Қазақ Қарулы Күштері әскери ұшақпен толықты

/uploads/thumbnail/20171129122312870_small.jpg

Алматыдағы авиациялық базаға кезекті С-295 әскери-көліктік ұшағы келіп түсті, - деп жазады Qamshy.kz

Ұшақтың бұл түрі максимальды ұзақ қашықтықтың барлық аумағын қосымша жанар-жағар майсыз ұшып өтуге қабілетті. С-295 ұшағы өте қарапайым әрі пайдалануға тиімді. «Airbus Military» авиациялық концерні бұл моделді өзінің сенімділігі, басқару жүйесіндегі үзіліссіздігі, жанар-жағар май үнемдеуі, техника мен жеке құрамды тасымалдау кезіндегі маневрі мен мобильділігі бойынша өзге ұшақтардан ерекше жасаған. С-295 ұшағын Испаниядан Қазақстанға экипаж командирі 1 сыныпты ұшқыш подполковник Дмитрий Гроц басқарған Қазақстан Әуе қорғанысы күштерінің ұшқыштары басқарып алып келген болатын. «Осыған ұқсас ұшақтардан ерекшелігі бұл ұшақ 5 500 шақырымға дейінгі қашықтықтағы ұшуларды орындауға қабілетті. Сонымен бірге, осы уақыт аралығында ұшақтың жағар май шығыны өзге ұшақтарға қарағанда екі есееге аз», - деп атап өтті экипаж командирі подполковник Дмитрий Гроц. Қазақстан армиясының әскери-көліктік авиациясы қатарын толықтырып жатқан жаңа техникалар жауынгерлік қабілетіміз бен ұтқырлығымызды арттыруға, сондай-ақ жеке құрам мен техниканы алыс қашықтыққа тасымалдауға зор мүмкіндік береді.

Бұл тектес ұшақтар Қазақстанда 2012 жылғы желтоқсаннан бері пайдаланылып келеді. Бүгінде қазақстандық ұшқыштар мен техниктер оларды толықтай игерді. С-295 экипаждары Қазақстан аумағында және алыс шетелдерде өткен барлық оқу-жаттығуларға қатысып жүр. Пайдалануға берілген екі жыл ішінде С-295 біздің табиғи-климаттық жағдайда өзін сенімді және күй талғамайтын ұшақ ретінде көрсетті. 
Қазіргі таңда Қарулы Күштердің техникалық жарақтануы айтарлықтай артты. Қарулы Күштерді қазіргі заманғы авиациялық техникалармен жарақтандыру әскерлердің ұтқырлығын арттырып, әскери-көліктік авиация паркін жаңартуға мүмкіндік береді.

Әуе қорғаныс күштерін жабдықтау үшін үздіксіз жаңа зымырандар мен ұшақтар алынып келеді. Әскери-көліктік авиацияны 2020 жылға дейін толық жабдықтаймыз, деген еді сәуір айындағы ҚР Парламенті Мәжілісінің Қарулы күштер қызметі бойынша үкіметтік сағатында  Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов.

«Бүгінде ҚР Қарулы күштерін қарулы әскери техникамен жабдықтау 92 пайызға жетті. МиГ-27, МиГ-23, МиГ-29 ұшақтары шығарылып жатыр. Екі су-30 ұшағының келіп түседі деп жоспарланған. Жоғары бас қолбасшыға бұл ұшақтардың аса қажеті екені және жыл сайын төртеуін қабылдап отырсақ дұрыс болатындығы турасында айтылған», - деген болатын министр Жасұзақов.

Си-295 әскери-транспорттық ұшағы - испандық «Эйрбасс Милитари» кәсіпорнында жасалған және заманауи навигация жүйесімен жабдықталған ұшақ. Си-295 ұшағы 9 тоннаға дейін жүкті жеткізіп, 70 әскери қызметшіні толық қару-жарағымен тасымалдай алады және қосымша жанармай құймай 5 мың шақырымға дейін ұша алады.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар