ҚР СІМ баспасөз қызметінің жетекшісі Әнуар Жайнақов Бахрейнде жоғалып кеткен қазақстандық Тагина Хайтметованың табылғаны туралы мәлімдеді, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
24 жастағы Тагина Хайметова 27 шілде күні Астанадан Дубайға, сол жерден Бахрейнге бет алған. Қыздың ата-анасы 29-шілде күні қыздарымен байланыс үзілген соң қазақстандық дипломаттардан іздестіруін сұрап, көмекке жүгінген еді.
«Ол Қазақстанға өз бетімен келді және қазіргі уақытта туыстарының жанында. Оның ата-анасы бізге хабарласып, жағдайының жақсы екенін, тек жақындарының қолдауына мұқтаж екенін айтты. Тагина айтарлықтай психологиялық соққы алған және өзге адамдармен тілдесуге дайын емес. Сондықтан әзірге оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр», – деді Ә.Жайнақов.
Жайнақовтың айтуынша, ҚР Сыртқы істер министрлігі зардап шеккен қыздың шешіміне байланысты әрекет етеді.
Айта кетейік, тамыз айының басында қыздарының жоғалып кеткенін айтқан Тагина Хайтметованың ата-анасы Сыртқы істер министрлігіне жүгінді. 27 шілде күні Тагина Астанадан Дубайға ұшқан және сол жақтан Бахрейнге аттанған. Екі күн өткен соң туыстары қызбен байланысты жоғалтқан.
Пікір қалдыру