Бүгін ЕХРО көрмесінің аумағында Үндістан мемлекетінің Ұлттық күні өтіп жатыр деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
«Хабар» агенттігінің мәліметіне сүйенсек, екі елдің мемлекеттік тулары көтеріліп, әнұрандары шырқалды. Сахна төріне еліміздің Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақылбек Камалдинов шығып, құттықтау сөзін сөйледі.
Үндістан тарапынан ЕХРО көрмесіне ел делегациясын басқарып, Қазақстандағы елші Харш Кумар Джайн келді. Кейін ұлттық сахнада үнді елінің «Раджбахар» тобы би орындады. Қазақстанда Үндістан мәдениетіне әуес жандар көп болғандықтан, мұндай көрініс көпшіліктің көңілінен шығады деген ойдамыз. Ал кейін қалыптасып қалған дәстүр бойынша делегациялар мен шараға шақырылған қонақтар ұлттық павильонға барып, жергілікті экспозициялармен танысады.
Үндістанда ғылым саласы қарқынды дамып келеді. Оның ішінде баламалы энергетикаға баса назар аударылып отыр. Себебі елдің ауылды аймақтарында тұратын халықты электр энергиясымен қамту алдыңғы қатардағы мәселелердің бірі болып тұр. Сол себепті кезінде Үндістан билігі халықаралық күн альянсын құруды жөн көрді. Мұндағы басты мақсат – әлемдік энерготиімділік нарығында нормативтік құқықтық базаны құру. 2030 жылға дейін жергілікті үкімет баламалы энергия өндірісін 400 ГВт-қа дейін жеткізуді көздеп отыр. Жел энергетикасын өндіруден де мемлекет әлемде көш бастап келеді. Осы жетістіктер жайлы толық ақпарат ұлттық павильонда бар.