Сенат депутаты: Тиімді мемлекеттік басқарудың берері көп

/uploads/thumbnail/20180115193717234_small.jpg

Тиімді мемлекеттік басқарудың берері көп. Елбасы Жолдауына қатысты ҚР Парламенті Сенатының депутаты Марат Тағымов осылай мәлім етті, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Сенатордың айтуынша, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына кезекті Жолдауы Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы елімізді жаңғырту бойынша шаралар бағдарламасын қамтиды.

«Елбасымыздың алысты болжаған көреген саясаты нәтижесінде біздің еліміз жоғары белестерді бағындырды: Қазақстан 2017 жылы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болды, Жаңа жылдан бастап біз оған төрағалық етудеміз. ТМД елдері арасында бірінші болып бүкіләлемдік мамандандырылған ЭКСПО көрмесін өткіздік. Президентіміз өзінің Жолдауында бізді қол жеткізген биіктерімізде тоқталып қалмауға шақырды және көкейімізде ертеңгі күнге сенімділікті орнықтырды. Елбасы біздің алдымызға Қазақстанды дамытудың және әлемнің 30 неғұрлым дамыған елдерінің қатарына ену бойынша 10 негізгі міндеттерді қойып отыр», - дейді Марат Тағымов.

Сенат депутаты Жолдаудың күнделікті өмірдің ең көкейкесті деген салаларына назар аудара отырып, ел дамуының неғұрлым маңызды бағыттарын ашып көрсететіне тоқтала кетті.

«Солардың ішіндегі сегізінші міндет - «Тиімді мемлекеттік басқару» ауқымында «Бір терезе» қағидаты бойынша бизнеске мемлекеттік қолдау көрсету үдерістерін цифрландыруды қамтамасыз ету қажет» деген міндет алға қойылып, «Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің интеграциясы «бір өтініш» қағидаты бойынша жекелеген мемлекеттік қызмет көрсетуден кешенді қызмет көрсетуге көшуге мүмкіндік беретіндігі» айтылады. Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің Жолдауында күнделікті өмірдің ең көкейкесті деген салаларына назар аудара отырып, ел дамуының неғұрлым маңызды бағыттарын ашып көрсетеді. Бұның өзі мемлекет тарапынан қабылданып отырған барлық шаралардың қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсартуға, еліміздің экономикасын, әлеуметтік саланы дамытуға бағытталғанын тағы да бір мәрте көрсетеді», - деді ол.

Марат Тағымов Қазақстандық индустрия бәрінен бұрын жаңа технологияны енгізудің бастаушысы болуы тиіс деген пікірде.

«Бізге бұған өндірістік процестерді цифрландыру және заманауи бизнес-модельдерді игеру арқылы еңбек өнімділігін арттыру есебінен қол жеткізуге болады. Банк жүйесін сауықтыру, агроөнеркәсіп кешенін, көлік және логистикалық инфрақұрылымды дамыту есебінен қаржы секторының жұмысын көбейтуге байланысты мәселелер де күн тәртібінде тұр. Заң үстемдігін нығайту және сыбайлас жемқорлықпен күреске қатысты жайларға да ерекше назар аударылады. Осыған байланысты Мемлекет басшысы мемлекеттік органдарда олардың тұрғындармен және бизнеспен өзара әрекетін, сондай-ақ сот және құқық қорғау жүйелерінің институционалдық қайта құрылымын қамти отырып, процестерді цифрландыруды қажеттілік деп санайды. Азаматтардың конституциялық құқықтары кепілдігін нығайту, құқық үстемдігін қамтамасыз ету, құқық қорғау қызметін ізгілендіру бойынша жұмыстар күшейтіле түсетін болады», - деді сенатор.

Марат Тағымов Президенттің кезекті Жолдауы елімізді одан әрі жаңғыртудың маңызды ынталандырушысы, сондай-ақ әрбір қазақстандық үшін іс-әрекетке басшылық ретінде қызмет ететініне сенімді.

«Біздің елімізде жаңа әлемнің көш бастаушылары қатарына ену үшін барлық жағдай мен мүмкіндіктер бар. Бұл үшін Елбасымыз алдымызға қойып отырған міндеттерді шешуге жұмыла кірісуіміз қажет», - деді ол.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар