"Қазақ хандығына 550 жыл" шығармашылық бәйгесіне!
Ұлттық тарихымызда Қазақ хандығының құрылуы – Қазақ мемлекетінің қалыптасуы ретінде тарихи дәуір айыратын белес болып табылады. Сондықтан да қазақ тарихын зерттеушілер, тіпті, Орталық Азия тарихын қаузаушылардың бәрі де Қазақ хандығы құрылу құбылысына үлкен маңыз бердіп келген еді, Ел тәуелсіздігінен кейін бұл тақырыптың маңыздылығы еселеп арта түсті. Соңғы оншақты жылдың ішінде отандық баспасөз құралдарында Қазақ хандығы және оның құрылған жылы жөнінде бірнеше мәрте ашық ғылыми пікірталас өткізілді; кәсіби тарихшылар арнайы зерттеулер жүргізіп салмақты-салмақты монографияларды жарыққа шығарды [1]. Соңғы кезде Қазақстан Респубикасының тұрақты түрде қарқынды дамуын түсіне алмаған кейбір елдің басшылары қазақтың мемлекеттік тарихын мансұқтайтын пікір айтуы, аталмыш тақырыптың қаншалықты маңызды екендігін көрсетеді.
Өткен жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақ хандығының құрылған жылын 1465 жыл деп тұрақтандырып, 2015 жылды хандықтың 550 жылдығын атап өту жөнінде қарар қабылдауын, ғылыми негізде жасалған тарихи шешім деп санаймыз.
Мен кезінде «Тарих-и Рашиди» негінде Қазақ хандығының құрылған жылын қыжыраның 870 (1465-1466 ж.) жылы деген көзқарас ұстанғандар қатарында болған-тұғым [2], қазір осы жылды Елбасының қабылданғанына қуанамын. Ендігі әрі Қазақ хандығының құрылған жылы жөнінде пікірталастырудың қажеті жоқ. Өйткені ол туралы жалғыз тарихи деректі Мухаммед Хайдар Дулати қалдырды, ал оны негіз ету шешімін Тұңғыш Президетіміз қабылдады, сонымен даталы жыл тұрақтады. Ендігі мәселе, Қазақ хандығы құрылуының тарихи негіздерін айқындап, оны «кездейсоқ оқиғалардың нәтижесі» деп санайтын танымды өзгерту деп санаймын.
Кез-келген ұлттың қалыптасуы мен ұлттық мемлекеттердің құрылуының тарихи алғы шарттары болады десек, ол шарттың ұзақ тарихи даму барысында біртіндеп қалыптасатынын ескеруге тиіспіз. Ұлттық мемлекет белгілі бір этникалық негізде құрылады, ал белгілі бір этнос – ұлт салыстырмалы түрде тұрақты бір тарихи географиялық ортада өсу - даму процесін бастан кешіріп барып қалыптасады. Біз аталмыш мәселеге осы бір тарихи заңдылық бойынша талдау жасап көрмекпіз.
