Қазір Онкология және трансплантология ұлттық ғылыми орталығында елімізде алғаш рет қан тобы үйлеспейтін донордан бауыр алмастыру операциясы жасалып жатыр деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Оны Сеул ұлттық университеті госпиталінің халықаралық денсаулық сақтау орталығының атқарушы директоры Кванг Вунг Ли және ағзаларды транспланттау орталығының доценті Куинг Чул Ён жасауда. Осылайша біздің дәрігерлерге қан топтары үйлеспейтін кезде тірі туыс донордан бауыр транспланттау технологияларын меңгеруді үйретпек.

Ұлттық онкология және трансплантология ғылыми орталығының хиругия бойынша бас кеңесшісі Тоқан Сұлтанәлиевтің айтуынша, қазір ота жасалып жатқан науқас бауыр циррозына шалдыққан 55-56 жастағы адам. Оның қан тобы бірінші топқа жататын болса, донордың қан тобы екінші топқа сәйкес келеді. Жалпы әлемдік тәжірбиеде мұндай ота жеті жылдан бері жасалып келеді екен.
Сеул ұлттық университеті госпиталінің халықаралық денсаулық сақтау орталығының атқарушы директоры Кванг Вунг Ли:
» Осы отаны жасау үшін 2,5 жылдан бері келіссөздер жүргізілді. Нәтижесінде бүгін арнайы шақыртумен Қазақстанға келіп, шеберлік сынып көрсетіп жатырмыз. Қазақстан жоғары медициналық қызмет көрсету жағынан халықаралық талартарға сай. Заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Алдағы уақытта мұндай күрделі оталарды отандық мамандар да жасай алатын болады», — деді ол.
Мәйіт донорлығы дамымаған Қазақстан үшін мұндай технологияларды меңгеру аса маңызды.
Айта кетейік, елімізде 2,5 мыңнан астам адам бауыр алмастыруға , 3 мыңнан астам науқас бүйрек ауыстыруға кезекте тұр.
Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