Қазақстандағы жалған діни ағымдардың тізімі

/uploads/thumbnail/20170708164506880_small.jpg

Оқымыстылар осы ғасырды «діни-руханият соғысы ғасыры болады» деп болжап отыр. Болжағаны құрысын, бұл үнсіз соғыстың басталып кеткеніне де бірнеше жылдың жүзі болып қойды. Бейресми дерек бойынша, соңғы 18 жылда 500 мың қазақ (олардың бәрі де кодталып, дуаланған) осындай секталарға өтіп кеткен. Алматыда 27 мешіт болса, өзге діндер мен секталардың ғибадатханалары 200-ге жуықтайды екен. Бұл сан көздеріне аз көрінді ме, әлде қазақтың мұсылмандықтан оңайлықпен ажырамасын білді ме, енді әлем алпауыттары ислам дінін құрту үшін өз ішінен ірітуге көшіп, неше түрлі мұсылман дінінің тонын жамылған діни ағымдарды қоса енгізіп жатыр. Біздің бүгінгі мақаламыз Қазақстанды жайлап бара жатқан жалған ислами ағымдар турасында.

1.УАХАБИЗМ

Уахабизм – ХVIII ғасырда пайда болған ағым, Сауд Арабия­сының ресми мәзхабы. Ол бойын­ша ер адам міндетті түрде сақал қоюы тиіс және намаз оқымаған адам мұсылман емес. Сондай-ақ әулиелердің басына, қабірлерге зиярат етіп баруға болмайды. Пайғамбардың туған күні – Мәу­літті тойлауға қарсы. Қожа Ахмет Йассауи сияқты зәулім кесе­нелерге құрмет көрсетілуді күпір­шілік деп санайды. Мәзхабтарды мойын­дамайды. Жұма күні жеті шелпек тарату, келіннің бетін ашу сияқты әдет-ғұрыптарға, салт-дәстүр­лерге де қарсы. Өздерінше өмір сүр­меген адамдарға қатал көз­қараспен қарайды және қажет болса, күштеп көндіруге тыры­сады. Осы орайда тарихта талай рет қан төгілуіне себепші болған. Осы ғасыр басындағы шешен елінде болған қантөгістердің бас­ты қоздырушысы ретінде аталы­нады. Тар ұғымға байланған нағыз фанаттар. Әсіресе, Қазақстанның оңтүстік өлкелерінде көбірек шо­ғырланған.

2.ИСМАИЛИТТЕР

Бұл діни-саяси ағымның ең басты қолдаушысы – Англия. Кезінде Имам Ғазали сияқты ірі ғалымдарды өлтірген, ислам әлеміне талай рет қасірет тартқыз­ған, шиіттік бағытты ұстанатын қауіпті ұйым. Шыңғыс ханның тұқымы Құлағу ханның қуғын­дауына ұшырап, біразы Орта Азияға өтіп кеткен. Үндістан, Иран, Ауған­станда көптеген жақ­тас­тары бар бұл ұйымды қазір мұрагерлік жолмен тағайындала­тын ханзада Ага Хандар мектебі басқарады. Исмаиліктер намазды күніне бес рет емес, үш рет қана оқи­ды: таң­ертең, түсте және кеш­ке. Жұма на­ма­зына бармайды және құтба оқы­майды. Меккеге қа­жылыққа бармайды, оның ор­нына Кербала­дағы Хазірет Хусейн мен Хазірет Әлидің қабірлеріне зия­рат етеді. Орталық Азиядағы түркі тілдес республикаларда бас­қару орган­дары, білім беру ұйым­дары, баспа­сөз органдары, қорла­ры жұмыс істейді. Өте мықты қар­жылық күштері бар. Ага Хан қоры өз қыз­метін экономикалық даму, әлеу­меттік даму, мәдени ба­ғыт бо­йынша жүргізеді. Тәжік­стан, Қыр­ғыз­стан мен Қазақстан және Исмаилиттер имаматы ара­сын­­дағы Орталық Азия уни­вер­ситетін құру жөніндегі шартқа сәй­кес, Исмаилиттер қауымдасты­ғы­ның Ага Хан қоры Қазақстан­ның Текелі қаласында салынып жат­қан Орталық Азия университе­тіне 250 миллион доллар ақша бөлген.

3.АХМАДИЕ

ХIХ ғасырдың аяғында Үнді­стан­да отаршыл ағылшын үкіме­тінің қолдауымен пайда болған діни-саяси ағым. Өздерін Пайғам­барымыздың екінші аты Ахметпен байланыстырып, ақиқи исламды қалпына келтірушілерміз деп санайды. Бүкіл мұсылман елдері, ішінде Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы да бар, бұл қауымды «кәпір» деп жариялап, пәтуә берген. Сөйтіп, Бүкіләлем­дік Ислам лигасының шешімімен Меккеге қажылыққа кіруіне ты­йым салды. Пәкстан үкіметі ахма­диліктерді «мұсылман емес» деп елден қуып шыққан. Бұл ұйым өзі пана тапқан Англиядан материалдық және рухани қолдау көріп, исламға қарсы түрлі іс-ша­ралар жүргізеді. Қазақстанда пә­к­стандық пірәдарлардың ық­па­лымен 1994 жылы арнайы тір­­кел­ген бұл ұйымның тұңғыш жетекшісі белгiлi жазушыларымыздың бiрi. Қауымдастықтың толық атауы – «Қазақстан Республикасының Ұлттық Ахма­диелік мұсылман жамағаты». 2008 жылдың 1 қаңтарындағы есеп бойынша, Қазақстанда 4 Ахма­диелік жамағат бірлестігі (Алматы мен Шымкент қаласы, Алматы облысы мен Шығыс Қазақстан облысы) қызмет етеді. Ахмадие қозғалысы Англия, Германия, Голландия, Испания, Австралия сияқты мемлекеттерде 12 мыңнан аса мешіт тұрғызған. Ислам атын жамылған кері ағымдардың бірі. Оның – Ахмадия (Исмаилия, Кадиния) атауы әртүрлі болғанымен, мақсаттары бір. Ислам атын жамылған «Хизбут – тахрир» саяси партиясы секілді бұлардың да орталығының Лондонда болуы және қаржыны сол жақтан алулары жайдан-жай емес.

4.БАХАИЗМ

«Бахаи» қауымдастығы ХIХ ғасырда Ирак пен Иранда пайда болған, шииттік мәзхабты ұста­нады. Батыс пен Шығыстың діни дәстүрлерін синтездеуден туған космополиттік ағым. Өзін «ең соңғы дін» деп жариялаған. Мұ­хам­мед пайғамбарды «соңғы пай­ғамбар» деп, ислам дінін «ақырғы дін» деп санамайды. Құран да олар үшін ең соңғы қасиетті кітап емес. Бахаизм бойынша қасиетті имамдарға қарсы келуге бол­майды, ол – үлкен күнә. Ұлттық құн­дылықтарды, Отан дегенді мо­йындамайды. Оның орнына әлем­дік дін, әлемдік тіл, әлемдік мә­дениет секілді құндылықтарды насихаттайды. Намаз оқиды, ораза ұстайды, зекет береді, қа­жыға барады, бірақ олардың орын­далуы өзгеше. Намаз күніне үш рет, үш түрлі болып оқылады. Ара­сында Бахауллаһ әулиенің кіта­бынан сөйлемдер оқиды. Қажет болса, үш түрлі намаздың біреуін ғана оқыса да жетеді. Құбыласы – Бахауллаһ әулиенің Аккадағы мазары. Ораза 19 күн ұсталынады. Қазір масондардың әдісімен ұйым­дасқан бұл ағымның 270 елде ұйымы, үш мыңға жуық орталығы бар. Қазақстанда да үлкен қала­ларда жақтастары аз емес. 2008 жылдың 1 қаңтарындағы есеп бо­йынша, елімізде «Бахай» ағымын­дағы 3 культтік ғибадатхана, 19 діни бірлестік тіркеліпті.

5.ХИЗБУТ-ТАХРИР

Исламға зиянды экстремистік діни-саяси ағым. 1953 жылы Па­лестинаны Израильден азат ету ұйымы ретінде ізгі мақсатта құрылғанмен, кейіннен әлем мұсылмандарын бір Халифатқа, яғни біртұтас мемлекетке біріктіру сияқты бос қиял, жөнсіз арманға толы идеясын тықпалап, онысы дау-дамайға айналып, зиянды қозғалыс ретінде бағаланды. Кітап, газет, брошюра шығарып, мақалалар дайындап, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді. Хизбуттахрир Қазақстанға тәуелсіздік алған соң жайыла бас­тады. Кезінде Алматы мен Шым­кент, Тараз, Түркістан, әсіресе, Кентау қаласында түрлі әрекет­терімен көзге түсті Еліміздің киелі орындары Түркістандағы Қ.А.Йасауи, Отырардағы Арыстанбаб, Маңғыстаудағы Бекет ата, Алматыдағы Райымбек, Әлмерек абыз т.б. кесенелерді бұзу керек дейді. Өз жұмысын саяси және идеологиялық бағытта жүргізеді делінгенмен, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрiкменстанда экс­тремистік іс-шаралар нәтижесінде көптеген адамдардың өліміне се­бепші болды. Олардың арттарында кейіннен уахабшылар тұрғандығы анықталды. Бұл діншіл партияның белсенділері, әсіресе, Өзбекстан­да қатты қуғындалды. Қазақстанда да бас бостандықтарынан айы­рылғандары бар. Бұдан басқа да елімізде түрлі ағымдар бар. Мәселен, «Алля-Аят» (фархадшылар) пен «Ата жо­лының» жұмысына тыйым салы­н­ды. Сондай-ақ ақын Әуезхан Қо­дар бастаған зиялылар тобы «қазақ халқы ислам діні арқылы түп-тамырын жоғалтып алды, сондықтан көк аспан мен аруаққа сыйынатын Көк Тәңірі дініне қайта оралуымыз керек» деп жүргенін, сондай-ақ зікірші со­пыларға, «Ақ ана» дегендерге де қарсы ҚМДБ пәтуа шығарғанын айта кетелік.

Түйін:

Мектепте тарихтан бәріміз католик француздар гугенот француздарды бауыздап тастаған қасиетті Варфоломей түнін оқыдық. Ливандағы 1970-1980 жылдары болған азамат со­ғысында діндері бөлек ағайынды арабтар бірін-бірі қырғанын да жақсы білеміз. Кешегі Босниядағы қанды қасірет те осы діни ала­уыздықтан туындағаны белгілі. Осынау дінбұзарлыққа алпауыт елдер жылына 12 миллиард доллар бөледі екен. Мұсылмандарды айт­пағанда, еліміздегі христиан­дар­дың өзін 40 шақты конфессияға бөліп тастады. Мақсат – Қазақ­стандағы халықтың діни сенімін бұзып, өзара қырқыстырып, ақы­рында құл қылу. Түбінде Қазақстан халқы да жоғарыдағыдай діни алауыздықтан өзара қырқысып, атысып-шабыспаса жарады.

Тұрсынғали ӘЛІП,

дінтанушы

Дереккөз: "Ұлт мұраты" газеті

Қатысты Мақалалар