Швейцария Конфедерацияның президенті Дорис Лойтхард «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында Швейцарияның ұлттық күнін атап өту шараларына қатысты деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Болашақ энергиясы» тақырыбымен өтіп жатқан «ЭКСПО-2017» көрмесі әлемде тұрақты болашақты құруда негіз бола алады. Осы орайда энергияны, таза экологияны қаматамасыз ету аса өзектілікке ие. Бұл бағытта «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізу әлемдік қоғамдастық үшін маңызды деп сеніммен айта аламыз. Осында алдағы уақытта да жаңа технологиямызды ары қарай да кеңінен таныстыруға мүмкіндік бар, себебі бүгінде Қазақстан мен Швейцария арасында тұрақты ынтымақтастық орнаған», – деді Лойтхард.

Өз кезегінде ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов аталған елден келген делегацияның сапары Қазақстан мен Швейцарияның арасындағы дипломатиялық қатынастардың 25 жылдығын мерекелеу жылында өтіп жатқандығын сөз етті.
«Біз баламалы әрі жаңаратын энергия көздерін дамыту ісіне үлесін қосқан Швейцария Үкіметі мен Сіздің жеке еңбегіңізді жоғары бағалаймын. Швейцария халқы қабылдаған «Энергетикалық стратегия – 2050» бағдарламасы «жасыл» экономиканы дамытуға елеулі үлес қосатындығына сенімдеміз. Өздеріңіз білесіздер, бұл саланы дамытуға Қазақстан да айрықша мән беріп отыр. Жалпы, «ЭКСПО-2017» көрмесі әлемдік қоғамдастықтың жаһандық проблемаларын шешу үшін әлемдік алаңға айналатындығы анық», – деді Сұлтанов.
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, бүгін Астанадағы «ЭКСПО-2017» көрмесі аумағында Алматы облысы мен Швейцарияның Тичино кантоны арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалды.