Нартай Дүтбаев «мемлекеттік құпияны жария еткені» және «қызмет өкілеттігін асырғаны» үшін айыпты деп танылып, оған үкім шыққан еді.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрыңғы басшысы Әлнұр МҰСАЕВ осы іске қатысты juldyz.kz сайтының тілшісіне өз пікірін білдірді.
"Тәуелсіз БАҚ-тың журналистеріне ҰҚК-нің басшысы Кәрім Мәсімовтен сұхбат алу қажет. Бастапқыда мен «Дүтбаев пен әріптестеріме Нартай Нұртайұлының ісіне қатысты сұхбат бермеймін» деп сөз бергем. Енді сот үкім шығарғаннан кейін халық шындықты білу керек. Дүтбаев пен басқа да айыпталушылардың куәлігіне сәйкес және ҰҚК-нің прокуратураға даярлаған айыптау қорытындысы бойынша, Нартай Дүтбаев ҰҚК-нің «Н» есімді қызметкерімен бірігіп, 2002 жылы Әблязовты ҰҚК-нің тыңшысы етуге өздеріне тартқан. М. Әблязовтан ҰҚК-мен бірлесе жұмыс жасаймын деген қолхат алып, Сәрсенбайұлы, Тәжин, Жақиянов және басқа да ҚДТ (ДВК) басшылары мен жақтастарының үстінен «данос» жаздыртып алған. 2003 жылы Әблязовтың өкініш білдіргенін камераға жазып алады. Әблязовты ҰҚК-нің тыңшысы ретінде жасалған іс-қағаз өте құпиялы құжат болып тіркелген. 2006 жылы Нартай Дүтбаев ҰҚК-нің басшылығынан кеткен кезде сол материалды өзімен бірге алып кеткен. Бұл, құпияларды сақтау туралы заң бойынша, өрескел қылмыс болып есептеледі. Дүтбаев бұл материалдар арқылы М. Әблязовтан ақша бопсалаған. Сонымен қатар, Дүтбаев 2006 жылы А.Сәрсенбайұлының өліміне қатысты кейбір қызметтік құжаттарды белгісіз бір адамға берген", - деп қоғамға белгісіз құпияны ашық айтты.