Шымкент қаласына еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова келді, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Қазақстанда 2018 жылы енгізілетін жаңа форматтағы әлеуметтік көмек көрсетуге дайындық барысымен танысу үшін Светлана Жақыпова шырайлы Шымкент қаласына келді.
Облыстық әкімдікте өткен мәжілісте осынау мәселе жан-жақты талқыланды. Онда тиісті көмек көрсететін сала қызметкерлері мен мекемелердің әзірлігі пысықталды.
Алдағы жыл әлеуметтік сала қызметкерлері жаңартылған жүйеде ұсынылатын әлеуметтік көмек көрсетуге сақадай сай дайын болуы тиіс.
Сала басшысының сөзіне сенсек, осынау көмекке мұқтаждар саны келесі жылы 300 мыңға жуық. Олардың 74 мыңы шартсыз, 222 мыңы шартты әлеуметтік көмекпен қамтылады деп күтілуде.
Бүгінгі таңда атқарылып жатқан жұмыстармен танысу үшін Светлана Жақыпова әлеуметтік мекемелерді аралып көрді. Оның ішінде жуырда ғана ашылған Шымкенттегі №1 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қосымша 110 орынды ғимараты. Мұнда 18 жастан асқан психо-неврологиялық аурулары бар І және ІІ топтағы азаматтар арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз етіледі.
Өзінің Шымкентке жасаған сапары барысында Светлана Жақыпова жобаны өткен жылы сәтті жүзеге асырған әріптестеріне сенімін білдірді.
Пікір қалдыру