Польша Республикасының Президенті Анджей Дуда Астана қаласындағы Халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысты. Жоғары мәртебелі қонақ ЭКСПО-2017 көрмесі аясындағы Польша Республикасының Ұлттық күніне арнайы ресми сапарман келді. Өз сөзінде Анджей Дуда мемлекеттердің өркендеуі үшін жаңартылатын энергия көздерінің даму маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, экономика, сауда, өнеркәсіп және басқа салалардың қызметі энергетиканың дамуына тікелей тәуелді. Сөз соңында Анджей Дуда Қазақстан Республикасының Үкіметін және азаматтарын Көрмені сәтті өткізуімен құттықтады.
«Қазіргі заманда экономика болсын, басқа да маңызды салаларда энергия секторының маңызы зор. Бүгін энергетикалық тәуелсіздікті энергия көздері арқылы және басқа жолдармен орнатуға болады. ЭКСПО-2017 Көрмесіне қатысқан Польшаның жергілікті билігі, ғалымдары мен сарапшылары болашақта қолданатын құнды тәжірибе жинақтағанына сенімдімін. Қазақстан Үкіметі мен барша халқын Астана қаласындағы Көрмені сәтті өткізуімен шын жүректен құттықтаймын. Көрме Орталық Азия аумағында алғаш рет өткізілуде. Бұл соңғы 26 жыл аралығындағы Қазақстанның жетістіктерінің айқын дәлелі болып табылады. Осындай жоғары деңгейде ұйымдастырылған шараға қатысу - біз үшін үлкен құрмет», - атап өтті Анджей Дуда.
Өз кезегінде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Қазақстан Польша Республикасын Орталық және Шығыс Еуропадағы негізгі сауда-экономикалық серіктес ретінде қарастыратындығын хабарлады. Оның айтуынша, екі ел жаңартылатын энергетика, ғылым, технология, инновация, коммуникация, орман шаруашылығы және туризм салаларындағы ынтымақтастықты дамыту мүмкіндігіне ие.
«Екі ел арасында жасыл технология саласындағы өзара әрекеттесудің жаңа бағыты дамуда. Польша Үкіметі мен іскерлік топтарын ЭКСПО-2017 мұрасы негізінде жұмыс атқаратын БҰҰ аясындағы халықаралық жасыл экономика орталығы щеңберінде ынтымақтастықты дамытуға шақырамыз. Бүгінгі күні елімізде Польша капиталының қатысуымен жүзден астам кәсіпорындар жұмыс істеуде. Екі ел арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделіміз», - деп атап өтті Бақытжан Сағынтаев.
Польша Республикасы Ұлттық павильонының негізгі тақырыбы «Табиғат кезеңдері». Мемлекет Көрме аясында болашақ энергиясы саласындағы жетістіктер туралы тың ақпараттарды ұсынуда.
Польша ЭКСПО-2022 Халықаралық мамандандырылған көрмесін Лодзь қаласында ұйымдастыруға және өткізуге өтінім жасады.