Әскерге барудан қашқан дені сау азаматтар енді бір жылға дейін бас бостандығынан айырылып, 2 миллион теңге айыппұл төлеуі мүмкін. Бұл туралы бүгін күзгі шақыруға қатысты баспасөз мәслихатында Қарулы күштер бас штабы тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің басшысы Мүслім Дайыров мәлімдеді деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Қазақстан армиясының қатарына жаңадан 16 мың сарбаз қосылады. Екінші қыркүйектен бастап елімізде 18 бен 27 жас аралығындағы азаматтарды әскер қатарына шақыру басталды. «Қазір азаматтық борышын өтеуге ынталы жастар көп», – дейді мамандар.
Жалпы мерзімді әскер қатарына 120 мың ер азамат шақырту алады. Соның 80 пайызы әскерге жарамды жандар. Тек 10 пайызы ғана денсаулығына байланысты әскерге жарамсыз. Ал қалған он пайызы уақытша ем қабылдап жүргендер деп саналады.