Қазақ халқының өсіп-өнген негізгі алтын бесігі - қазіргі Қазақстан аумағы екенін бұлжымас тарихи, мәдени фактілер айғақтайды. Қазірге дейінгі зерттеулер нәтижесіне жүгінсек, «б.з.д. VII ғасырдан біздің заманымыздың І ғасырына дейінгі уақытта Қара теңізден Сары Дария, Үндістан түбегі, оңтүстік Сібірден Памир тау жоталарына дейінгі алып сахараны парсылар «сақ» атандырған ұлы көшпенділер мекен етіп келген»; ал «Сақ атанған дүйім жұртты тек қана «үнді-еуропалықтар» еді немесе тек «түркілер» еді деп кесіп-пішіп айту мүмкін емес. Сақтар ұлттық құрамы жағынан көп этностық, саяси құрылымы жағынан конфедерациялық қауым болды. Олардың батыс тобы тіл мәдениеті жағынан үнді-еуропалықтарға, шығыс бөлімі түркілерге жақын болды» [3], дейді белгілі ғалым Зардыхан Қинаятұлы. Соның ішінде Шошақ бөрікті (Tiqrahauda) сақтардың Алтай, Тянь-Шань қойнауы, Жетсу, Іле бойын мекен еткені белгілі. Архиелог ғалым А.Н.Берншам: Сақтар Андронов дәуірінде Оңтүстік Сібір этикалық топтардың (componentis) ықпалында қалыптасқан Жетісу және Тянь-Шаньды мекендеген жергіліктілердің тікелей ұрпағы» - деп есептейді. Сондай-ақ ол сақ пен үйсін мәдениетіне талдау жасағанда «тарихи-мәдени бір үрдістің екі кезеңі» [4] - деп санайды. Бұл тұжырымды атақты археолог ғалым К.Акишевтың зерттеулері де нақтылай түскен. Ол сақ және сүйін қорғандарынан табылған мәдени мұралардың көпеген компененттері бір-бірімен аса ұқсас, кей жағдайда бір-бірін айна қатесіз қайталауынан, оларда генетикалық жақындықтың бар екендігін айғақтайды[5], - деп атап көрсеткен.
Ал енді жазба деректерге жүгініп көрейік. Б.з.д. І ғасырда жазылған Қытайдың «Тарихи жазбалар – Ши цзи - 史记», б.з.д. дейінгі Орталық Азияда өмір сүрген елдерге тоқталғанда: «Үйсіндер Даваньның (Ферғананың) Шығыс солтүстігінде шамамен 2000 ли (1 ли - 500 м. – Н.М. ) жерде тұрады, көшпенді мемлекет (行国), малмен көшіп-қонып жүреді, хұндармен салттас (与匈奴同俗)»; «Қаңлы Даваньның (Ферғананың) батыс солтүстігінде шамамен 2000 ли жерде тұрады, көшпенді мемлекет (行国), ұлы үйежы (юечжи - ружы, Rou zhі) салттас (与大月氏同俗)»; «Яньцай қаңлылардың батыс солтүстігінде шамамен 2000 ли жерде тұрады, қаңлылармен салтас (与康居同俗)»; «Ұлы үйежылер (юежы, юэчжи,) Даваньның (Ферғананың) батысында шамамен 2300 ли жердегі Амударияның солтүстігінде тұрады... Көшпенді мемлекет (行国), малмен көшіп-қонып жүреді, хұндармен салттас (与匈奴同俗)» [6], - деп, төрт елді қатар қойып баяндаған. Өйткені олар «салттас,» яғни бір мәдени типтегі этнотоптар болғандықтан, автордың оларды бір жүйеге жатқызып жазғаны байқалады.
Ал қытайдың б.з. І ғасырында жазылған «Ханьнама – Ханьшу – 汉书» атты жылнамалық жинақта: «Батыс өңірде тегінде 36 ел болған, кейін 50-ден асатам елге бөлінген, олардың бәрі хұндардың батысында, үйсіндердің оңтүстігінде тұрады. ... «Батыс өңірдегі мемлекеттер негізінен жергілікті ел, қалалы, егістік жері, малы бар, хұн және үйсіндерге әдет-ғұрыптары ұқсамайды, бірақ олардың барлығы да хұндарға бағынады» [7], - деп айтылған. Бұл деректерден біз б.з.д. Орталық Азияда негізінен далалалық мәдениеттегі (хұндармен «салттас» болған) және қалалық мәдениттегі (ғұрып-әдеттері хұндарға ұқсамайтын) екі типтегі этнотоптардың өмір сүргенін және олардың Хұн империясына бағынышты болғанын аңғарамыз. Түркілердің қалалық және далалық болғаны жөнінде Махмуд Қашқари да айтқан болатын.
Хұн империясының құрамында болған, ғұрып-әдеттері, тіршілік формасы ұқсас көшпенлі этнотоптардың б.з.д. ІІ ғасырда Хұн империясынан бір-бірлеп сытылып шығып, қазіргі Қазақстанның шығысынан батысына дейінгі кеңбайтақ далада дербес мемлекеттік құрылым орнатқаны қытай жазбаларында айтылады. Енді сол жөніндегі деректерге зер салып көрейік.
«Ханьнамада»: «Үйсін мемлекетінің ұлы күнбиі Чэгучэн (Қызыл аңғар) қаласында тұрады. 120 мың отбасы, 630 мың халқы, 188, 800 жеңімпаз әскері бар. ... Тұрған жері тегіндегі сақтардың жері. Үйсін халқының ішінде сақтардың, ұлы үйежылердің тұқымдары бар деп айтылады» [8] - деп жазылған. Мұнда үйсіндірдің Шығыс Тянь-Шань тауы өңірінен б.з.д. 160 жылдары Іле-Жетісу аумағына ауып келіп мемлекет құрғаннан кеінгі жағдайы айтылып отыр.
Ал Үйсін мемлекетінің негізгі аумағы қай жерлерді қамтығаны жөнінде жазылған деректер де, жасалған зерттеулер де көп. Мысалы, Профессор Су Бейхай: «Екі Хань патшалығы кезінде (б.з.д 206 – б.з. 220 ж. –Н.М.) Үйсін мемлекеті Іле өзені аңғарында болғаны анық. Олардың жерінің Шығысы Манас өзеніне тіреледі; солтүстігі Тарбағатай тауын бөктерлеп батысқа қарай созылып Балқашқа дейін барады; батысы Балқаш көлінен оңтүстікке беттеп, Шу өзенінен өтіп, Талас өзенінің ортаңғы ағысына барып, одан шығысқа қарай созылып, Нарын, Қызылсу өзендерінің басына дейін жеткен» [9], деп анықтама жасаған. Бұл өңірдің VІ –VІІ ғасырларда да «Үйсін жұрты» болып аталғанын қытайдың «Көне таңнама - Jiu tang shu - 旧唐书») және «Жаңатаңнама - Xin tang shu - 新唐书») атты еңбектерден кездестіреміз. «Көне таңнамада»: «Батыс түркілер тегінде солтүстіктегі түркілермен бір аталас ел еді. Алғаш Мұқан қаған мен Шабора қағанның арасына жік түскендіктен, елі екіге бөлінген. Батыс түркі елі үйсіндердің ежелгі жерінде (乌孙之故地) тұрады» [10] - деп жазылса; «Жаңа таңнамада»: «Батыс түркілер алғаш Шығыс түркілермен бөлінгенде Үйсіндердің ежелгі жерін иеленді (乌孙故地有之)» [11], - деп айтылады. Ал орыс тархшысы Н.А. Аристов: Үйсіндердің территориясы - Іле өзені, Ертіс бойынан Сайрам қаласына дейін, Балқаш, Іле, Ыстық көл [12--23], деп санаған. Демек, ежелгі Үйсін мемлекетінің негізгі территориясы - Іле, Жетісу, Балқаш көлінің оңтүстігенен Шу, Талас өзеніның шығыс аңғарлары және Ыстық көл өңірлерін қамтыған. Ал оның орталық өлкесі Іле-Жетісу өңірі болғаны белгілі.
Осы Үйсін елімен бір дәуірде қазіргі Қазақстан аумағы мен Өзбекстан өңірінде өмір сүрген ежелгі елдің бірі - Қаңлы мемлекеті. Қаңлы мемлекеті б.з.д. ІІ ғасырдың орта шенінде үйсіндер Жетісудан ығыстырған Ұлы үйежылерден бөлініп шыққан топтың Талас өзені бойында құрған мемлекеті [13]. Ол жөнінде жазылған қытай деректерінде «Каңлы мемлекетінің («Kang ju guo -康居国») патшасы қыста Леюени қаласында тұрады...120 мың отбасы, 600 мың адамы,120 мың жеңімпаз әскері бар» [14] - деп жазылған.
Қаңлы мемлекеті б.з.д. І ғасырында айтарлықтай дамыды. «Қаңлы мемлекетінің иелік жері Талас өзенің батысы және оңтүстігінде Сырдария өңірін толық қамтыды. Сондықтан қаңлы патшасы өзінің оңтүстігіндегі жазиралы аумақтарда орналасқан қала-қыстақтарды сол аймақтың шеңберінде жеке-жеке иеліктерге бөліп, өзі тағайындаған книязьдары арқылы басқару жүйесін орнатты. Сөйтіп, қаңлы мемлекетінің территориясы оңтүстіктегі бес аймақ пен патша өзі тікелей басқаратын солтүстік өлкені қамтыды. Сондықтан қытай жазбаларында «бес князь түгелдей Қаңлы патшасына бағынады» деп жазылған.
Қаңлы мемлекетінің батысында, яғни қазіргі Қазақстанның батыс аумағында Алан елі өмір сүрген. Ол қытай жазбаларында «Яньцай» (Yan cai – 奄蔡) деп аталды. «Тарихнамада»: «Яньцай қаңлының бастыс солтүстігінде шамамен 2000 ли жерде тұрады, көшпенді мемлекет (行国), қаңлылармен салттас (与康居同俗). Садақты әскерінің саны 100 мыңнан асады. Жерінің шеті үлкен теңізге тіреледі, теңіздің жаға-жиегіне көз жетпейді»[15],- деп баяндалған.
Демек, жоғарыда аталған елдер бір территориялық өңірде өмір сүрді, кей кездерде олар бір-біріне тәуелді болды. Қытай деректерінде қаңлылардың үйсінге тәуелділігі, алан - яньцайлардың қаңлыға бағынышты болған кездері анық жазылған. Демек, олардағы тығыз саяси эконмикалық байланыс оларды мәдени біртұтастыққа бастағаны сөзсіз.
Сондықтан үйсін, қаңлы және алан-яньцай елдері Қазақстан аумағында ең алғаш бір типтес ру-тайпалар негізінде құрылған аймақтық алғашқы мемлекеттік құрылымдар. Олар өз құрамында ертедегі сақ (тиграхауда) және үйежылер элеметтерін сіңіріп, бір саты жоғары деңгейге көтерілген этникалық топтар болып табылады. Сондай-ақ олар қазақ халқының арғы тегін құраушы ең алғашқы этникалық база болып қаланды. Қазақ халқының ұлт болып қалыптасу процесі де, мемлекеттілігінің алғашқы бастау көздері де осылардан бастау алған деп санаймыз.
Қазақстан аумағында қазақ ұлтының қалыптасу процессі осылай басталып, ұзақ тарихи даму барысында өте күрделі трансформаларды бастан кешірді. Атап айтқанда, этникалық топтардың сетінеп кетуі де, сырттан - шығыстан үздіксіз ауып келіп келіп тоғысуы да, өзара сіңісуді де параллел жүріп жатты. Сондықтан қазақ халқының этногенезі көп қайнардан – ру-тайпалардан бастау алып, Қазақстан аумағында біртұтастану процесін бастан кешіп, этномәдени бірлікке қарай дамып отырды. Сондықтан б.з.д. V ғасырдан б.з. VІ ғасырына дейінгі мың жылдықты шартты түрде қазақ этносы мен мемлекеттілігі қалыптасуының бірінші кезеңі деп қарауға болады.
Ал екінші кезеңі Түркі дәуірі немесе VІ – ХІ ғасырлар деп санаймыз. Мұнда тарихи кезеңді бөлетін оқиға – 552 жылы Түркі қағанатының құрылуы. 552 жылы құрылған Түркі қағанатының иелік жері шығыста Лияухай теңізінің (Лияухай теңізі – қазіргі Қытай теңізі. –Н.М.) батысынан басталып, батысы Шихайға (Шихай – Батыс теңіз, оны Арал теңізі және Кәспий теңізі деп түсіндіреді. – Н.М.) дейін түмен ли (шақырым), оңтүстігі Құмдықтың солтүстігі, солтүстікке қарай Байкал көліне дейінгі 5-6 мың ли жердің бәрін қамтыды» [16]. Бұл құбылысты, қытайдың түркі тарихын зерттеуші белгілі ғалымы Ма Чаншоу: «552 жылдан 583 жылға дейінгі қып-қысқа 30 жылда түркілер Азияда ең күшті әрі едәуір біртұтастанған мемлекет құрды» - деп санайды. Сондай-ақ ол Түркі қағанаты құрылғаннан кейін Моңғол даласы мен Орталық Азия сахарасын және Батыс өңірдегі қалалық елдерді біріктіріп бір мемлекет құрды. Оның үстіне олардың біріккен уақытының алды-арты бір ғасырға созылды. Бұл жағдайды біз ортағасырлық Азия таихын зерттеудегі ерекше құбылыс деп санаймыз» деген еді [17].
Осынау бір ғасырға созылған түркілердегі саяси тұтастық, міндетті түрде аймақтағы этникалық біртұтастық процесін ілгерлетті деп санаймыз. Сонықтан да Еуразия тарихында түркі дәуірі деген ұғым қалыптасқаны белгілі. Түркі дәуірінің ерекшелігі оның этномәдениетінің қалыптасқанынан көрінеді. Мұны біз түркі тілі мен жазуының жүйеленуінен, түркілік дүниетанымнан, сенім-нанымдардан, әлеуметтік тіршілік формасы мен тұрмыстық әдет-ғұрыптарынан олардағы ортақтықты анық байқаймыз.
Көне түркі жазба ескерткіштеріндегі мәдениеттер руни Әлипбиінің алғашқы нұсқасы Батыс түркілерден бастау алып, кейін Шығыс түркі қағанаты нығайғанан кейін қайта өңделіп, нормативтендірілгенін көрсетеді.
Ал Батыс түрік қағанатының (Көк түріктің) орталық өңірі болған Қазақстан аумағында түркі мәдениетінің тамыры тереңге сіңірілгені белгілі. Міне, осы тұста Қазақстан аумағындағы алғашқы үйсін, қаңлы, алан-яньцай этно топтарыына дулат, түркеш, қарлұқ, теле, басмыл, оғыз, шығыл, яғма және басқада рулардың келіп қосылып трансформалануының нәтижесінде түркі тілі жүйесінде қарлұқ тілі диалектінің қалыптасқанын[18] көреміз.
Этникалық дамудың үшінші кезеңі Исламдану дәуірі немесе ХІ-ХІІІ ғасырлар. Батыс түрік қағандығы 659 жылы ыдыраған соң, Қазақстан, Орталық Азия аумағы кеңістігінде түркі тайпаларынан күшейгендері тарихи саханаға көтеріліп, өз руы немесе тайпалық одақтар атымен аймақтық сипаттағы мемлекеттіктер құрып билік жүргізді. Мысалы, Түркеш, Қарлұқ, Оғыз, Кимақ, Қыпшақ хандығы және Қарахан, Қарақытай (Кидан, Батыс Ляу) патшалықтары. Бұлардың тұсында аймақтағы этно топтардың тығыз араласу процесі тереңдей түскені белгілі.
VІІІ ғасырдан бастап Ислам дінінің Орталық Азияда таралуы, мұндағы этномәдеиеттің даму бағыты мен сипатын түбегейлі өзгерте бастады, әсіресе, Қарахан мемлекетінің Х ғасырда Ислам дінін мемлекеттік дін деп жариялауы Орталық Азиядағы елдердің дүниетанымын, өмір сүру көзқарасын, тұрмыс салты мен моральдық-этикалық өлшемдеріне айтарлықтай өзгерістер әкеліп, жаңа мазмұндар сіңірді. Сонымен қатар, Орталық Азия елдерінің әлеуметтік шаруашылығының дамуына байланысты аймақта этномәдени айырмашылықтар айқындала түсті.
Белгілі тарихшы ғалым Зардыхан Қинаятұлы ХІ-ХІІ ғасырда «Қыпшақтар Ероазия даласының қиылысындағы алып аймақты мекен еткен Түркі тайпаларының саяси ұйтқысына айналды. Сөйтіп, Қыпшақ саясаи конфедерациясы негізінде келешек Қазақ ұлтын құраған негізгі тайпалардың басы бірігіп, елдікке ұмтыла бастаған шағында Моңғол шапқыншылығына тап болды» [19] деп пайымдайды. Моңғолдар алдымен өздерімен іргелес жатқан, өзалдына қағанат құрып билік жүргізіп тұрған түркі тектес найман, керейт сияқты этнотоптардың тас-талқанын шығарып, оларды Қазақстан аумағына ығыстырып әкеліп, мұндағы түркі тектес пайпаларға қосып жіберді. Көп өтпей олардың соңынан батысқа қарай жорық жасап Орталық Азияны, Шығыс Еуропаны бағындырды. Сонмен Шыңғыс хан алғашқы жорығында жаулаған жерлерін 1225 жылы балаларына еншіге бөліп берді.
Сойтіп Жошыға тиген өңірде Жошы ұлысы қалыптасты. Кеңес Одағы тарихшылары: «Моңғолдар жорығының нәтижесінде Қыпшақ даласы және оның төңірегіндегі ұланқайыр өңірде бір үлкен мемлекет қалыптасты. Бұл мемлекет шығыс тарихи деректерінде Жошы ұлысы немесе Көк Орда деп аталды, орыстың әртүрлі хронологияларында Алтын Орда болып аталды» [20] – деп жазды. Жошы ұрпақтары Ұлыс шаңырағын Қыпшақ даласында көтерді, жергілікті негізгі жұрты түрік-қыпшақтар болды [21] және оларда таяу заманғы ұлт болып қалыптасу процесі жүріп жатты. Белгілі қыпшақтанушы ғалым Болат Көмековтың: «қазақ, өзбек, қарақалпақ, қырғыз, башқұрт, ноғай, татарлардың ұлт ретінде қалыптасуының басты ұйтқысы - «Қыпшақ» атанған түркі тайпалары болды» [22] - деген көзқарасы соны меңзейді. Қыпшақ тілі, мәдениетінің әсерімен Жошы ұлысы, Ақ Орда дәуірінде қалыптасқан тілдердің бірі – қазақ тілі екендігі дәлелденді [23].
Этнографтар: «ұлттық процес (этнические процессы): этностың эволюциялық процесі мен этностан бөлініп кету процесі мехникалық түрде өзара байланысты болады. Бұл екі процестің бәрі де этникалық тұлға мен басқа этникалық ортақ тұлғаның өзгерістерін көрсетеді, осы тұрғыдан айтқанда олар бір типтегі процес болып табылады» [24]-деп санайды. Осы тұрғыдан айтқанда, Орталық Азиядағы ұлттардың қалыптасу процесінің (бөлініу, бірігу, біртұтастану) нәтижесі ХІV ғасырда көріне бастаған. Соның бір мысалы ретінде қазақтың дербес ұлт болып қалыптасу процесінің аяқталуын айтуға болады. Өйткені «Қазақ этнотерриториясы Ақ Орданың айналасында қалыптасты. Қазақ бөлімдері бірер мезгіл үш биліктің (Ақ Орда, Моғолстан, Ноғай Ордасы) қарамағында болғанымен бір-бірімен сабақтас жатты... Қазақ ұлтының қалыптасуына әр қайсысы елеулі рөл атқарды»[25]- деген көзқарас құптауға тұрады. Өйткені өзіне тән тілі, иелік территориясы, топтасқан халқы және оларда ортақ ұлттық сана-сезім мен психологиясы болған қазақтарды дербес ұлт болмады деуге негіз жоқ.
Олар дәл солай таяу замандағы ұлт болып қалыптасқандықтан, Әбілхайыр хан оларды бөтенсінді, оларға қысым көрсете бастайды. Ал қазақтар билік тарапынан келген қысымдардың ұлттық сипатта жасалып жатқанын жақсы түсінген, сондықтан да олар ұлттық тәуелсіздікті қалады. Ақыры Керей мен Жәнібек өз халқының түбірлі мүддесін көздей отырып, тарихи орайдан пайдаланып, елін Әбілқайыр хандығынан бөліп шығарып дербес билік құрды. Міне, бұл 1465 жылы құрылған тәуелсіз Қазақ хандығы болып табылады. Қазақ хандығы ұлттық сипаттағы мемлекеттік құрылым.
Бұл құбылысты тарихи тұрғыдан қарайтын болсақ, оның «өту» процесі (жабайылықтан өркениетке өту, рулық түзімнен мемлекетке өту, жергілікті шектемеліктен ұлтқа өту) бойынша болғанын түсінеміз.
Егер қазақ ұлты ХV ғасырға дейін қалыптаспаған болса, онда Керей мен Жәнібектің тәуелсіз билік құруы мүмкін емес еді. Тарихтағы ұлы этникалық оқиғаларда қағандықтардан бөлініп кеткен этнотоптар көп болған, бірақ олардың бірде біреуі дербес ұлттық билік құрған емес. Сондықтан Ақ Ордадан бастау алған билік процесі, қазақ ру-тайпаларының ұлт болып қалыптасуымен ұлттық мемлекет – Қазақ хандығы жаңаша сипатта құрылды.
Бұл құбылыс таяу замандағы, яғни ХV-ХVІ ғасырларда әлемде қалыптасқан «капиталистік ұлттар» және мемлекеттермен шендеседі. Ол кезде ұлттың қалыптасуымен ұлттық мемлекеттер құрылған, содан бері ұлттық мемлекеттер ұлтты дамытып жетілдіріп келеді. Демек, ұлт пен мемлекет қатынасына диалектикалық тұрғыдан қараған керек деп санаймыз.

Нәбижан Мұқаметханұлы, әл-Фараби ат. ҚазҰУ шығыстану факультеті қытайтану кафдерасының меңгерушісі, т.ғ.ғд.ғ, профессор
Пайдаланылған әдебиеттер:
- ҚР БҒМ ҒК Ш.Уәлиханов ат.Тарих және этнология институты. Қазақ мемлекеттілігінің тарихы (ежелгі және ортағасырлық кезең). - Алматы: Адамар. – 2007. -432 б.; Қинаятұлы Зардыхан. Қазақ мемлекеті және Жошы хан. –Астана: Елорда. -2004. – 344.; Қинаятұлы Зардыхан. Қазақ мемлекеті және Жошы хан. Алматы: Елтаным баспасы. -2014. – 360 б.; Кәрібаев Б.Б. Қазақ хандығының құрылу тарихы. –Алматы: Сардар. -2014; 520 б.
- Қазақ мемлекеттігіне қанша жыл? //Жалын. – 2004. -№3. - 47-70 б; Қазақ мемдекеті қай дәуірден басталады? //Жас Қазақ. -2006 ж. 20 қазан. - № 41 (96) 4-5 б.
- Қинаятұлы Зардыхан. Сақ бірлестігі. ҚР БҒМ Ш:Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты. Қазақ мемлекеттілігінің тарихы (ежелгі және ортағасырлық кезең). -Алматы: Адамар. -2007. -34, 39 б.
- Бернштам А.Н. Историко-археологические очерки; Очерки истории гуннов. Бұл үзінді «Қазақ мемлекеттілігінің тарихы (ежелгі және ортағасырлық кезең)» атты еңбектің 38 бетінен алынды.
- Акишев К.А., Кушаев Г.А. Древняя культура саков и усуней долины реки Или. –Алма-Ата. – 1963. – С. 4. Бұл да аталған еңбектің 39 бетінен алынды.
- Сыма Циян. Тарихи жазбалар ( «Ши цзи - 史记). 123 бума. Давань 63-баян. – Пекин: Чжуньхуа кітап баспасы (中华书局). – 1997. -1 т. -800 б.
- Бань Гу. Ханьшу 96 бума, 2- бөлім. Батыс өңір тарауы, 2- бөлім. (汉书. 西域传). – Пекин: Чжуньхуа кітап баспасы (中华书局). – 1997. -2 т. - 983 б.
- Бұл да сонда. - 990 б.
- Су Бейхай. Қазақтың мәдениет тарихы. Үрімжі: шыңжаң университеті баспасы. -1989. – б.
- Лию Шуй. Көне таңнама. 194 бума, Түркілер екінші бөлім (旧唐书.卷194下, 突厥下). – Пекин: Чжуньхуа ктіп баспасы (中华书局). – 1997. - 11 т., -1322 б.
- Ао Янсию, Сун Чи. Жаңа таңнама. 215 бума. Түркілер екінші бөлім (新唐书. 卷215下. 突厥下). – Пекин: Чжуньхуа ктіп баспасы (中华书局). – 1997. -12 т., -1546 б.
- Аристов Н.А.
- Мұқаметханұлы Н. Қаңлы мемлекеті. Қазақ мемлекеттілігінің тарихы (ежелгі және ортағасырлық кезең). - Алматы: Адамар. -2007. - 81б.
- Бань Гу. Ханьшу 96 бума, 2- бөлім. Батыс өңір тарауы, 2- бөлім. (汉书. 西域传). – Пекин: Чжуньхуа кітап баспасы (中华书局). – 1997. -2 т. - 988б.
- Сыма Циян. Тарихи жазбалар ( «Ши цзи - 史记). 123 бума. Давань 63-баян. – Пекин: Чжуньхуа кітап баспасы (中华书局). – 1997. -1т. -800 б.
- Дшн Худэаун. Чжоунама. Батыс өңір тарауы екінші бөлім (令狐德芬.周书. 异域下). - Пекин: Чжуньхуа ктіп баспасы (中华书局). – 1997. -234 б.
- Ма Чаншу. Түріктер және Түрік қағанаты (马长寿.突厥人和突厥汗国).- Гуйлин(桂林): Гуанси педуниверситеті баспасы (广西师范大学出版社). – 2006. – 20 б.
- Дәулетхан Әлімғазы. Хұн-түрік-қазақ тарихын зерттеу мәселелері. –Алматы: ҚазАқпарат. -2005. - 65 б.
- Қинаятұлы зардыхан. Қазақ мемлекеті және Жошы хан. –Астана: Елорда. -2004. – 121 б.
- Греков Б.Д., Якубовский А.Ю. Золотая орда и ее падение. Москва: Изд.Академии Наук СССР. – 1950 // Юй Дачжуньның қытай тіліне аудармасы. - Пекин: Шану баспасы. - 1985. – 48 б.
21 . Федоров-Давыдов Г.А. Общественный строй Золотой Орды. –М., 1972, 7-8 б.// Бұл З. Қинаятұлының аталған еңбегі 131 бетінен алынды.
- Комеков Б.Е. Государство Кимеков ІХ-Х ии. По арабским источникам. –Алма-Ата. -1972. – С. 35.
- Қинаятұлы Зардыхан. Қазақ мемлекеті және Жошы хан. -292 б.
- Боромулей Ю.В.. Этнос және этнография. Ли Жинчидың қытайша аудармасы: Хохохут: Ішкі Моңғол халық баспасы. - 1985. - 189 б. 404 б.
- Қинаятұлы Зардыхан. Қазақ мемлекеті және Жошы хан. -266 б.