"Атом" жобасының елшісі Кәріпбек Күйіковтың «Радиация» атты көрмесі ашылады

/uploads/thumbnail/20170808144139047_small.png

2017 жылғы 9 тамыз сағат 11.00-де Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде қазақстандық суретші Кәріпбек Күйіковтың «Радиация» атты көрмесі ашылады. Ол – әлемдегі антиядролық қозғалыстың белсендісі, Қазақстанның бастамашылығымен құрылған халықаралық «Атом» жобасының құрметті елшісі, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі ҚР Ұлттық мұражайының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Көрмені Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Ұлттық музеймен бірлесіп ұйымдастыруда.

Қарағандылық суретші  Кәріпбек Күйіков Қазақстандағы антиядролық ұстанымын насихаттап, бүкіл әлемге ерекше талантымен танылған тұлға.

Кәріпбек Күйіков Қарағанды облысындағы Семей ядролық полигонынан зардап шеккен Егіндібұлақ ауылында дүниеге келді. Сол себепті қолы жоқ боп туған. Оның сурет салуы да өзгеше. Қылқаламды тісімен тістеп, кейде аяғының башпайлары арқылы туындыларын бейнелейді.

Оның маңызды туындысы «Алғашқы жарылыс» деп аталады. Жантүршіктірер ядро саңырауқұлағы айналасындағы даланы күйдіріп аспанға көтеріліп барады, аспан болса қап-қара, жұлдыздар суық... Осылайша Кәріпбек Күйіков өзінің суретшілікке деген қабілетін түсінді.

Кәріпбек Күйіков Америка, Жапония, Германияның жеке және мемлекеттік коллекцияларына қойылған. Оның көрмелері Жапонияда, АҚШ, Германия, Түркия, Қытай және Қазақстанда ұйымдастырылды. Кәріпбектің көркем туындыларының басты тақырыбы ядролық қарудың адамзатқа келтірер қатерімен байланысты.

Қазақтан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2016 жылы ядролық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық самитте АҚШ Президенті Барак Обамамен кездескен кезінде оған  К. Күйіковтың «Жарылыс» деген картинасын сыйға тартқан болатын. 

Көрменің ашылу салтанатына еліміздің танымал саясат және қоғам қайраткерлері, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің, халықаралық  «Невада-Семей» қоғамдық қозғалысының өкілдері қатысады. 

Көрме суретші шығармашылығына ешкімді немқұрайлы қалдырмайды деп сенеміз.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар