Жемқорлық пен парақорлық әлемдік деңгейде үлкен мәселеге айналып отыр. Мемлекет экономикасының берекесін қашыратын індет десе де болар. Қазіргі таңда қоғамда белең алып тұрған бұл мәселені болдырмау үшін билік те, жеке адамның өзі де атсалысуы қажет. Тіпті мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі «жемқорлыққа қарсы күрестің күшейетінін айтқан. Алайда сол жемқорлық әрекеттен биліктегі, министрліктегі шенеуніктердің өзі бас тартпай отыр. 2017 жылдың өзінде бірнеше лауазымды қызмет иелері пара беру, папа алу ісі бойынша ұсталды. Qamshy.kz ақпарат агенттігі 2017 жылы парамен немесе басқа да қылмыстық істер бойынша ұсталған шенеуніктерді тізіп шықты.
Жемқорлық бойынша ұсталғандар
Қуандық Бишімбаев
2016 жылдың мамырында Ұлттық экономика министрі болған Қуандық Бишімбаев жылы орнында ұзақ отырған жоқ. 1 жылдан кейін-ақ министр қамауға алынды. Оның себебі – жемқорлық.
2017 жылдың қаңтарында ҚҰ Ұлттық экономика министрлігін басқарған Қуандық Бишімбаевтың ұсталғаны хабарланды. «Бишімбаев топ болып, алдын ала келісім жасау арқылы аса ірі көлемде бірнеше рет пара алып отырған. Заңсыз алған қаражатты Бишімбаев өз қажетіне жаратқан», - деп хабарлаған сол уақытта жемқорлыққа қарсы қызметтің өкілдері. Сөйтіп Бишімбаев ҚР ҚПК 128-бабына сәйкес, Астана қалалық ІІД уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды. Кейін оның 15 жылға сотталуы мүмкін екені айтылды.
Қазанда Бишімбаев қылмыстық іс бойынша 1,2 млрд теңге көлемінде өтемақы төледі. Алайда тергеу жұмыстары әлі де жалғасып жатыр, нақты үкім шыққан жоқ.
Нұрлан Молдатаев
41 миллион теңге жымқырды деген күдікпен қарашада «Қазақавтожол» РМК Қостанай облыстық филиалының басшысы Нұрлан Молдатаев ұсталды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Қостанай облысындағы департаменті ҚР ҚК 189-бабы 4-бөлімі 2-тармағында (Аса ірі көлемде жымқыру) қарастырылған қылмысты жасады деген күдікпен Молдатаев Рудный қаласындағы уақытша ұстау абақтысына қамалған.
Қанат Сұлтанбеков
«Қазақстан инжиринг» басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков те пара алды деген күдікпен қамауға алынған.
Ол қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабының 4-бөлігі бойынша («Пара алу») айыпталды. Әр түрлі жетекшілік қызметтері барысында Сұлтанбеков 1 млрд теңге көлемінде пара алған. 2017 жылдың 4 желтоқсанында жемқорлыққа қатысты қылмысы үшін ол 10 жылға бас бостандығынан айырылды.
Қанат Сұлтанбеков "Қазақстан инжиниринг" вице-президенті қызметін 2015 жылғы ақпаннан бастап атқарған.
Рашид Аманжолов
Сәуірде сот «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы басқарма төрағасының орынбасары Рашид Аманжоловты қамауға алу туралы санкция берген.
Алайда қандай бап бойынша айыпты болғаны хабарланбады. Тек мамырда Ұлттық қауіпсіздік комитеті Рашид Аманжоловқа қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 367-бабының 4-бөлігі бойынша – «Пара беру» сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын жүргізіп жатқанын мәлімдеді.
Лариса Пак
3 шілде, Жемқорлыққа қарсы қызмет Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің төрағасы қызметін атқарушы Л.Пакты, Павлодар облысы бойынша Фармация департаменті жетекшісі З.Қажынованы, Фармация комитетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша бас маманы П.Имамходжаевты және бас сарапшы Д.Ибраеваны жүйелі түрде жалпы сомасы 10 млн теңгеден асатын пара алғаны үшін ұстады.
2017 жылдың 30 қарашасында Астана қаласы Алматы ауданының №2 аудандық сотында Лариса Пакқа қатысты үкім шығарды. Ол 2018 жылдың 4 қаңтарына дейінгі уақытта үй қамақта отырады.
Мемлекеттік құпияны заңсыз жария еткен
Бағлан Майлыбаев
2017 жылдың қаңтарында ҚР Президент әкімшілігінің бұрынғы қызметкерлері ұсталды. Ол ҚР Қылмыстық кодексі 185-бабы 1,3-бөлігіне сәйкес («Мемлекеттік құпияларды заңсыз жинау, тарату, жария ету» қылмыстарды жасады деген күдікпен қамауға алынған.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 128-бабына сәйкес ҰҚК Тергеу изоляторына қамауға алынды.
Ақша жымқырған
Руслан Ерденаев
2017 жылдың қаңтарында БЖЗҚ басқарма төрағасы Руслан Ерденаевқа өзгенің мүлкін заңсыз иеленіп, өз қажетіне жұмсады деген күдік тағылды. Күдікке іліккендер екі айға қамауға алынды. Одан бөлек, "БЗЖҚ" қаржы тәуекелі басқармасының басшысы М.Базтовқа, "АлатауМұнайАлтын" АҚ қадағалау кеңесінің төрағасы Б.Кенжебаевқа, «Бузгул Аурум» ЖШС директоры А. Найзағаринға қатысты санкциялау шаралары қолданылды.
Қарашада сотқа дейінгі тергеу барысында Ерденаевтың өз кінәсін мойындап, болған іске өкініш білдіргені хабарланған.
Руслан Ерденаев мемлекетке 5 миллиард шығын келтіргені және пара алғаны үшін айыпталып отыр.
Максим Касаткин
Қаржыны жымқыру фактісі бойынша ұсталғандардың қатарында «СК-Фармацияның» басқарма төрағасы Максим Касаткин де бар.
Ресми деректерге сүйенсек, Касаткин тендер кезінде "КазСибФармацея" компаниясының мүддесі үшін басқа бәсекелестердің өтініштерін қайтарып отырған. "КазСибФармацея" компаниясы дәрі-дәрмектерді денсаулық сақтау министрлігі бекіткен ең жоғарғы 15 пайыздық көтерме бағадан қымбатқа сатқан.
Тергеу болжамынша, "СК-Фармация" мен КазСибФармация" басшылары 2015 жылдан бастап 1,8 миллиард теңгеден астам қаржы жымқырған.
Ескендір Ерімбетов
2017 жылды «БТА банкі ісі» бойынша төрт адам қамауға алынды. Коррупцияға қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының ақпараты Е.Ерімбетов, В.Соколенко, Д.Пестов және М.Зоровты ұлттық бюро мен ҰҚК-нің ведомствоаралық жедел тергеу тобы 13 қарашада ұстағанын хабарлады.
Ұсталғандарға қатысты "БТА банкі" басшылығының арызымен Қылмыстық кодекстің 189-бабы ("жымқыру") және 193-бабы ("заңдастыру") бойынша соталды тергеу ісі басталған. "БТА банк" төрт азаматты банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязов "жымқырған 500 миллион доллардан астам қаржыны" "жылыстатып, заңдастыруға қатысы бар" деп көрсеткен.
Тергеушілер бұған қоса Е.Ерімбетовті "өзінің "SKY SERVISE" компаниясы арқылы 1 миллиард теңге бюджет қаржысын жымқырды" деп күдіктенген.
Пікір қалдыру