2017 жылғы 10 тамыз, бейсенбі күні Астанада Түркия ұлттық күні аталып өтеді. Бұл күні ЭКСПО көрмесінің аумағы қызыл және ақ түстерге боялып, түрік халқының бай мәдениетінің лебі сезілетін болады деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің Медиа-Орталығының ресми сайтына сілтеме жасай отырып.
Түркия ұлттық күнінің салтанатты ашылу рәсіміне Түркия Республикасының Экономика министрі Нихат Зейбекджи мырза және Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрі Қасымбек Жеңіс Махмұдұлы қатысады.
Түркия «Астана ЭКСПО 2017» көрмесінің дәстүріне айналған және барлық қатысушы мемлекеттер үшін өткізілетін ұлттық күнге қатысуға дайын.
Қазақстан мен басқа да қатысушы елдер өкілдерінің қатысуымен өтетін дәстүрлі түрік таңғы асынан кейін ЭКСПО ұлттық сахнасында сағат 11.00-де өткізілетін ашылу салтанатымен бірге, Түркия павильонында және жалпы ЭКСПО көрмесінде түрлі іс-шаралар жалғасын табатын болады. Ашылу салтанатында Түркия Республикасы және Қазақстан Республикасының атынан қатысып отырған министрлер, мемлекеттік қызметкерлер, басқа елдердің өкілдері, кәсіпкерлер және БАҚ өкілдері қатысатын болады. Екі елдің әнұраны айтылғаннан кейін, Түркия Республикасының Экономика министрі Нихат Зейбекджи мырза және Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрі Қасымбек Жеңіс Махмұдұлы ашылу салтанатына байланысты сөз сөйлейтін болады.
Ашылу салтанатынан кейін, Вейсель Челикдемир халқымыздың құндылықтарын паш ететін құм шоуымен сахнада өнер көрсетеді. Ал, «Анатолия оттары» би тобы «Хорон» биін билеп, осы арқылы Анатолия халқының бай мәдениеті мен күш-қуатын көрсететін болады.
Ашылу салтанатының соңында, «Мехтеран» Түрік әскери оркестірінің парады өтеді. Көрермендерге мыңдаған гүл шоқтары мен Түркия жалаушалары беріліп, ЭКСПО көрмесінің аумағы қызыл және ақ түстерге боялады.
Күні бойы өтетін осы іс-шаралардың шеңберінде, Expo EnergyHall сахнасында сағат 17:00-де түрік өнер майталмандары қонақтарды өз өнерлерімен тамсандыратын болады. Профессор Эрол Парлак және Синан Аййылдыздың орындауында халық әндері шырқалады. Аталмыш іс-шара Қазақстан тыңдармандарына танымал әнші Бурактың концертімен жалғасатын болады.
Energy Hall сахнасындағы концерт, «Анатолия оттары» би тобының керемет билерімен тәмамдалатын болады.
Таусылмайтын энергия
«Астана ЭКСПО 2017» сахналары мен аумағындағы концерттерден бөлек, Түркия павильонында да бірқатар іс-шаралар өткізіледі. Келген қонақтар павильонның ішінде және сыртында болып жатқан іс-шараларға қатыса алады, сондай-ақ әсер, би және әндерге толы ұзақ уақыт бойы ұмытылмайтын күн өткізіп, түрік қолөнер шеберлерінің туындыларымен танысып, осы күнге орай дайындалған сыйлықтарға ие болып, түрік дәмді тағамдарынан ауыз тиетін болады.
Түрік экспорттаушыларының қолдауымен қонақтарға жаңғақтар, кептірілген жемістер, баклава, рахатлукум, кәмпит, балмұздақ, ұннан жасалған кондитерлік өнімдер, апельсиннен жасалған сусындар, макарон өнімдері, булгур және зәйтүн майы негізіндегі дайындалған тағамдар ұсынылады.
Өте үлкен тосын сый: Жаужүрек Ертұғырыл – Түркия павильонында...
Шетелде де, Қазақстанда да көрермендердің зор ықыласына бөленген «Ертұғрыл» телехикаясының табысты актерлері Нуреттин Сонмез (Бамсы Бейрек), Дженгиз Джошкун (Тургут Альп) және продюсер Мехмет Боздаг, Түркия павильонының көрермендерімен кездесіп, интервью барысында көрермендердің барлығына өз қолтаңбасын қалдыратын болады.
Пікір қалдыру