«Асыл арман» тұрғындары су бағасының қымбаттауына наразылық білдірді

/uploads/thumbnail/20171012123430683_small.jpg

Алматы іргесіндегі «Асыл арман» тұрғын үйінің 1 мыңға жуық тұрғыны судың қымбаттығын айтып шағымданды, деп Qamshy.kz ақпарат агенттігі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап  хабарлайды.

Тұрғындар қазір суық судың текше метріне 118,7 теңге төлеп отыр. Құзырлы органдар 2018 жылдан бастап коммуналдық тарифтерді тағы қымбаттатпақ ойда. Су бағасы бұл тұрғын үйде жылына екі рет өседі екен. Монополистер суық судың тарифін 2018 жылы - 143,7, 2019 жылы - 152,7, 2020 жылы - 162,2, ал, 2021 жылы - 195,2 теңгеге көтермекші. Ал, кәріз құбырымен қалдық суды шығарудың бағасы да осылай жыл сайын еселене береді. «Үйді алғанымызға екі жарым жыл болды осы екі жарым жылдың ішінде ай сайын тариф өседі. Бұл енді қалай? Сол себептен, міне, бүгін жиналыс болып жатыр. Қайтадан тариф көтеріледі дейді. Біз қазір тек қана тарифқа жұмыс істейміз», - деді үйдің тұрғыны Алма Кенжебаева. Оның айтуынша, соңғы екі жылда тариф көлемі бірнеше рет көтерілгенімен, қызмет көрсету сапасы жақсарған емес. Жеке компания басшылары қымбатшылықтың негізгі себебін теңге бағамының құбылуымен байланыстырып отыр.

«Облыстық мекемелер қарап сол тиісті инфляция коэффицентіне ғана көбейетін нәрсе ғой. Мысалы, мұғалімдердің айлығын өсіріп жатыр ма, дәрігердің айлығын неден өсіріп жатыр. Сол инфляцияға байланысты өсіріліп жатқан жұмыстар ғой. Бізде де сондай есептермен жасалып жатқан жұмыстар», - деп «Алатау Комсервис» компаниясының директоры Ерсайын Ешекенов пікір білдірді. Монополияға қарсы күрес басқармасының өкілдері тұрғындардың шағымы бойынша тексеру жұмыстарын енді бастағандығын мәлімдеді. Нәтижесін алдағы уақытта көретін боламыз.

 

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар