Тұғыр(поэма)

/uploads/thumbnail/20170708162109965_small.jpg

"Қазақ елі - 550 жыл" шығармашылық бәйгесіне

  1. Тек
  «Тектіден текті туады, Тектілік тұқым қуады. Тектілердің тұяғы, Таңдайды құз-қияны. Шын тектілер халқы үшін, Өлімге басын қияды.»                   Бекасыл әулие   Қара жол, қара керуен, көш келеді, Бекіген қара нардың көште белі. Ғасырдан ғасыр асып сүрлеу салған, Тегі мен теңін артқан көшкен елі.   Сары бел, өрнек салған сағым дала, Ашқандай ұлы көштің бағын дара. Жайылған ұланғайыр дала төсі, Ұлтының ұлықтаған таңын ғана.   Мүжілмей кеселдерден ұлт кемері, Мүддесі мұратталған, нық дегені. Қажырын қайратымен қайрай шыңдап, Көшінің көркіменен ұлт келеді.   Ерен ұлт.Терең тартқан – Тек түбірі, Түбірі тереңдікте тектілігі. Қанынан жаралғасын түркі тамыр, Таймайтын төрт тағанды тек тұғыры!   Шыңдалған түркі текті ат жалында, Шежіре сырын шерткен хаттарында. Бабалар кешкен дәуір белгілері – Тау-тасы, жотасы мен қатпарында.   Қазақтың түп тынысы кең демінде, Ғұндардың қасиетті белдерінде. Дұшпанның қаны сіңген тоқымы мен, Шыңдалған қазанаттың ерлерінде.   Тұлымын тарап өскен кең даласы, Ерлікпен өлшей берген ел бағасы. Біз қазақ – жөргегінен байрақ тіккен, Үйсіндей ұлы жұрттың бел баласы.   Біз тудық, ерлік үкім байлауында, Елдіктің еркіндікті қайрауында. Әлемнің тұғыр тағын дірілтеткен, Қаңылы, Қыпшақ баба жайлауында! Біз, қазақ – арғын, найман, керейденбіз, Түркінің тегіменен теңелгенбіз. Алаштың алтауына негіз болған, Бабалар рухымен кеңейген – біз.   Тілеген ұрпағының жолын ақтан, Жолының жойылмаған оңы мақтан. Біз, қазақ текті болып жаралғанбыз – Жалайыр, алшын, дулат, қоңыраттан.   Біз, қазақ – «Еркін жұрт»1 боп ұрандадық, Ұстанып көкке самғар қыран бағыт. Өрісін қазақшылық құрған кезде, Қонысқа иеленді Тұранды анық.   Біз, қазақ – «Жауынгерміз!». Ұғым ғажап, «Батырлық!»2 рух алған ұғымнан-ақ. Өскенбіз түзбаласы ғасыр көште, Жаратқан бір Алламыз құлын қалап.   "Керей мен Жәнібектің, бұлардың қайсысы басшы, қайсысы қосшы деуге болмайды. Екеуі де дана, екеуі де ер. Алаштың асып туған ерлері." М.Мағауин
  1. Хандық тұғыр
  Қаласа, елдің елдік тұғырын нық, Алмайды бірліктінің ғұмырын жұт. Санаған көшпенділер көреген көз, Жайылар кіндігінің ұғымын құт.   Тұрғанда елдік тілеп Тұран аман, Тектен тек ұлыс басын құрамаған. Даланың тылсымынан дәріс алған, Түркінің тұғыр туы құламаған.   Болса да тайпа көші, жүгі басқа, Бел буған қандас тамыр құрымасқа. Бодандық буын жұтқан бауырластар, Жол ашты тұрған кезде құны баста.   Егіліп жер жәннатқа азат шыбық, Құрылды заңды байлам қазақшылық. Бұйырып ұлт қадасы ұлы жерден, Ұлыстан ұлтқа көштік «Қазақ» құрып.   Табыстап көк киеге жан тәңірін, Тарқатып тайпалықтың сан тамырын. Шыңғыстың төл ұрпағы ту көтерген, Тұғырын бекем етті хан тағының.   Түндікке бағыт қылып түскен күнін, Тұтанған алау етті іштен күлін. Бөлініп Әбілқайыр билігінен, Күйретті жат ұлыстың үстемдігін.   Керей мен әз Жәнібек жол ұстанған, Туындап ұлттығына оң іс қаннан. Бабаның жер жәннаты Жетісуға, Шу бойы, Қозыбасын қоныстанған.   Ұраны жалғастырған жерді көкпен, Аңсаған түркі жұрты ерді көптен. Кіндігін елдігінің бірлік кесіп, Қазақтың туын тігіп, желбіреткен.   Жарасып қос арыстың егіз демі, Өзібек, моғолдан да жең үзгені. Қаланды қалауымен тайпалардың, Қазақтың этностық негіздері.   Тарихтан тамыр жайған айғақ бәрі, Сол «Қазақ» қазақтығын айғақтады. Өрісі малға толып көшпендінің, Саудамен желі керді аймақтары.   Қатайған табаны мен таста жоны, Майданның ерлікпенен баста қолы. Қазақтың табиғатын асқақтатқан – Ереже «Қасым ханның қасқа жолы»!   Жүрегін ұлт намысы жанып тілген, Қазақтың көші басқа бағыт түрген. Тұсында Қасым ханнның Азия да, Еуропа, Ресей де танып білген.   Көреген көкіректен басталар күн, Жүгі де салмақтырақ баста нардың. Қазақтың қайратына қуат берген – «Даналық дара жолы Хақназардың!».   Іріткі заман болды жілік тілген, Алауыз, мансап құмар, бүлік түрген. «Ақназар» халық қойған бағалы аты, Халқының мүддесін де біріктірген.   Өшпейді ісі қалған бағалы адам, Ұлтының бағын ойлар саналы адам. Тек қазақ жұрты емес, қырғыз, ноғай, Патшаның патшасы деп бағалаған!   Хан тағы – ел мұраты ғұмырының, Мұратқа жеткендердің ғұмыры мың. Тәуекел тұсында да туы биік, «Тура жол!» таба білген тұғырының.   Бұзылмай ұйытқысы қаймағының, Шешімін тауып жолы байламының. Бақанын берік ұстап құлатпаған, Қазақтың қасиетті байрағының.   Ұранды жауы бұққан айбатынан, Еткендей жерде тағзым айға тұман. Шайбани, Бұқар, қалмақ, ноғайлар да, Бас иді қазақ күші, қайратынан.   Есімхан – хан тағында дара тұлға, Еңселі елі үшін жаратылған. «Ескі жол Есім салған» заңнамасы – Ғұрыптың заңы болды таратылған.   Сақтаған ата салттың киесін де, Даттаған ұлтқа жұққан күйесін де. Елінің етек-жеңін түгендеген, Ел заңы елдік құрам жүйесінде.   Ұсынған өсер елге басар қадам, Дұшпаны қайғысынан жасармаған. Еңсегей ер тұлғалы Есімханнан, Қазақтың қас жаулары аса алмаған.   Қазақтың кім дау айтар ерлігіне, Билеген заңы болған теңдігіне. Тәукеден бастау алған «Жеті жарғы» - Жарғылық құжат болған елдігіне!   Бастысы – ел болуда оңды дерек, Жеткізер ұлт рухы жолды демеп. Үш жүздің басын қосқан бірлік үшін, Абылай ерлігінің орны бөлек!  
  • Тұтастық
  Сан ғасыр, сан жылдармен көшті азап, Сүрініп, жығылғанмен өсті қазақ! Бүгінге тәуба дейсің өркендеген, Тұтастық туын тіккен көшті қарап.   Еркіндік жеңілдікпен келмеді анық, Бабалар көрсеткенде елге бағыт. Ұрпақтың ұлықтығын жанға түйген, Қанымен мүдделерін терге малып.   Біз елміз, қайсар күштер бағыттаған, Келеді елдігіңді танып балаң. Қабанбай, Бөгенбай мен Малайсары, Рухы – көкте қыран қалықтаған!   Ел – тұғыр, елін сақтар халық, қаған, Жолының сан тарабын анықтаған. Олжабай, Жомарт, Баян ұрандары – Әнұран жүрек үні шарықтаған!   Сақтайтын әрбір қазақ «қазақ құны» - Шынайы ұлт бейнесі қазақтығы! Хан Кене, Наурызбай мен Жанқожаның, Қан төккен ұлы мұрат, азаттығы.   Түрілген бодандықтан ел түндігі – Салтанат құрған қазақ еркін күні, Махамбет, Исатай мен Сырым шешен, Садақа еткен жанын еркіндігі!   Қазақтың Елі болып бақ ашқаны, Ұлтымның тарихына таласқаны – Кешегі арыстарға қуат берген, Киелі, қасиетті Алаш қаны!   Тәуелсіз ел болып та құрылған күн, Көрінген ұлт бақыты тұғырдан күн – Құрбан боп кеткен қандас бауырлар мен, Жандары жазықсыздан қырылғанның!   Тұрғаны қуаттанып баста күнің, Жасырып шарасыздан басқа мұңын. Жеңісі желтоқсанда елдік үшін, Төгілген боздақтар мен жас қанының.   Өзгерткен бар болмысын, түрін дала, Сүйреген қазақ жұрттың жүгін дара. Қазақ та, асқақ тұрған Қазақия, Келген жоқ жер бетіне бүгін ғана.   Бүгінде кең жайылған құлашымыз, Тұғырдың тамыр жайған ұласы – біз! Әлемнің назарына ұялаған, Даму мен шарықтаудың куәсі біз.   Болса да түрлі сауал, бағыт мейлі, Қараша халық қана жанып, күйді. Еліне адал еңбек еткендерді, Болашақ біздерсіз-ақ дәріптейді.   Болашақ ие болсын, басты аңызға, Жол болған алты ғасыр басқамызға. Ел басы ел бастаған ел қадірлі, Артады халық сенім патшамызға.   Хан дәуір өзге түрде салты бірақ, Көрмеген бас кессе де анты құлап. Бізді де өткен шақта дәуіріміз, Келешек бағаласа, артығырақ!   Көргендер, көрдік дейді шынды бүгін, Түскен мен көтерілген құнды қүнін. Керей мен Жәнібектей бағаласа, Арттқаны қазақтығың, құндылығың! Өшпейді терең тарих қазақ аты, Жебеген бабалардың шапағаты. Қазақтың қазақтығын сақтайтұғын, Тұтастық, ұлтын сүйген махаббаты!   P.S. Ұлықпен ұлықтанған ғұмырымыз, Патша-бас, қуат берер жұлыны-біз! Керей мен Жәнібектің аманты – Құламас! Деп сенеміз тұғырымыз!    
  1. «Қазақ» сөзі ескі түрік тілінде «еркін адамдар» деген ұғымды білдіреді.
  2. «Қазақ» сөзі - «батыр», «жауынгер» парсы тілінде деген ұғымда.
                                             Ақын жайлы мәлімет  talap   Автор туралы Қуаныш ТАЛАП Таймасұлы Туған жері: БҚО, Қаратөбе ауданы, «Мұхит Мералыұлы» ауылы. Мекенжайы: Орал қаласы Қызметі: БҚГИУ- тің аға оқытушысы, обл. «Ақберен» жас ақындар мектебінің жетекшісі. «Жоғары санатты» ұстаз-педагог, ғалым-өлкетанушы, бұрынғы айтыскер ақын. Белгілі ақын Жанғали Набиуллин мен айтыскер ақын Шолпан Қыдырниязованың, ғалым Серік Мақпырұлының шәкірті. Өлең жинақтары: «Өмір-бұлақ», «Ақиқат айнасы», «Жанардағы жарық күн», «Темірқазық» (облыстық), «Жайық толқындары», «Құтқарушы қырандар» (республикалық) жыр жинақтарына өлеңдері енгізілді. Ғылыми еңбектер: «Әдебиетті оқыту әдістемесі» (Оқу құрал), «Жайықтың жыр жампозы» (Монография), «Поэзияны оқыту әдістері мен талдау технологиясы» (Оқу құрал). Республика көлеміндегі жетістіктер:
  1. II Республикалық «Иссауитану» жыр-мүшәйрасы (Бас жүлде),
  2. II республикалық «Мағжан көктемі» өнер фестивалінің лауреаты,
(3 орын).
  1. Республикалық «Ж.Молдағалиев» атындағы мүшәйра лауреаты,
(I орын)

Қатысты Мақалалар