Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев АШМ бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғановты сынның астына алды, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Тengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Премьер-министр аймақтарда жұмысқа қамту бағдарламасының жүзеге асырылуы не себепті тым төмен екендігін сұрады. Айтуғановтың айтуынша, бағдарлама 5 ауданда 60%-дан астам жүзеге асырылған. Сағынтаев Қайрат Айтуғановқа сұрақ қойған кезде, ол өзінің мәлімдемесін оқып болып орнына жайғаса кеткен.
«Қайрат Капарович, мен сізге сұрақ қойдым, сіз залды айналып жүрсіз. Жақсы, ендеше, орныңызда отырып жауап беріңіз», – деді премьер-министр.
Қайрат Айтуғановтың айтуынша, бағдарламаларды іске асыру үшін қаражат тек мамыр айында келіп түскен. Алайда вице-министрдің бұл жауабына қанағаттанбаған Сағынтаев: «Ақшаның қашан түскендігін сұрап тұрғаным жоқ. Себебі неде? Жамбыл облысында бар-жоғы 40% және Маңғыстау облысында нөл. Мұның себебін анықтадыңыздар ма?» – деп сөзін бөліп тастады.
Белгілі болғандай, Маңғыстау облысында агроөнеркәсіпті несиелендіру филиалдары жоқ, сол себепті де кәсіпкерлер Атырауға баруға мәжбүр екен.
«Ол жаққа адамдарды Астанадан іссапармен жіберген оңай емес пе? Не себепті Маңғыстау облысынан барлығын Атырауға жіберу қажет? Бұл, тіпті, мүмкін емес жағдай. Адамдарды дұрыстап бөле алмайсыздар», – деп Сағынтаев АШМ вице-министрінің жұмысын сынға алды.
«Шығыста біздің тарапымыздың адамдары дұрыс жұмыс атқармағандықтан, директорлар мен олардың орынбасарларын ауыстырдық. Оларды жұмыстан шығарып, қазір ол жақта төраға орынбасары мен несие бөлімінің басшысы жұмыс істеп жатыр. Ақмола облысында ешқандай мәселе болмайды. СҚО-да да Агроөнеркәсіптік несие корпорациясына жаңа директор тағайындадық, қазір ол барынша жұмыс істеуде», – деп жауап берді Қайрат Айтуғанов.
«Демек, сендердің жұмыскерлерің біз талап ететін салада дұрыс іс атқара алмайтын адамдар ма? Кім көрінгенді жұмысқа ала бересіңдер» – деп Бақытжан Сағынтаев біраз сынның астына алып, бұл мәселені түбегейлі шешуді тапсырды.
Пікір қалдыру