Тамырын тереңге жайған тарихыма көз жіберер болсам, сананы талай ой тұңғиығына батырып, көкейге талай сұрақтардың келетіні рас. Мысалы, Біз кімбіз? Жұмыр жер бетінде қашан пайда болдық ? Қай жерді мекен еттік ? Тіліміз, мәдениетіміздің деңгейі қандай?
Біз Өр Алтай мен Атыраудың арасын мекен еткен сақтан қалған сарқыты, ғұннан қалған жұрнағы, үйсіннің жүріп өткен ізіміз.
-Біз қазақпыз !
Ақ білектің күші, ақ найзаның ұшы сынға түскен жаугершілік заманда, яғни, 1458 жылы Әбілқайыр хандығынан іргесін бөлген Жәнібек пен Керей сұлтан Моғолстан жеріне Шу бойы мен Қозыбасқа алғаш... Ең алғаш еркіндіктің ақ жалауын тіккен еді.
Желмаядай айлар желіп өтсе, жылдар өз ағысымен жылжып отырды. Билік басына білгір саясаткер, әскеріне жау жүрек қас батырлар басшылық еткен көшпенді жұрт жауының жанын кесіп шекарасын кеңейтті.
Бір ғасырда бір-ақ рет дүниеге келер даншпандар бес мың жылдық тарихы бар қыл құрт қытайдың да, табаны тиген жерден еш кері шегінбейтін орыстың озбырлығына да дес бермеді.
Қара таудың басынан “елім-ай”-лап көшіп, сары даласын мола еткен қатігез жоңғардың да жойқын шабулын тойтарды. Әттең, Империяның иіріміне ілігіп 1731 жылы алғашқы болып бодандығын мойындайды. Осы үдеріс үш жүздің де бодандықты мойындауымен аяқталады.
-Біз енді бағыныштымыз...Тәуелдіміз...
Тәуелді, бағыныштылық ұғымын тәуелсіздікке алмастыру үшін төгілген тер өзен болып, кіршіксіз қызыл қан бұлақ болып ақты.
Он бес отауды біріктірген қара шаңырағымыз 1991жылы ыдырады. Шығыстан алтын күн нұрын төгіп, еркіндіктің самалы есті. Көңіл көк аспанындағы қасірет бұлты сейіліп, әнші бұлбұл шаттықтың әнін шырқады.
О, өмірге сәби келді. Ол енді тәуелсіз елдің ұрпағы. Өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанғанда, осы дүние есігін ашқан күнәсіз пенде. Тал бесіктен жер бесікке дейін өз қалауынша тіршілік етеді. Осы сәбидің күні ертеңгі тағдыры үшін боздақтарым жанын қиған. Асқақ арманға қол созып бүгінгі бейбіт уақытты көре алмай кеткен асылдар қаншама?! Ағы мен қарасы, жақсы мен жаманы, жасығы мен жасампазы егіз ұғым болған жаңа ғасырда сап алтындай баға жетпес байлығымыз ұлт құндылығын берік сақтауымыз керек.
Тәуелсіздігіме тәубе деуді ұмытпайық, ағайын!
Мұхтар Сержан
Пікір қалдыру