Мосулды ДАИШ әскерлерінен азат ету соғысы қаланы қиратып, мыңдаған адамның өмірін жалмады, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
9 айға жалғасқан соғыстың аяқталғанына қарамастан, Мосул гуманитарлық дағдарысты бастан кешуде. Зардап шеккен адамдардың саны 10 мыңға жуықтап қалды. 2016 жылдың қазанында қаланы әскерлерден азат ету операциясы басталған шақтан бастап миллионға жуық тұрғын өз үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды.
Аудандар мен көшелердің астаң-кестеңі шықты, бомбалардың жарылуы салдарынан үйінділердің астында қалған адамдар әлі де бар.
Спутник арқылы суретті ақпаратқа сәйкес, мыңдаған үйлер мен 100 шақырымдай жолдар түгелдей қиратылған. Қаланың үлкен бөлігі үйіндіге айналды.

БҰҰ Мосулды қайта оңалту операциясын 1 млрд. долларға бағалап отыр. Әрі ұзақ жылдар кететінін айтты. Ұйым мәліметтеріне сәйкес, соғыс салдарынан Мосулдың бар ауданы зардап шекті. Шілде айында азат болған қаланың батысындағы 54 ауданның 15-і толығымен қирап, өмір сүруге жарамсыз деп танылған.
Соғыс барысында үйлеріне жасырынып, аман қалған тұрғындар да болды. Олар жаралы күйде табылды. Жергілікті журналистер аман қалған тұрғындармен тілдесіп көрген. Арасында 10 жастағы Амира да бар. Жарылғыш заттың салдарынан Амираның анасы қайтыс болды, ал қыздың аяғы жарақаттанды.

«Мен анамнан көмек сұрадым, айқайладым, бірақ ол жауап бермеді. Мен де қозғала алмадым». Жарылыс болған жерде Амира үш күн бойы жатқан.
«Тамақ та, су да болған жоқ. Үш күн бойы жыладым, көмекке шақырдым, бірақ мені ешкім естімеді. Жанымда үнсіз жатқан анамның қайтыс болып кеткенін де білген жоқпын», – деді Амира. Бүгінде Амира ауруханада емделіп жатыр. Туыстары мен әкесінің қайда екені белгісіз.

Ән Нури мешіті, 2014 жылдың шілдесі

Ән Нури мешіті, 2017 жылдың шілдесі

Әл Хадба мұнарасы, 2017 жыл, 20 шілде

Әл Хадба мұнарасы, 20017 жыл, 22 шілде

2015 жыл, қараша - 2017 жыл, шілде
Ирак Қауіпсіздік күштері қаланы толық бақылауға алған соң билік мегаполисті қайта тірілту жұмыстарына кірісіп кеткен. Алайда бұл – үлкен мәселе, себебі Мосулдың батыс бөлігі қайта жөндеуге келмейді.
Қайта қалпына келтіру ұзақ жылдар мен бірнеше миллиард долларды талап етеді. Ал әзірге Ирак билігі қаланы қауіпсіздендіру жұмыстарымен айналысуда.