Алтын жыр

/uploads/thumbnail/20170708162941537_small.jpg

 "Қазақ елі - 550 жыл" шығармашылық бәйгесіне

Ақын, тарих пәнінің аға оқытушысы,  Жанат Боқашұлы 1976 жылы Бай-Өлке аймағында туған. 2001 жылы Қостанай Мемлекеттік университетінің тарих факультетін үздік дипломмен бітірген. 2001-2010 жылдары өткен жыр мүшәйраларының жеңімпазы. Бай-Өлке аймағының 70 жылдық мерей тойына орай өткізілген жыр мүшәйрасында 1-орынды иеленген. Дүниежүзі қазақтарының IV құрылтайы аясында елімізде ұйымдастырылған «Жырым саған Атажұрт» атты жыр мүшәйрасында екінші орынды иеленеді. Дүине жүзі қазақтары қауымдастығының 20 жылдық мерейтойына орай өткен шетелден келген ақындардың жыр мүшәйрасында да бірінші орынды жеңіп алды. «Ай тамшысы» атты жыр жинағы шыққан.  Моңғолия және Қазақстан Журналистері одағының мүшесі. Қазіргі Бай-Өлке аймағындағы жазба поэзияның белді өкілдерінің бірі әрі бірегей ақыны.

Қазақ қандығының 550 жылдық мерейтойына өзінің «Алтын жыр» атты өлеңдер топтамасын ұсынады.

   Zhanat Bokash

Алтын жыр

 

Керей хан мен Әз Жәнібек ханға

тағзым жыр

  (Шу мен Таласта атқан таң)   Жылдары жылжып та маң басып, Армандар соңынан таңға асық. Жатты сол кезеңде толассыз, Тарихи кезеңдер алмасып. Дәуірмен дәуріккен жарысып, Қуанып, мұңайып зар ішіп. Түркінің, Алтын да Көк Орда ұлысын Құраған қазақтар уығын шанышып. Дегенмен! Шын өрен керек-ті жанатын, Көреген! Қаһарман болатын. Таласқа айналған тағдырын Алаштың Бөрілер ішінен! Бөліп ап қалатын. Тартысқа түскендей сол бір шақ Жан-жағын түн құрсап, Дештілер – Байтақта Сан-саққа соғылып мың Қыпшақ! Асырар баршаға айбарын, Сақадай сайланған сайлауыт! Орданың ханынан ығыса түсіпті Рулар жекелеп аймағы. Кеткендей кереге сөгіліп (Өзара алакөз өр ұлық Тақ құмар мұрагер желігіп) Көкпарға тартылар серкедей Орданың қарасы бөлініп. Осылай тұрғанда мұң ұлып Сынаптай сырғып та құбылып Тоңдырмас сеңсеңі ішіктей, Қазаққа жақындап жылылық. Күткендей... Ұлы бір... Жаңа айды Тағатсыз күндерді сабылған Қаймана тағатсыз санайды Арманшыл... Ұлы елім... алдынан Ақ таңың – Арайлы Қозыбасы – алаулап Алғашқы атқан ең Есіміңді атасын жатқа әлем Тарихтың жазылған қатпары ең Әзиз һәм – бабамның Бұрын соң көрмеген Ақ таңы ең Бұл жерде! Орыс хан ұрпағы Жәнібек Керейім, Тұғырын хандықтың Қалаған ер дейін. Аландар арманын жалғаған, Заңғарым – Егейім. Ел билеп көсемі Шығыста! Ерлерге сын тұста Торғай тоз болдырмай Бөріге ұқсайтын бөрі елдің Бірлігін ұйыттың уысқа! Мейлі, мейлі! Сан мәрте жасыдың, тасыдың Досың кім? Сезе алмай Қасың кім? Білерім бір ғана; Ұрпағы белгілер алтынмен Бүгінге жалғасқан Бірегей Ғасырым. Ғасырым!  

ҚҰДІРЕТ

Бисмиллаһ-ир рахман-ир-рахим. Баяғы бағзы замана қалды демеші! Сияды қалай, Көңілге мұңсыз елесі? Харамды тиып, Храмды талқандағандай, Көңілден жүзді, (Құдірет!)... Нұхтың кемесі! Құтылам қалай, Ойдағы қилы сұрақтан? «Атады қашан - десем де - алдан бір Ақ таң?» Бір сиқыр дауыс, Сұғынып ылғи болмайды: «Қуылды, - деген - Адамың неге Жұмақтан?» «Қуылды қалай?» Көңілде сұрақ тұрар құп, Паң көкіректен, Қаншама шатақ шығардық? Бабамыз, солай, Бастапты ісін - Пенделік, Бойларын билеп, әуелі - Көрсеқызарлық! Сарқыншақтары, Бәрі жүр әлі қағынып, Шамандық жолда, Шамаларынша сабылып. Арыдан қалған, Ісіндей "Ажығұнықтың", Пұттарына әлі, Құл болып жүр, табынып. Барамыз қайда? Ертең бе, бүгін түн, мейлі, іріткі салып, Бірлерін бірі күндейді. Ақырат күнде, Ертеңің Ақырзаман ба? Ескеріп оны, Әзірше ешкім білмейді. Рахман Ием, Жібермек бәрін жарық қып, Ислам солай, Айналса дінге «Халықтық», Мұғжизасымен, Мұхаммедім тұрса да, Айналып жүр, Адамды антроморфтық! Ғұмыры - түстік, Кешкілік малын жияр ед, Пиғылын осы, Пендеңіз қалай тияр ед... Бүгінгі күнді, Бақытқа балап баянды, Боларын ертең, Сезбей-ақ өттік - Қиямет! Барады қайда? Бастағы мынау без мұңсыз, Апарар жолы, Азап па, адам төзгісіз? «Алла» деп айтпай, Аяқ асты Ажалды, Өкініп жүрміз: «Болды - деп - қаза мезгілсіз» Ақырат күнде, Ертеңің Ақырзаман ба? Ескеріп оны, Әзірше ешкім білмейді.  

Қобда өзен

Тәубә етіп Алаң-құбаң күніме, Дәмін татып, Жеттім міне бүгінге. Асау Қобдам Арының бар айбатты Сөз жетпейді Сенің мөлдірлігіңе!   Ақ жауындар Ағытқанда түймесін Тәкаппар паң Тауларың да жиды есін. «Тартылды» деп Жүрген тантып тантықтар Алла сақта Ашуыңа тимесін!..   Қара бұлттар Қарс түйіп қабағын, Бес тәңірге Күн қадаса жанарын. Қопарылып Қара тастар қазандай Жан ұшырған Бойы да сай-саланың.   Алақанмен Ұрттағанда жүректен Шыққандайын Шымырлап үн шым еткен. Жазда келіп Шомыларда о, ғажап Менің тәнім Сенің жаның дір еткен...   Көк тіреген Көк аспанның астында Кері көңілмен Кесір күнде асқынған. Қыс болғанда Табаныммен күнаһар Сенің аппақ Баурыңнан бастым ба?..   Айналмаған Малта-малта тасыңнан, Арулардың Айнымаған шашынан, Қасиетті Сезінбестен шошынам Қасіретті Тағдырыңа ашынам.   Кеудеңе әкеп Қоқыс төкті – Есірік (жағажай ғып Жалаңаштар көсіліп) Айуандығын Пенделердің көрсең де Ақтың үнсіз Үндеместен есіліп.   Өлім жеңіп Бәзбіреудің ойын да Ажал жібін Іліп біреу мойынына Жазмышының Дәмі біткен талай жан Ертелі-кеш Енген жұмбақ қойыныңа.     Сондықтан ба Байыбына бармастан, Қайғы жұтқан Қаншама жан қарғасқан. Сезімсіздер Серменделер, қырсыздар Қобда өзенді Қанды өзен деп алжасқан.   Шөліркеген Шақтарымда қандым да Көріп сені Тарқағанды жан мұңнан, Ағаттығым үшін Сұрап кешірім! Тұрмын Тәңір Сенің «киең» алдында...  

Санадағы сыр

Бөктерінен Бөкентау бір сан қилы, Ақсақалды Абыз шал күй сарқиды. Бетегелі Көгілдір шоқылардан Жусан жырдың Жұпарлы иісі аңқиды   Дегендейін Бұл әуен – есті мені Их булан тауының есті лебі. Құлдай аққан, Қобда өзен сыбдырынан Құлын күнім Сыңғыры естіледі.   Қайыңды арал! Жағалап жар қабағын Шалдыққаннан болған-ды Шаң балағым. Қайыс арқанын Әкемнің тығып алып Тайды үркітіп Тайыншаны шалмалаған...   Есімде әлі Есіріп қаңғығаным Ағаш ат қып Сүйрелеп талдың бәрін. Тізесіне апамның Басым сүйеп Кешке жақын Қалжырап қалғығаным.   Жігіттіктің! Желігі жанды дағы Арман болып Осының қалды бәрі. «Өркениет» жолына Кеш іліккен Өлкем үні Жар салып жаңғырады.   Жетпістегі Қарт қоныс төсін керді Жаһанменен Жылжыды көш ілгері. Атам мінген Ақжал ат жортқан жонда Жүрегі жоқ Темір ат көсіледі.   Тұлпар мінез! Тоқымның тер ғып астын Етек жеңін Жинаған елге ұластым Қатпар-қатпар Жел жеген жоталардай Өшкін өшкін Түріммен өрге бастым.  

АҢСАР

Сүйемін мәңгі, сүйемін жан-тәніммен, Атамекен- ау,жаралғанбысың жаныммен. Елжіреп шығар егілген жүрек жырысың, Алтай мен Арқа сағынып салған әнім ең. Құлаққа сіңген балалық шақтан ес біліп, Жатса бір әуен жанымды тербеп кешкілік, Елең етемін, елеске солай елтимін, Қарт Каспий жақтан бабамның жыры естіліп. Естірткендейін ұлы дүбірді кеп бабам, «Рухтан ұлым, ояншы»десе тек маған, Шартараптан кейде шақырған еміс дауысты, Арал жақтағы Сақтардың үні ме деп қалам . Ақтарар ма ойдан, Күлтегін келіп сыр тағы Тоныкөк тұрып , шолғандай болды қырқаны Ағызып терін,ауыздығын шайнаған, Шығыстан шыққан Түркілердің тұлпары Сағыныш сезім, кереметіне қарашы, Ғасырлар желіп,батқанмен күндер қарасы, Көлбеңдеп көзден көксетіп жанды болмайды, Атырау менен Ақ Жайықтың да арасы. Ырқыма қоймай аңсар көңілдін жетегі, Армандағандай киелі «Кіші Мекке»-ні, Түн жатсам мызғып түсіме ылғи енеді, Түркістандағы әулиелердің мекені. Өткен күндердің ойласам бәрін сан қилы, Өлкемнің өзі сырларын ашқан әр қилы. Жерұйыққа кеткен батырлар қайта оралып, Жетісу жақтан жәннаттың иісі аңқиды. Өқтем үнменен талап еткендей тек менен, Дегендей Абай шығар деп бойдан текті өлең, Буырқанса бір сәт бұла жырым өрендей, Ертістің ерен екпіні ме деп көрем. Айтқандай Абай «басталар әнмен жан демі», Сондықтан сірә , өлеңсіз ғұмыр мән бе еді? Өзегімді өртеп өршеленідіріп бара ма , Көкшенің сазы , Біржан мен Ақан әндері? Жолымен сонау жыраулар өткен бұрынғы, Асқақтатқан сонша қымбатқа балап құныңды, Маңдайдан өпші,маңайыңа бәлкім таясам, Атамекен –ау, аңсаған мынау ұлыңды!  

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар