Бәйгенің алғашқы жауаптары(Толығырақ: http://qamshy.kz/?p=16377)
Нұрлан Сәдір:
Жылдағыдай тойлады, алайда биыл Қазақстан Республикасы деген атпен қатар «Қазақ елі» деген жылылау һәм жұмырлау сөз тіркесі көп қолданылды. «Шүкір» деп қояйық. Бүкіл Қазақстанды қайдам, біздің Оралда биыл тәуелсіздік мерекесінің үстінен «қашан бітесің/кетесің?!» дегендей шырша төніп тұрмады, шырша Тәуелсіздік күніне дейін тігілген жоқ. Ол да болса көңілге демеу. Биылғы Тәуелсіздік күні Евразиялық Одақ күшіне енер алдында тойланып отыр, ал болашақ одақтасымыз қазір өз басымен, дәлірек айтсақ рубльмен әуре. Сондықтан, «бұл одақ бізге опа бере ме?!» деген алаң тойдың думанына алаңды да араластырып қойды. Тәуелсіздік мерекесі кезінде Астанадағы ЭКСПО құрылысшыларының да наразылығы зәрезап болып қалған жүректі «зірк» еткізді. Бірақ Құдай сақтап, полковник қолдап шиленіс шешімін тапты. Өз басым, 16 желтоқсан күні таңертең Тәуелсіздік жолында күрескен ата бабаларымыз бен замандастарымыздың рухына Құран бағыштауды, бүкіл мемлекеттік салтанатты шараларды сосын барып бастауды ұсынамын. Бұл «мына күн мейрам емес, еске алу күні» деген әртүрлі (жаны жоқ емес) әңгімелердің алдын алар ма еді. Сөйтіп, Тәуелсіздік күні – саяси ұстанымына қарамастан барлығымыздың дерлік басымызды біріктіретін атаулы күнге айналар ма еді. Жаратқан Иеміз бізді, енді, Тәуелсіздігімізден айыра көрмесін!
Хазірет Әбділда:
Қазақ тәуелсіздігін керемет тойлады. Шыршасын жақты, шампанын атты. Аяз ата топтың басында жүрді, ақ қар ханыша күлімдеп қасында жүрді. Шыршаның басында крест тұрды, әртүрлі шырақ сіресіп тұрды. Сөйтсе бұл «тәуелсіздік» емес «1 қаңтардың» дайындығы екен. «Әттең!» деп 100 қазақ есін жиыпты. Алаңға келсе жақсылар аз, сақшылар көп екен. Балаларды үрей билеп, қайтайық депті, әкесі «Әнұранды» айтайық депті. Қорқып қалған баласы: «9 мамыр бар ғой, әке!» сол кезде «Ұлы отанның» мерекесін тойлаймыз деп қоймапты...
Сөйтіп, үйге қайтыпты, «жаназаға» барған күйде қайтыпты. «Нұрлы жолмен» келе жатса, алдынан шыққан ақсақал: «Тек қана алға, балалар! Әлемдегі дамыған 30 елдің қатарындамыз, береке болсын, береке болса мереке болады» деп бата беріпті.
Пікір қалдыру