«Қазақстан» Ұлттық арнасында қоғамдық мәселелерді талқылап, түйінін іздейтін бағдарламалардың бірі «Айтуға оңай» аяқталды деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Тамыздың соңына дейін қайталаулар беріледі. Бұл туралы бағдарлама жүргізушісі, журналист Бейсен Құранбек өзінің Фейсбуктегі парақшасында мәлімдеді.
«Бес жылдың ішінде қоғамдағы қордаланған проблемалар, қиюы кетіп тұрған әлеуметтік-тұрмыстық мәселелер, талайлы тағдырлар туралы айтудай-ақ айттық. Жәй ғана айтып қоймай, қолдан келгенше сүрінгенге – сүйеу, жығылғанға – жастық болдық.
Осылай жалғастыра берсек те болатын еді. Қалыптасқан елдің көңілінен орын тапқан бренд, форматты ары қарай да қолдана беруге болатын еді. Бірақ әр нәрсенің уақыты бар, әр нәрсенің өлшемі бар. Одан кейін қайталау, ұсақталу, кері кету басталатыны белгілі.
Жеке өзім үшін де бұл шешім оңайға түскен жоқ. Құдай өмір берсе, сағынышпен ескен алатын бір кезең артта қалып барады. Мен үшін «Айтуға оңай» – үйрену, өсу, қызмет ету мектебі болды. Көп нәрсе жазғым келеді. Ол енді мақтандай қабылдануы мүмкін екенін ескеріп, қоя-қойған жөн болар», – деп жазды журналист.
Сондай-ақ, осы жобаны өмірге әкелген, ұжымға сенім білдірген азаматтар мен азаматшаларға, «Қазақстан» телерадиокорпарациясының басшылығына алғысын білдіріп, «Ұлттық арнаның» жаңғыру кезеңіне әлі де үлесін қосатынын айтты.
Пікір қалдыру