Алғаш рет Орталық Азияда Қызыл Крест пен Қызыл Жарты ай Қоғамдарының Х Европалық конференциясы өтуде. Алматыдағы 54 елдің делегаттары қатысқан мерейлі форумды өткізуге испандық Мадрид қаласы да үміткер болатын. Бірақ қызметі адамгершілік пен қайырымдылықтан құралған бұл қоғамның алқалы жиынын өткізу Алматыға бұйырды.
Халықаралық конференцияны Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек ашып, Мемлекет басшысының құттықтау сөзін оқып берді. Онда Елбасы ұйымның дүние жүзі бойынша орын алып отырған өткір мәселелерді шешудегі, әскери шиеленістер мен табиғи апаттар кезінде зардап шеккендерге дер кезінде көмек көрсетудегі жедел қызметтерін айырықша атап өткен.
«Қазақстан Қызыл Крест пен Қызыл Жарты ай қозғалысына оның толық құқылы қатысушысы ретінде орасан көмек көрсетуде. Бүгінгі күні БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі, сонымен қатар Астана процесінің бастаушысы ретінде еліміз барынша жетілген, қауіпсіз және тұрақты бейбітшілікті орнықтыруға ықпал етуде. Тек өзара сенімге, құрметке және түсіністікке негізделген іс-қимыл ғана барша адамзатты басты мақсатқа жетелейді. Конференция қорытындысы бойынша қабылданатын Алматы декларациясының гуманитарлық дағдарыстарды жеңудің және көмек пен қолдауға зәру жандардың өмірін жақсартудың тиімді жолдарын іздестіруге маңызды үлес қосатынына сенімдімін», – делінген Мемлекет басшысының құттықтау сөзінде.
Конференция барысында Бауыржан Байбек оқиғалы туризмді дамыта отырып, Алматының іскерлік келіссөздер мен халықаралық бизнес-кездесулердің бас қосу алаңына айналып отырғанын атап өтті. Тек биылдың өзінде мегаполисте ЭЫДҰ-ның «Еуразия апталығы», ТМД елдері үкімет басшыларының қатысуымен цифрландыру Форумы өтті. Ал күзде бірқатар айтулы халықаралық шаралар, соның ішінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Алматы декларациясының 40 жылдығына және Еуропадағы «Салауатты қалалар» желісінің 30 жылдығына арналған конференциялар өтпек.
«Еліміз Тәуелсіздік алғаннан бастап Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен көпэтносты Қазақстан халқы бейбітшілік пен тұрақтылықты және қарқынды экономикалық дамуды таңдады. Бүгінгі таңда Қазақстан – Таулы Қарабах пен Тәжікстаннан бастап Иран мен Сирияға дейінгі түйткілді мәселелер мен даулы кикілжіңдерді шешу мәселесінде медиатор ретінде танылған еуразиялық бірден-бір мемлекет. Соңғы жылдардың өзінде Ислам конференциясы мен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымдарына табысты төрағалық етті. Біз осы күзде Біріккен Ұлттар Ұйымымен бірлесе отырып, Өңірлік хаб ашатын боламыз. Алғашқы кезеңде мұнда 20-ға жуық халықаралық ұйымдар мен агенттіктер жұмыс істейді деп күтілуде», – деді Бауыржан Байбек өз сөзінде.
Өз кезегінде Қызыл Крест пен Қызыл Жарты ай Халықралық Федерациясының президенті Франческо Рокка Алматы декларациясының алдағы төрт жылда ұйым үшін басшылыққа алатын басты құжаттардың біріне айналатынын айтты. Соңғы рет мұндай декларация 2014 жылы итальяндық Флоренцияда қабылданған еді.
«17 миллионнан астам еріктілердің жұмысы арқасында біз әлемдегі ірі гуманитарлық жүйе болып табыламыз. Дегенмен, біздің бастамаларымыздың жемісті болуы жергілікті жерлердегі жұмыс пен оның сапасына тікелей қатысты. Біздің ұйымның жұмысын жоғары бағалаған Қазақстанға ерекше алғыс білдіреміз», – деп қорытындылады сөзін Франческо Рокка. Конференция өз жұмысын жалғастыруда. Оның жұмыс қорытындысы бойынша «Алматы үндеуі» декларациясы қабылданбақ.
Пікір қалдыру