Қанат Ислам: Спортшыда чемпиондық атақтан бұрын адамдық ары биік болу керек

/uploads/thumbnail/20170708160850157_small.jpg

- Кешеден бері Астанадағы «Дәулет» спорт сарайында бокстан федерация кубогы өтіп жатыр. Сіз Астанаға сол жарысқа жанкүйер болып келіп отырсыз ба, әлде жеке шаруаларыңызбен жүрсіз бе?

- Астанаға екі түрлі жұмыспен келдім. Біріншіден, «Астана» президенттік клубымен келісімшарт жасасуға келдім. Әрі осы жарысты жанкүйер ретінде тамашалаудың реті келіп отыр.

- «Астана» президенттік кәсіби спорт клубымен келісімшарт жасауда деген ақпараттан біздің де құлағдар болғанымыз бар. Сол жұмыстарыңыз қалай болып жатыр?

- Ол жұмыстарымыз негізінен аяқталып келеді деуге болады. Негізгі мәселелер бойынша мақұлдық берілді. Екі тараптың заңгерлері  келісімшартты қарап, өзгертулер енгізіп, соның барлығын сөйлесіп болды. Енді осы жылдың соңына дейін соңғы шешім қабылдануы тиіс.

- «Астана» президенттік кәсіби спорт клубына кіру сізге қаншалықты тиімді, қай жағынан қолайлы?

- Бұл жерде еліме еңбек сіңірмей тұрып, бірден төр менікі дей алмаймын. Алдымен осында өзімді дәлелдеуім керек. Содан кейін ғана сөз айтуға мүмкіндік туады. Дегенмен, бұдан бұрын маған шетелдік клубтар ұсыныстар жасаған болатын. Осыдан кейін «Мен неге өзіміздің елдің клубтарының атымен шықпаймын» деген ой келді. «Астана» президенттік кәсіби спорт клубының да көптеген мүмкіндіктері бар. Сондай-ақ, шетелде өз еліңнің атындағы клубтың намысын қорғап, жарыстарға түсіп жатсаң, еліңді тағы бір қырынан танытасың деген сөз. Отаныңда осындай мықты клубтар бар екенін басқалар да біледі. Менің негізгі мақсатымның бірі де сол болатын баяғыдан. Қай жағынан болмасын «Астананың» маған тиімді жақтары көп.

- Нақтырақ айтыңызшы, сіз үшін «Астана» президенттік кәсіби спорт клубына кіруде елді нәсихаттау жағы тиімдірек пе, әлде  жекпе-жектеріңіздің өтуіне қаржылық қолдау жағы басымырақ па?

- Спортта ең біріншісі - өзіңдегі, өз еліңдегі бар мүмкіндікті басқаларға таныту. Қазір не көп, Америкада жүрген боксшы көп. Ол жақта кімнің, ненің атынан кеп жатқаның ешкімді қызықтырмайды. Ал «Астана» дегеннен кейін онда Қазақстан екенін бірден біледі. Өйткені бокс арқылы Қазақстанды таниды. Сол үшін өз елімнің атынан, қазақ елінің атынан шығу мен үшін қуаныш. Мен жеңіске жетіп жатсам, елімнің абыройы еселей түседі деп білем.

- Басқа да клубтардан ұсыныстар түсті деп айттыңыз. Қандай танымал, белгілі клубтар бар ма арасында?

- Қазіргі Бейбіт Шүменовтің менеджері болып істеп жатқан клубтан маған ұсыныстар келді. Онымен болашақта бірге жұмыс жасауымыз мүмкін. Ал «Астана» президенттік кәсіби спорт клубы менің елдегі және шетелдегі жарыстарымды қаржыландыруға және уақытында ұйымдастыруға толық мүмкіндігі бар.

- Сіз  «Астана» президенттік кәсіби спорт клубымен келісімшартқа отырғаннан кейін де бұрынғы  проумоутеріңіз Нельсон Лопеспен бірге жұмыс жасай бересіз бе?

- Иә солай жалғаса береді. «Астана» жаттығуым мен бапкерлеріме қажетті қаржымен қамдайды.

- Бұрынғы уақыттарда сіздің көптеген жанкүйерлеріңіз шетелдерде өтіп жатқан жарыстарыңызды отандық арналарымыздан көре алмаған еді. Енді «Астана» президенттік кәсіби спорт клубымен келісімшартыңыз сәтті аяқталса, келесі жекпе-жектеріңіз Қазақстанның телеарналарынан көрсетіле ме?

- Әрине көре аласыздар. Бұрын көптің бірі болып жүрдік, қазір ол жерде де таныла бастадық. Кәсіпқой бокстың орны бір бөлек. Онда бара салып төр менікі дей алмайсың. Ол жаққа Генаның өзі 2005 жылы кеткен. Біраз жүріп, Кличколармен келісімшартқа отырып, енді шығып жатыр. Оған қаншама жыл болды. Мен деген кеше ғана бардым. Екі жылдың ішінде бірден 18 кездесу өткізуім оңай шаруа емес. Ол біреудің 4-5 жылда жүретін жолы. Менің қолдаушыларым жарысты жақсы ұйымдастырып берді.

- Кездесулеріңіздің тез өтіп жатқаны мәреге тезірек жету үшін бе?

- Әрине. Мен бір америкалық клубпен келісімшартқа отырсам, бар болғаны бір жылда 2-3 кездесу өткізіп, демалып жүрер едім. Сені солар басқарады, олар не десе де жөн. Қазір ешкімге жалтақтамай, дайын болсам, бір айда екі жарысқа қатысуға мүмкіндігім бар. Сол жағынан көп тиімділік болды.

- Жалпы қазақ боксына қарай әңгіме айта отырсақ. Қазіргі қазақ боксына көңіліңіз тола ма? Және өзіңіз араласып тұратын боксшылар бар ма? Сондай-ақ, өзіңіздің жас күніңізде үлгі тұтқан боксшыларыңыз жөнінде айтып өтсеңіз.

- Менің ең алғашқы жаттықтырушым да осы жақтан болды ғой. Дамир Буданбеков, Нұрғали Сафиуллин, Ғалым Кенжебаев, Ермахан Ибрайымов, Мұхтархан Ділдәбеков, Нұржан Сманов сияқты бапкерлер мен боксшылар алдымыздағы ағамыз болды. Соларға қарап өстік. Кейін өзіміздің қатарлас достарымыз шықты: Бақтияр Артаев, Бақыт Сәрсекбаев, Серік Сапиев бәріміз бірге тер төктік. Олардың бәрі менің жақын достарым. Бірге таяқ жеп, бірге таяқ жегізіп жүрдік. Одан кейінгі шығып жатқан Жәнібек, Данияр, Әділбектер (Жәнібек Әлімханұлы, Данияр Елеусінов, Әділбек Ниязымбетов - ред.) бар. Олар арттан ерген інілеріміз. Бір кезде бізбен бірге жүрді. Нұрғали ағам (Нұрғали Сафиуллин - ред.) жаттықтырған кезде мен екі рет Олимпиадаға бардым, әлем біріншіліктерінде тәуір өнер көрсеттім. Ол кезінде қазіргі ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжановты, Мұхтархан Ділдәбековті, Нұржан Смановты жаттықтырған. Бүгін таңертең сол кісімен кезігіп, сәлем беріп қайттық. Қазір де Н. Сафиуллин - Қазақстан құрамасының аға жаттықтырушысы. Осындай керемет бапкерлер бар, солардың арқасында бізден де мықты жігіттер биік белестерді бағындырады деп сенемін. Қазаққа бокстан берді ғой Алла. Мырзағали Айтжанов сияқты ағаларымыз тұрғанда біздің қазақ бокста әлі талай уақыт әлемнің көшін бастар.

