Кэтрин (есімі өзгертілген) дос деп санаған адамнан қорлық көрді. Екі жылға жуық уақыт танитын адамы оны зорлап, Кэтрин одан жүкті болды. Жәбірленуші BBC журналисіне неліктен баланы дүниеге әкелгенін және қазір баласының көзіне неліктен қарай алмайтынын түсіндірді.
Мен екі баласы бар жалғыз басты анамын. Мені зорлаған адамды танимын. Ортақ достарымыз арқылы таныстық. Араласып жүргенімізге 2 жыл болған. Арамызда достықтан өзге ештеңе болмады.
Мен бастапқы кезде-ақ оған екеуіміздің арамызда махаббат болу мүмкін емес екенін айтқанмын.
Оның үйіне бардым. Досым бірден өзгеріп кетті. Оның өте жақын келгенін байқадым. Қашқақтап едім, маған күш көрсетті. Барлығы өте тез болды.
Досымның бұл әрекетіне таңғалғаным соншалық, есеңгіреп қалдым. Оған тойтарыс берудің орнына бір орында қатып қалдым.
Ол ештеңе айтпастан үйден шығып кетті. Көлігіне отырып кетіп қалды.
Мен үйге келдім. Барлық денем ауырып тұрды. Жағдайымның қаншалықты ауыр екенін ол уақытта білмедім. Үйге тезірек жеткім келді.
Мен балаларымды көршіммен қалдырғанмын. Үйге келгенде қуанышыма орай балалар ұйықтап жатты. Мен ешкімге ештеңе айтпадым. Себебі, адамдар мені кінәлайтындай көрінді.
Зорлаған адамды танитын болғандықтан полиция оны зорлауға жатқызбайды деп ойладым. Сондықтан шағымданбадым.
Келесі күні мен одан неліктен бұлай жасағанын білгім келді. Ол мардымды жауап бермеді. Есінде ештеңе жоқ екеніне сендіргісі келді. Бірақ зорлағанын жоққа шығармады.
Жасанды түсік жасамаймын деп шештім. Жасанды түсікке ешқандай қарсылығым жоқ. Алайда сәбиді өлтірсем жағдай одан бетер ушығатынын түсіндім. Баламды өлтірдім деген оймен өмір сүре алмаушы едім.
Маған қолдау көрсеткен ешкім болмады. Менің жалғыз басты ана екенімді білетін әйелдер мені кінәлады. Алайда оларға ештеңе түсіндіріп, ақталмадым. Себебі зорланғанымды өзгелер білгенін қаламадым. Балам дүниеге келгенде оған зорлаудың нәтижесінде пайда болған бала секілді қарағанын қаламадым.
Баламды алғаш қолға алғанда оның көзі әкесіне тартқанын байқадым. Сол уақытта денем түршігіп кетті. Қандай сұмдық жағдайды бастан өткергенімді түсіндім, сездім.
Балам өскенде көзі әкесінің көзінен аумай қалды. Бастан өткерген сұмдық жағдайда есімде қалғаны зорлықшының көздері еді. Бұл жағдай баламмен қарым-қатынасыма еш әсер етпеді. Мен баламды жанымнан да артық жақсы көремін.
Әкесі туралы көп сұрамайды. Тек мектепте «Менің отбасым» деген тақырыпта шығарма жазғанда және әкесінің фотосын сұратқанда қиындықтар болды. Сол уақытта балама түсіндіруге тура келді.
Кэтрин баланы дүниеге әкелгеніне ешқашан өкінбейтінін айтады...
Баланы дүниеге әкеліп оны жақсы көрмесем және оған қамқор бола алмасам менің тарапымнан үлкен қателік болушы еді. .
Қатты жалғызсырайтын, қиналатын кездерім болады. Басымнан өткен жағдай менің өміріме кері әсерін бермей қоймады. Десек те, оның нәтижесінде менің балам дүниеге келді.