Бүгінде елімізде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізіліп жатқан жобалардың қатары көп. Саясаттанушы Айдос Сарым мұндай жобалардың бірқатарын сынға алып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мәнін тереңінен түсінуге шақырды, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.
«Рухани жаңғыру» деген қандай бағдарлама? Менің түсінігімде, біздің қоғамды модернизациялау деген әңгіме осы кезге дейінгі болмысымызға көңіліміздің толмағандығынан туындады», - деді Айдос Сарым өз сөзінде.
«Яғни, бүгінгі сапамыз жақсы емес, сондықтан оны жақсартуымыз керек деп түсінеміз. Қарапайым ғана мысал. Арғы бабаларымыз рунадан араб жазуына неге көшті немесе араб жазуынан кириллицаға, латынға неге көшті? Мұның бір ғана жауабы бар – сол замандағы тіл, сол замандағы пайым көшке ілесе алмай қалды, кешігіп жатты, сол себепті өзгерту керек болды. Ал сананы өзгертудің бірден бір жолы тілден басталды. Сол секілді «Рухани жаңғыру» деген бағдарлама біздің кешегі, бүгінгі болмысымызға көңіліміз толмайтындықтан, біз осындай үлкен қадамға бардық.
Тек бір айтарым бар, кез келген мәселені (таңертең тұрып, тісімізді тазалағанымызды) рухани жаңғыруға жатқыза бермесек екен. Ойлап көріңіздерші, егер «Рухани жаңғыру» бағдарламасы болмаса, біз қарттарымызға көмек көрсетпейтін бе едік?! Бұл бағдарлама болмаса, біз жастармен кездеспейтін бе едік?! Яғни, бағдарлама мазмұнына сәйкес, үлкен, кешенді, бұрын-соңды болмаған, жаңа дүниелерді кіргізуге тырыссақ... Себебі, мынадай тірлікпен осы бағдарламаға деген жұрттың, халықтың, сарапшылардың сенімін өлтіріп аламыз. Басты қауіп пен үрей бар. Айта-айта сөздің де, істің де қадірі кете береді... Бұл – артық нәрсе. Соны түсініңіздер!
Бағдарламаның 6 бағытын күнделікті күйбең тіршілікпен араластырмай, сапалы жағдайда үлкен бағытпен іске асыруды көздейік. Мәселен, менің таңертең тұрып тісімді шайғаным жеке шаруам, бәлкім менің спортпен айналысқаным немесе дұрыс кітап оқи бастағаным, мейірбан болып кеткенім менің жаңғырғаным шығар. Сол себепті жобаның жоспарын қайта қарауды сұраймын.
Екінші мәселе, сарапшы азаматтардың сенімі, көңіл күйі деген бар. Біз көп жағдайда формализмге бет алып барамыз. Егер мен білем, сендер қолдаңдар деген түсінік болса, онда сарапшылардың пікірі қайда қалды? Онда рухани жаңғырғанымыздың қажеті қанша... Күні кеше латын әліпбиінің жаңа нұсқасы қабылданды. Ал ол әліпбиге жұрттың көңілі толып отыр ма? Меніңше, жоқ. Латын қарпі заңмен енгізіп, жалпы ұлттық форматы шығару қажет. Сол себепті латынға көшу – мамандардың, жалпы жұртшылықтың пікірі ескеріліп, халықпен ақылдаса отырып қабылданатын үрдіс. Бүгінгі шенеуніктер әліпбиді таблица деп есептейтін секілді. Үлкен мәтіндерді жазған кезде, тергенде, оқыған кезде көпшіліктің әліпбиге деген көзқарасы да өзгереді. Бұл процеске асығыстықтың қажеті жоқ. Қыруар жұмысты қажет етеді. Емле, орфоэпия, орфография заңдары бар, филолог ғалымдармен ақылдаса отырып шешу керек мәселе.
Ұлтты біріктіретін ұлттық нар тәуекел дәл бүгінгідей атмосферада жүрмеу керек. Осы процеспен талай жылдар бойы айналысып жатқан азаматтардың көңілін жығу аса жақсы дүние емес. Рухты көтеру керек, біріктіру керек. Ол ұлттық дәрежедегі үлкен ту, оны биікте ұстауымыз керек.
Үшінші мәселе, рухани жаңғыру дегеніміз осы кезге дейін қалыптасқан шаруаларға басқаша қарау. Атамекен, жер деп жанталасып жүреміз. Философиялық тұрғыдан алсақ, атамекен деген үлкен маңызы бар сөз. Ал болашақта осы жердің жер жәннаты болу үшін, жерұйық болуы үшін ен істеуіміз керек? Көзқарасымызды өзгертуге тиіспіз. Жерге балаларымызға қалатын мұра деп қарауымыз керек. Атадан қалған мұра мен балаға қалатын мұраның айырмашылығы жер мен көктей. Соны түсінуіміз керек. Сондықтан жерімізге, атамекенімізге, кез келген шаруаға болашаққа қалатын мұра деп қарасақ дұрыс болады».
Пікір қалдыру