"Латын әліпбиіне қатысты жұмыстарда тілге жанашыр мамандар назардан тыс қалған жоқ". Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бейбіт Мамраев латын графикасындағы әліпби нұсқасына байланысты осындай пікір білдірді, деп Qamshy.kz ақпарат агенттігі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.
«Осыдан бір ай бұрын «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы» парламенттік тыңдауда латын қарпінің алғашқы нұсқасы қарастырылған болатын. Содан бері көп өзгерістерді байқауға болады. Өйткені жүздеген ұсыныстар келіп түсіп жатыр, осы орайда бұл ұсыныстарды жұмыс тобының мүшелері егжей-тегжейлі қарастырып, аптаның басында әліпбидің екінші жобасын таныстырды. Әрине, бұл нұсқа біріншісіне қарағанда деңгейі жоғары деп ойлаймын», - дейді Бейбіт Мамраев. Оның пайымдауынша, Қазақстанда латын әліпбиіне көшу процесі қалыпты жағдайда жүріп жатыр. Себебі бұл бағыттағы шаралар кешенді түрде қамтылуда. «Атап айтқанда, осы саланы түсінетін, әрі жанашыр мамандардың барлығы өздерінің ұсыныстарын беріп жатқанын білесіздер. Жылдың аяғына дейін тапсырма бойынша уақыт бар, енді ғалымдар мен мамандар тағы да бұдан ары жетілдіреді деп ойлаймын. Сондықтан бұл мәселе кешенді және жүйелі түрде мұқият қаралуы тиіс», - деп түйіндеді сөзін депутат. Бұдан бұрын хабарланғандай, биылғы 9 қазанда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік тілді латын әліпбиіне көшіру жобасы бойынша жұмыс тобының мүшелерін қабылдады. Жиында Мемлекет басшысына қоғамдық талқылаулар барысында келіп түскен ұсыныстарды ескере отырып әзірленген қазақ тілінің латын қарпіне негізделген бірыңғай стандартының жобасы ұсынылды.
Естеріңізге сала кетейік, биыл сәуірде «Егемен Қазақстан» республикалық газетінде ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы шыққан болатын. «2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керек. 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісуіміз қажет», - делінген Елбасы мақаласында.