- Жақында БАҚ өкілдері Қанат Исламмен Геннадий Головкин жұдырықтасуы мүмкін екенін жарыса жазып, қызу талқыға салған болатын. Сол қауесет сөз туралы сіздің ойыңызды білсек деп едік. Головкинмен қарым-қатынастарыңыз қандай...

- Әр боксшы өзінің бапкеріне «алтын» екені анық! Кім екені белгісіз, менің бапкерім Нельсонға біреулер «Қанатты Геннадиймен жұдырықтастырғың келмей ме?» деген бағытта хаттар жіберген.  Ал оған бапкерім: «Бәрі де мүмкін» деп жауап берген. Міне, бұл әңгіме осыдан басталған еді. Гена - мықты боксшы. Ол - біздің алдымыздағы ту. Алдымыздағы ту құламасын, кәсіпқой боксқа кеш қосылған біздер де алдымыздағы тудың құламағанын қаламаймыз. Геннадиймен өте жақсы қарым-қатынастамыз, екеуміз бір-бірімізді әуесқой бокста жүргеннен бері танимыз, талай жаттығу залдарында бірге жаттықтық. Қазір де жақсы араласып тұрамыз.

Геннадийді спортшы ретінде де, азамат ретінде де жақсы сыйлаймын. Біз, кезінде Гена, Бақтияр Артаев, Бақыт Сәрсекбаевтар бәріміз бір салмақтың боксшылары болдық. Шетте жүрсем де Қазақстанға жиі келіп жүрдім. Қазақстандық бапкерлерден де көп тәлім алдым. Еліміздегі барлық боксшыларды жақсы білемін. Бокстағы өз замандастарыммен жиі қабарласып, араласып тұрамын. Бірақ, әуесқой бокста Генамен шаршы алаңда кездесіп көрген жоқпын. Кәсіпқой бокста да кездеспейміз. Себебі, Гена екеуіміз де бір елдің, қазақ топырағының намысын қорғап жүрміз. Ал бізді бір-бірімізге қарсы қою ағайынды Кличколарды бір-бірімен төбелестіргенмен бірдей. Сондықтан, бұл мүмкін емес.

- Жеке отбасыңыз туралы да айтып берсеңіз. Жақында ғана «Қанат отбасымен Америкада тұрып жатыр екен. Болашақтағы боксшының жоспары сол жақта сияқты» деген әңгіме тараған болатын...

- Жоқ олай емес, олар өткенде жарты жыл Америкада тұрғаны рас. Отбасым негізінен осы жақта қалады. Тек арасында мен көп уақыт сол жақта болған кезімде қасымда болады. Өйткені, Америкада уақытша тұра тұруға мүмкіндіктер бар. Ал, Америкаға алып кету ойымда жоқ. Себебі мен бала-шағамның тілінің қазақша шығып, өз атамекенінде өмір сүргенін қалаймын. Дұрысы да сол емес пе? Аз күндік рахатты ойлап, адамның негізгі жолынан адаспағаны жөн. Балалардың тілі алдымен қазақша шығып, сосын барып қалған тілді үйренсе деп ойлаймын. Баланың тілі өз тілінде шықпағаны кейінгі болашағы үшін пайдалы емес. Сондықтан менің отбасыммен мұхит асып, Америкада өмір сүрсем деген ниетім жоқ.

- Жалпы отбасы туралы әңгіме қозғап отырғаннан кейін жанұяңыз жайында айта кетсеңіз. Қанша балаңыз бар?

- Құдайға шүкір, үш балам бар. Осы Алматыға келіп үйлендім ғой. Қазірде отбасым Алматыда тұрады. Балаларымның алды үште, соңғысына төрт ай болды. Өз жұртым Алматыда, нағашы жұртым Шығыс Қазақстандағы Зайсан өңірінде тұрады. Қайын жұртым өз жұртым тұрған жақта.

- Өзіңіз боксшы болып жүрсіз, болашақта балаларыңыздың да боксшы болғанын қалайсыз ба?

