кебісін сүйіп кешірім сұраған. Халыққа бұдан былайда титтей де қиянат жасамайтындарына ант су ішкен. Ол да бір кезең екен-ау! Бауырларына Нияз бек разы. Осы жасқа жеткенінше қиындықта да, қуанышта да жанынан табылып, абыройын асқақтатып келеді. Көз алартқанға айбар, күш көрсетуге тырысқандарға қалқан. Олар барда өзіне атса жебе жетпейтінін, шапса қылыш өтпейтінін біледі. Білгеннен кейін ғой артына алаңдамай, тек алдына ғана қарайтыны. Қиянат бар жерде «қырық пышақтық» өре жүретінін әбден түсінген. Олай болатыны, пенде атаулы алдап-арбауға көнгенімен, ашық қиястыққа ешқашан төзбеген. Намыстысы намысқа шапқан, боркемігінің өзі тістеп қалуға жанталасқан. Қарсыласқанын қыршып алса соны олжа тұтқан. Ендеше, қысымды қысыммен басам деп күпіну ағаттық. Дегенмен, тіршілік үстінде күшті күшпен қайтармасаң құрақтағы бақаның басыңа шығып алып тайраңдауға ниет танытатын кездері де кездеседі. Оны да көрген мына көз. Сол Ташкентті басқарып тұрған шағында, сайран Сарыарқаға қарай көңілі ауа бергеннен соң, қым-қуыт тірліктен аздап тыныстай тұрмаққа ниет етіп, елге қарай сырғуға мұрсат тапқан. Орынтағына Әлдеберлінің тағайындалуына ықпал жасаған да өзі болатын. Бірақ, туған топырақта ұзақ бөгеле алмады. Жарты жыл өтер-өтпесте, келесі көктем туар шамада, артынан жағымсыз хабар жетіп, қайтадан ерге қонуға тура келді. Өзі топ бастап, бауырлары Итқара мен Құлғара қол бастап оңтүстікке тартып, суыт жүрістің арқасында апта ішінде Түркістанға ат шалдырған. Сонда естіді: Әлдеберліні дұшпандары у беріп өлтіргенге ұқсайды. Сөйтіп есіл ер майдан даласында қозы жаурын жебеден, немесе алмастай өткір алдаспаннан, әйтпесе білте мылтықтың құмалақтай қорғасынынан емес, тұмша жамылған әлдебір жымысқының жылмың қарекетінен қаза тауыпты. Өкінішті-ақ! Мұны естігенде Нияз тісін шақыр-шұқыр қайраған. Соңынан ергендер де қалш-қалш етіп, алдында қамал тұрса қайтпай шабар өшпенділіктің өртін жаққан. Бір күн Түркістанда бөгеліп, онда ат ауыстыра қайта жолға шыққанда Итқара: - Ол сарттарды ма, ол сарттарды өз қолыммен лақша бақыртып бауыздармын! – деп тістенгенде, Құлғара да: - Қатын тірліктің тасасында кім тұрса да аямаспын, тек жетіп алайықшы! – деп қатты кіжінген. Ақыры солай болды да. Шаһарды сырт айналдыра тұрғызылған қамал қақпасының алдына жеткенде бұларды ешкім ішке өткізуге асықпады. Хабар салғанда әуелгіде жым-жырт қалғандар әндем шамада бұйрықтың солай түскенін, Ташкент басшысынсыз қақпаны аша алмайтындарын мәлім етті. Мынаны естігенде қос батыр қайта қаһарына мінді. - Не тұрыс? Шабайық! – деді Құлғара қызбаланып. - Мынадай қорлыққа төзгенше өлгеніміз артық, шапсақ шабайық! – деп қуаттады оның ойын Итқара да кіжініп. Басу айтқан Нияз. - Қан төгіледі, - деді ол бауырларын сабырға шақыра, - оның соңы жақсылыққа апармайды, халықты бостан-босқа дүрлігіске салып қоямыз. Артын бағайық. Бағысты. Шаһардың шын басшысы келіп тұрғанын естіген іштегілер енді шын қарбаласқа кірді. Сүргін дабылы сырттағылардың құлағына анық жете бастады. Әрілі-берлі шапқандардың қарасы молайған сайын айқай-шу да қоюлана түсті. Арада тоқты еті пісер шамада сықырлай ашыла бастаған қақпадан әуелі майы сырқа шыққан жылтыр бас қалқайды да, артынша домалаңдаған әлдекім ала шапанының етегіне сүріне бері қарай жүгіре басып келе жатты. Бірден таныды - кезінде Ниязға, Нияз Арқаға қарай жылжығанда Әлдеберліге көмекші боп қалған сабаздың нағыз өзі. Түркістанға тоқтағанда естіген, шаһардың ендігі басшысы мен деп өзін-өзі жариялап алған ақымақ Ысмайыл әка. - Мына әкаңда иман жоқ шығар, - деді мына көрініске жиіркенішпен қараған әлдекім. Оны екінші, үшінші сарбаздар қолдай жөнелісті: - Лауазымға құл болған адамда иман қалушы ма еді! - Бұлар сүй десең ұялмай артыңнан сүйер!.. - Намыс болмаған соң сүйтеді де. - Е-е, намысы болса жауға шаппай ма, жылы қуысқа тығылмай! Ысмайыл домалаңдай жете беріп, ат үстіндегі Нияздың қолын сүюге солай бұрылғанда ерден қарғып түскен Құлғара оның ербеңдеген қолынан шап беріп ұстай алып, шыр айналдыра жүзін сыртқа бұрып әкеткенде, екінші қапталдан лып етіп жеткен Итқара болат кездігін оның іш тұсына сүңгітіп-ақ жібергені. Не болғанын түсінбеген анау біресе адамдарға, біресе қадалған қанжарға таңдана қарап, артынша шыңғырып жібергенде бұдан әрі қинағысы келмеді ме, әлде ит өлімді енді тамашалаудан жерінді ме, Құлғара қылышымен қылқа мойыннан шауып жіберді. Сонсын топыраққа домалай түскен баста шаруасы жоқтай атына қарай аяңдай берді. Иә, «Құлғарасы құшақтап, Итқарасы пышақтап» деген сөз ел арасына осы оқиғадан кейін тарап кеткен еді.
4
Шырт ұйқыдан әлденеден секем ала оянды. Үнсіз жатып сырттан тың тыңдаған. Маңайды құлаққа ұрған танадай тыныштық жайлап тұр екен. Сонда түйсігі алдаған ба? Жоқ, алдамапты. Былғарыдан тігілген мәсісін шешпей қисайған. Сол тұстан бірдеңе жорғалап, бері қарай көтеріліп келе жатқаны байқалады. Түн баласында тыныштық таппаған бұл қандай бәтшағар болды екен, ә?.. Демін ішіне тартты. Созалаңдағанына, иректей салғанына қарағанда жыланға ұқсайды. Шөлейттің кәдімгі оқ жыланына келеді. Бірақ, қимылында әлдеқайда асыққан шапшаңдықтан гөрі жалқаулық, оның бергі жағында керенаулық басымд