«Нұр Отан» партиялық жаңғыру жөнінде қызу пікірталас өткізуде

/uploads/thumbnail/20171125130700444_small.jpg
Дәл қазір Астанада «Nur Otan Talks: modernization» конференциясы өтіп жатыр  деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
«Нұр Отан» партиясының ұйымдастыруымен қолға алынған іс-шара TED Talks форматында өтуде. Оған негізінен Фейсбук желісінің қолданушылары қатысып жатыр.  
Конференцияның модераторы, «Нұр Отан» партиясы Төрағасы Бірінші орынбасарының кеңесшісі Жанна Құрманғалиева партия мүшелерінің, сарапшылардың, қоғам қайраткерлерінің, масс-медиа өкілдерінің және ел ертеңіне бейжай қарамайтын барша қазақстандықтардың қатысуымен партияны жаңғыртудың өзекті мәселелері талқыланатын заманауи форматтағы сұхбаттасу алаңын құрудың маңызы жоғары екенін айтып, іс-шараны ашып берді.
Өз кезегінде белгілі саясаттанушы, әлеуметтік желінің белсендісі Саясат Нұрбек партияның осындай бейресми әрі өте тиімді форматта алғаш рет жиын өткізіп отырғанына айрықша назар аударып:
– Қай кезде де кедергілер мен қарсы пікір білдірушілер кездеседі. Яғни, жаңғыруды қолдайтын да, оған қарсы шығатын да азаматтар болады. Осы ретте мен тиімді келіссөздер өткізіп, екі аудиторияны ортақ мүддеге тоғыстыра білуіміз керек деп санаймын, – деді.
Спикерлер тақырып аясында еркін пікір алмасып, өз ойларын ашық білдіруде. Олардың арасында Саясат Нұрбекпен қатар, Динара Сәтжан, Айдос Сарым, Рахым Ошақбаев, Тәңірберген Бердоңғар, Нұртас Адамбай сияқты белсенділер де бар.
Айта кетейік, партия Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев партияны жаңғырту және оның саяси жұмысына жаңа үлгілер мен әдістерді қолдану керектігі туралы тапсырма берген болатын. Соған орай конференцияға қатысушылар Қазақстанның үшінші жаңғыруы және Партия Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Елбасы тапсырған партиялық жаңғыру мәселелерін талқылауда.

Қатысты Мақалалар