Бүгін, 28 қазан күні «Енші» зияткерлік сайысының іріктеу кезеңінен өткен 16 сайыскермен тренинг өткізілді, деп жазады Qamshy.kz.
Балалар бір-бірімен танысып, болашақ қарсыластарының бабын бірінші күннен сынап көруге мүмкіндік алды. Әзірге бәрі байыпты. Әр сөзін талғап сөйлеп, көп көсіле бермейді. Жаңа зияткерлік жобаның бірінші түсірілімінде бұл телевизиялық форматты сынап көру жас білімпаздар үшін ауыр жүк. Бақ шаба ма, бап шаба ма? Оны көре жатармыз. Қазір олар бүгінгі күнгі әсерлерінен ой қорытып, ертеңгі күнін пайдалы өткізуге жоспарлап жатқаны анық.
Айта кетсек, кеше 27 қазан күні еліміздің әр өңірінен біздің сайысымыздың қатысушылары жиналған болатын.
Өскемен, Ақтөбе, Түркістан, Жетісай, Маңғыстау, Алматы қалаларынан бізге жол тартқан сайыскелер таң сәріде келіп жетті.
Нағыз білгірлер мен білімсүйер қауым үшін "ЕНШІ" зияткерлік сайысы көрерменге жол тартпақ.
Боймен емес, оймен жарысатын аламанда кімнің асығы алшысынан түседі?
Төрт айналымнан тұратын бұл сайыста сүрінбей өткендер ғана, "Тоғыз торапта" бақтарын сынап, "жамбы атып", соңғы айналымның тосын сұрақтарында болдырмай, ЕНШІСІН бағындырмақ.
Танымалдықтың жаңа қыры - білім.
Пікір қалдыру