«ШҚО экономикалық және рухани жаңғыру міндеттерін жүзеге асыру»

/uploads/thumbnail/20171129163426582_small.jpg

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-мәслихатында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауының, сонымен қатар «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асу барысына тоқталды. 

«Биылғы көрсеткіштерге көз жүгіртсек, Шығыс Қазақстанда экономикалық бағытта ауыз толтырып айтарлық өсім байқалады. Республика Президентінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында көрсетілген мақсат пен міндеттерді, стратегиялық жобаларды, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру үшін облыста барлық жағдай жасалған, қажетті ресурстар көзі де жетерлік», – деді Даниал Ахметов.

Жыл басынан бері Шығыс Қазақстан экономикасының ішкі аймақтық өнімі 102%-ға өсті. ІАӨ артуы, ең бірінші, ауыл шаруашылықтағы ішкі өнімнің 102%-ға, сондай-ақ, құрылыс саласында 108%-ға ұлғаюы есебінен болып отыр. 234 мың ш.м. аумақты құраған тұрғын үй бой көтеріп, қолданысқа берілді. Бұл ретте көрсеткіш деңгейінің 104%-ға еселенгенін атап өткен орынды. Ал негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі ақшалай есептегенде 107%-ға өсті (ТКИ – 100%).

Аймақта индустриалды-инновациялық жобалар табысты әрі жоғары қарқынмен жүзеге асып жатыр. Ағымдағы жылдың өзінде кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында құны 381,4 млрд. Теңге құрайтын 6 жоба іске қосылады. Нәтижесінде, 1800 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.

Агро-өнеркәсіптік кешен. Экономикалық өсімнің драйвері ретінде Шығыс Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласының дамуына жоғары көңіл бөлініп келеді. АӨК-ге тартылған инвестиция мен құйылған субсидияның жалпы көлемі 30 млрд. Теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 600 млн. Теңгеге артып отыр. Қолға алынған кешенді шаралардың арқасында биыл ауылшаруашылық ішкі өнімінің деңгейі 2016 жылмен салыстырғанда 11 пайызға артты.

Білім. Облыста 2015-2019 жылдарға арналған үштілді білім беруді дамытуға бағытталған Кешенді жоспар қабылданып, жергілікті бюджеттен соңғы екі жылда 1,7 млрд. Теңге бөлінді.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде Шығыс Қазақстан мектептерінің химия, биология, физика және робот техникасы сыныптарын жаңартып, өзгертуге бағытталған «Менің мектебім» жобасы қолға алынды.

Білім саласындағы тағы бір маңызды бастама – ол мектеп түлектерінің сыртқа кетуін тоқтату мақсатында атқарылып жатқан жүйелі жұмыс. Облыс әкімдігі аймақтың негізгі ЖОО-на сұранысқа ие мамандықтарға 200 грант және облыс экономикасын өркендетуге қажетті мамандықтар үшін мемлекеттік тапсырыс аясында 200 орын бөледі.

Денсаулық сақтау. Облыста аталған саланы дамытуға бағытталған үш жылдық стратегиялық жоспар құрылған. Оның аясында онкология, кардиология, босандыру, ана мен бала денсаулығын сақтау сияқты басым бағыттар бойынша 1,2 млрд.теңгеге үш деңгейлі арнайы оқыту бағдарламасы жүзеге асуда.

3 жыл ішінде шетел клиникаларында 150 маман оқытылмақ. Бұған қоса, биыл облыстың барлық медициналық мекемелеріндегі медициналық құрал-жабдық кешенді тексеруден өткізіліп, олардың қатары алдағы үш жылда 23 млрд теңгеге жаңартылады. Ерекше атап өтер жаңалық, ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе Өскемен қалалық №1 аурухана базасында елдегі тұңғыш әрі бірегей Роботтандырылған хирургия және трансплантология орталығын ашу туралы шешім қабылданды.

ЭКСПО-2017 жобаларының іске асуы. Астана қаласында өткен ЭКСПО – 2017 көрмесінде Шығыс Қазақстан облысынан 4 жоба бұқара назарына ұсынылды. Оның ішінде 2 жобаның (Зырян ауданында Тұрғысын су қоймасында қуаттылығы 24,9 МВт және 20 МВт болатын ГЭС-1 мен ГЭС-2 құрылысы) жүзеге асуы басталып та кетті.

Сондай-ақ, «Қазақстан» павильонының «Жасампаз энергия» бөлімінде Курчатов қаласының Ұлттық ядролық орталығы «Қазақстандық Токамақ термоядролық материалтану реакторы» жобасын ұсынды.

ЭКСПО-2017 көрмесіне қойылған жобаларды зерттеу бойынша құрылған облыстық жұмыс тобы аймақта энергетика саласына қатысты 15, экология – 5, сумен жабдықтауға бағытталған 2 жобаны қамтыған, жалпы саны 22 жобаны жүзеге асыру мүмкіндігін қарастырып отыр. 

Рухани жаңғыру. Облыста 28 млрд. Теңге бюджеті бар, қатарына 61 жоба кірген бес жылдық «Рухани жаңғыру» кешенді аймақтық бағдарлама құрастырылды. Көп этникалық халықтың тарихын, бай мәдени мұрасын, салт-дәстүрін зерттеу, сақтауға бағытталған жобалардың маңыздылығы жоғары. «Көне қазыналар» жобасы бойынша 5 археологиялық-зерттеу жұмыстары зерттелінді (Катон-қарағай ауданындағы Берел, Зайсан ауданындағы Шілікті қорғандары, Ұлан ауданындағы Абылайкит қорған-монастырі, Тарбағатай ауданындағы Елеке сазы, Абай ауданындағы Қырықүңгір ескерткіші). 

Өңірдің тарихи-мәдени мұрасын, танымдық туризмін дамытуға бағытталған «Шығыс Қазақстанның маржаны» атты аймақтық жоба жақын арада көпшілікке жол тартады. Оны жүзеге асыру аясында Шығыс Қазақстанның киелі жерлерінің картасы жасалды. Айта кету керек, ШҚО 10 нысаны Республикалық сараптау комиссиясының қарауынан кейін «Қазақстанның киелі жерлері» тізіміне енгізілді. Сондай-ақ, мұражай, кітапхана, мұрағат қорларын цифрлік форматқа ауыстыру бойынша жұмыстар басталды.

«Рухани білім беру» жобасы аясында Семей қаласында 100 орынға шақталған шығысқазақстандық дінтану колледжі құрылады.

Бұдан бөлек, «Туған жер» бағдарламасына 21 млрд. Теңгеден астам қаражат жиналды.

Туризм. Қазақстан Республикасының туристік саласын 2023 жылға дейінгі дамыту концепциясы аясында облыста «Алтай маржаны» туристік кластерін құру бойынша жұмыстар жалғасын табуда. Соңғы 2 жылда 4,3 млрд. Теңгеге негізгі туристік бағыттағы жолдар жөндеуден өтті. Жағажай туризмін дамыту мақсатында 550 млн. Теңгеге Сібе көлдері мен Алакөл жағалауы абаттандырылып, демалушыларға қолайлы жағдай жасалды.

Бұдан бөлек, шетелдік туристер Катон-қарағай ауданы мен Марқакөлге көші-қон полициясының қосымша рұқсатынсыз кіріп-шығуы туралы ұсыныс Үкімет тарапынан қолдау тапты. Аталмыш бастама аймақтың экотуризмін дамыту екпінін арттырары сөзсіз.

Сонымен қатар, Алакөл жағалауында ҚХР-мен шекара аралық ынтымақтастық аймағын құру туралы ұсыныс енгізілді. Оның негізінде қытайлық туристерге жеңілдетілген көші-қон және визалық режимі қарастырылады. Аталған мәселе сыртқы істер, мәдениет және спорт министрлігінің қарауында жатыр.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар