Осыдан төрт күн бұрын Жамбыл облысындағы 21450 әскери бөлімінен 18 жастағы сарбаз жоғалып кеткен, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі mgorod.kz сайтына сілтеме жасап.
Жас жігіт – Атырау облысы Индер ауданының Есбол ауылының тумасы. Жанболат Бозбанов 2017 жылы маусым айында әскерге шақырылған. 21 қаңтарда еш себепсіз 21450 әскери бөлімін тастап кетіп қалған. Алайда туыстарына өзі туралы мәлімет бермеген.
Бойы – 175-180 см, орташа денелі, көзі қара. Үстіне әскери бушлат киген.
Сарбаздың ағасы соңғы рет Жанболатпен 7 қаңтарда хабарласқан. Сол күні Жанболат одан 40 теңге көлемінде ақша жіберуді сұраған. Алайда банк жабық болғандықтан, ағасы Жанболатқа бес мың теңге жіберген. Бұдан кейін сарбаз байланысқа шықпаған.
– Қатардағы сарбаздардың бірі телефонын жоғалтып алып, ол үшін менің бауырымды кінәлап, ұрып-соққан. Содан кейін ол бөлімнен қашып кеткен. Мен қазір Жамбыл облысында Жанболатты іздестіру жұмыстарына қатысып жүрмін. Оның телефоны сөндірулі. Кейде қоңырау барып тұрады, бірақ жауап бермейді, - дейді Жанболаттың ағасы.
Сарбаз туралы ақпарат бергісі келгендер мына нөмірлерге хабарласуы керек:
– Жамбыл облысы Қордай ауданы Гвардейский кенті, Гвардейский гарнизонының әскери полициясы, тел/факс: 8(72636) 7-18-02
– туыстарының байланыс нөмірі – 87026236698, 87018918357.
Пікір қалдыру