- Мен де қаламаймын, менің проумоутерім де қаламайды (күлді). Нельсон «балаңды несін әуре қыласың, бір үйден бір боксшы шықса жетеді ғой» дейді. Енді балам есейгенде өзі талаптанып жатса көрерміз.

- Америкада тұруға, сондай-ақ, әлемдік жарыстарда шығып жүрген соң ағылшын тілін білу маңызды екені шындық. Тіл үйрену мәселесі  қалай болып жатыр?

- Қазірге дейін тіл үйренуге мүмкіндіктер болмады. Алдағы уақытта курстарға қатысу керек болып жатыр. Бірақ, ағылшын тілінде өзіме қажетті деңгейде сөздік қорым бар.

- Әлеуметтік желілерді қаншалықты пайдаланасыз? Елдегі жаңалықтарды қайдан оқып білесіз?

- Мен негізі әлеуметтік желілерде отырмаймын. Оған уақытта шыға бермейді. Енді шетелде жүрген уақыттарда өз еліңде не жаңалықтар болып жатыр деп, хабарларды көремін. «ҚазАқпарат» сайтынан да елдегі жаңалықтарды оқып тұрамын.

- Сіздің атыңызда сайт ашылады деп естіген едік...

- Басында ондай жоспардың болғаны рас. Бірақ, кейін «Астана» президенттік клубымен келісімшартқа қол қоятын болған соң ол бастама тоқтап тұр. Өйткені, келісімшартта жазылған, маған қатысты барлық жобаны солар басқарады.

- Қазақта бір сөз бар ғой «жауын жеңген жарты батыр, өзін жеңген хас батыр» деген. Өзіңде жеңе алмай жүрген қандайда бір кемшілік әдеттер бар ма?

- Адам болған соң кемшіліксіз болу мүмкін емес шығар. Өзім туралы айтар болсам, өз жұмысыма ғана қатты ұқыптымын. Ал қалған отбасындағы кішігірім істерге мүлде көңіл аудармаймын. Неге екенін білмеймін, өзімнің істеп жүрген ісімнен басқасы жұмыс емес сияқты көрінеді.

- Қазіргі уақытта жас балалар сіз сияқты чемпион боламын деп бокс үйірмелеріне жазылып жатыр. Сол өскелең ұрпақтарға қандайда бір айтар кеңес, ақылдарыңыз бар ма?

- Спорт залға келгенде бәрі «чемпион боламын» дейді. Мен ең алғаш залға барғанда сол кезде, бәрімізді қабылдап алған жаттықтырушы «бұнда неге келдіңдер» деп сұрады. Бәріміз бір ауыздан чемпион болуға келгенімізді айтамыз ғой. Сонда ол кісі «маған чемпионның керегі жоқ. Бірінші адам болуларың керек» деп еді. «Сендер чемпион болып, артынан тілдеріңді шайнап, бір жерде топыраққа аунап жатсаңдар, немесе ел амандаса алмайтындай дәрежеде талтаңдап жүрсеңдер ол дұрыс болмайды» деген еді. Бұл он бес жыл бұрын айтылған сөз болса да, әлі күнге санамда жаңғырып тұрады.

«Сен чемпион болып мойныңа медаль ілді, содан кейін тұғырдан түскен соң чемпион емессің. Енді келесі уақытта нағыз чемпион екеніңді дәлелдеуге талпынуың керек». Осы екі ой-түйін ылғида ойымда жүреді. «Жарыс бітті, енді кім шығады, қалай дайындалуым керек деп жүремін». Бұл - менің ұстанымым. Егер адам әуелгі адами ойынан айнып, басқа бір нәрсе тізгіндесе, онда жүрісінен жаңылып қалады. Бізде көптеген жеңіске жеткен адамдар қателіктерге бой алдырып жатады. Сол үшін айтар едім, жас кезінен бастап, сарбаздарды нағыз генерал болуға тәрбиелеу керек. Оны дүние емес, көк тудың желбірегені қызықтыратын болу керек. Қазіргі уақытта залға келе салып, «машина аласың, үй аласың» деген дүниенің әңгімесі айтылып жатады. Дүниеәуи әңгіме адамның ішіне кірді, мақсатыңыз төмендейді. Тіпті, ойлау жүйеңіз де құлдырай бастайды. Тек сол дүниенің маңайында ғана жүретін боласыз. Бес адамның алдында мақтау сөз естігіңіз келеді. Басқа жұрттар екі рет, үш рет олимпиадаға қатысып жатыр, ел елу жасқа дейін спортта жүр, біз неге жүре алмаймыз? Олардан қай жеріміз кем біздің? Басқалармен өзімізді салыстыруымыз қажет, жастарды солай тәрбиелеуге тиістіміз.

- Өзіңіздің алғашқы мектебіңіз Алтайда болды ғой. Қазір сол жақта әлемдік шыңдарды бағындыруға мүмкіндігі бар, соңыңыздан ерген жас боксшылар бар ма?

- Тәрбие мықты болса, барлық жерден мықтылар шығады екен. Бастысы - тәрбиесі дұрыс болса. Менің қазіргі жаттықтырушым - Нельсон Лопес деген кубалық. Жасы алпысқа келді. Сол айтады, кубалықтар мен қазақтардың дене сапасын салыстырсам, қазақтар күшті. Бірақ кубалықтардың жеңіп жатқан себебі - тәрбиесі жақсы, оларда рух жағынан мықты дейді.

Нельсонның олай айтқанының жөні бар сияқты, олимпиадаға барғанда кубалықтардың сыртқы бейнесінен-ақ өздеріне деген сенімді көресің. Ал басқа елдің спортшылары бар. Оларды тура атуға алып бара жатқандай, миллион адамды мойнына мінгізіп алғандай бастары төмен салақтап жүреді.

- Еліміздің ең басты мерекесі - Тәуелсіздік күнінде қазақстандықтарға не тілейсіз? Өзіңіз осы мерекені қалай атап өтесіз?

- Тәуелсіздік - еліміздің ең үлкен ұлық мерекесі. Барша қазақстандықтарды осы мерекемен құттықтаймын. Біздің бүгінгі жеңісіміз бен жетістігіміз осы Тәуелсіздіктің арқасы. Тәуелсіз еліміз болмаса, біздің ерлігіміз бен табысымыз кімге керек? Мемлекетіміздің бүгінгі береке-бірлігі жарасқан осы мамыражай күндері ұзағынан болсын деп тілейік. Тәуелсіздік  мерекесі - патриоттық мереке.

Желтоқсанның екпінімен келген Тәуелсіздіктің біз үшін алар орны қашан да бөлек. Сондықтан да «толарсақтан саз кешкен» батыр бабаларымыздың әр жылда төгілген қанының, ұлы мұраттар жолында құрбан болған асыл азаматтарымыздың асқақ армандарының арқасында қол жеткізген Тәуелсіздікті біз әрқашан мақтан тұтып, қастерлей білуге тиістіміз. Біле білсек, бұл - біздің азаматтық парызымыз, адамдық борышымыз.

Менің отбасымда Тәуелсіздік күні үлкен той болады. Жақсылап туыс-туған, ағайын-достар жиналып, үлкен дастархан жасап, арнайы атап өтеміз.

Талай ұлт пен ұлыстың ортақ мекеніне айналған ұлы далада азат елдің азаматы атанғаннан асқан бақыт жоқ. ҚазАқпарат ұжымына да табыстар тілеймін. Сіздер де Тәуелсіздіктің тал бесігінде тербеліп, жазарларыңыз мол, оқырмандарыңыз көп болсын. Барлық отандастарымызға қыран құсы қалықтаған көк аспанымыздың астында баянды да бақытты ғұмыр сыйласын.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Дайындаған Бейсен Сұлтанұлы

"ҚазАқпарат"

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар