Астанада әлемдік опера жұлдыздарының Гала-концерті өтеді

/uploads/thumbnail/20170808100122325_small.jpg

2017 жылғы 11 тамызда сағ. 19.00-де «Қазақстан» орталық концерт залында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің, Астана қаласы әкімдігі мен Ермек Серкебаев атындағы мәдениетті және өнерді қолдау қорының қолдауымен ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесінің аясында «Ермек Серкебаевқа арналады» атты әлемдік опера жұлдыздарының Гала-концерті өтеді деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

Гала-концерт атақты қазақстандық әнші, КСРО халық артисі, КСРО және ҚазКСР Мемлекеттік сыйлықтарының иегері, Социалистік Еңбек Ері Ермек Серкебаевты еске алу мақсатында ұйымдастырылып отыр.

Құрамы бойынша айрықша болып табылатын бұл концертке әлемге танымал әншілер өнер көрсетеді, оның ішінде әлемнің үздік бас дауыс иесі, Грэмми сыйлығының екі дүркін иегері, Метрополитен-опера (Нью-Йорк), Мариин театры мен Париж операсының солисі Ильдар Абдразаков, Мариин театрының солисі, Opera Awards (Лондон қ.) сыйлығының лауреаты Асмик Григорян, Үлкен театрдың жетекші солисі, Пласидо Домингоның «Опералия - 2016» конкурсының жеңімпазы Богдан Волков, Үлкен театрдың жетекші солисі Игорь Головатенко, Мариин театрының солисі Сергей Скороходов, Мәскеулік «Новая Опера»  театрының солисі Алексей Татаринцев, Үлкен театрдың солисі  Агунда Кулаева, «Астана Опера» театрының жетекші солистері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткерлері Сүндет Байғожин, Салтанат Ахметова, Астана қаласы Мемлекеттік академиялық филармониясының солисі Азамат Жылтыркөзов.

Ермек Серкебаевты еске алу кешінде әлемдік опера классикасының жауһарлары, Дж. Россини, Дж. Верди, Ш.Гуно, А.П. Бородин, К. Сен-Санс, Ж. Бизе, П.И. Чайковский, А. Дворжак, Г. Доницетти, Дж. Пуччини, А.Қ. Жұбанов, Л. Хамиди операларынан ариялар шырқалатын болады.

Концертке Ресейдің еңбек сіңірген артисі, Татарстанның халық артисі Ренат Салаватовтың жетекшілігімен «Астана Опера» театрының симфониялық оркестрі қатысады. Кештің қоюшы режиссері, әлемдік опера, театр және концерттік шоулардың үздік және жарқын режиссерларының бірі  Василий Бархатов болмақ. Арнайы осы концерт үшін айрықша декорациялар мен бейнеконтент құрылды. 

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар