Алматыда биылғы бірінші тоқсанда атқарылған жұмыстарға орай брифинг өтті

/uploads/thumbnail/20180528140111442_small.jpg

Мамыр мерекесі қарсаңында Алматы қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында биылғы бірінші тоқсанда атқарылған жұмыстарға орай өткен брифингке ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы Айгүл Байханова және агенттіктің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюросы Алматы қаласы департаментінің басшысы Ержан Ыбрайымов, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Алматы қалалық филиалының дирек­торы Дана Жантемірова және қалалық «Саналы ұрпақ – жарқын болашақ» жобалық кеңсесінің жетекшісі Қайыржан Тоқышев қатысып, әрқайсысы  өз салаларында атқарылған жұмыстар туралы жан-жақты айтып берді.

Әуелі департамент басшысы Айгүл Бейбітбайқызының айтуынша, биылғы бірінші тоқсанда өткен тестілеу сынақ­тарына барлығы 2189 үміткер қатысып, олардың ішінде 8-і белгіленген ережені бұзу жағдайы тіркелген. Соған орай, тестілеудің ашықтығы мен айқындығы жайлы 1989 адамға түрлі тақырыптағы әлеуметтік сауалнамалар жүргізіліп, сұрау салынғандардың 91 пайызы өздерінің тестілеуге қанағаттанғанын білдірген.

Сөйтіп, 2018 жылдың алғашқы тоқса­нында жергілікті мемлекеттік орган­дардағы бос лауазымдық орындарға 197 конкурс жарияланған екен. Оларды өткізудің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында түрлі  қоғамдық ұйымдардың 71 өкілінен (қоғамдық қорлар, үкіметтік емес ұйымдар, этномәдени бірлестіктер және т.б.) байқаушылар пулы құрылыпты. Байқау­шылардың тізімі барлық мемле­кеттік органдарға жіберілген.

«Ал енді сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақса­тында қалада 1017 ақпараттық-түсіндір­мелік іс-шара – (2017 жылдың 1-тоқса­нымен (72) салыстырғанда 14 есе артқан) оның ішінде, 729 – сағат сыбайлас жемқорлыққа қарсы, 201 – онлайн конференция, 22 – дөңгелек үстел, 39 – семинар кеңес, 20 – сыбайлас жемқор­лыққа қарсы мобильді топтың 193 мың 435 тұрғынды қамтыған еңбектік ұжымдарға шығуы ұйымдастырылған. Нәтижесінде 500-ден аса адамға кеңес берілген.

Сондай-ақ, осы тұрғыда әлеуметтік сыбайлас жемқорлыққа қарсы бір бейнеролик, танымал әртістердің қатыс­уымен 2 вайн жасалып, 80-нен аса әлеуметтік сұхбаттасулар түсірілген. Одан бөлек, 10 түрлі брошюра 10 мың дана көлемде жұрт арасына таратылған. Сонымен қатар, халық көп жиналатын орындарға 5 мыңнан аса сыбайлас жем­қорлыққа қарсы плакаттар ілінген және қала бойынша  42 баннер мен 40 ЛЭД-экрандар орналастырылған. Сосын қазір қаладағы ірі сауда ойын-сауық орталық­тарында, метрополитенде, бағыттық автобустарда, кинотеатрларда осы тұрғыда роликтер көрсетілімі жүріп жатыр», – деді, Айгүл Байханова.

Ал Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюроның Алматы қаласы бойынша департаменті басшысы Ержан Кебекұлы «Соңғы үш жылда елімізде халықаралық рейтингтер бойынша тұрақты прогресс пен жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың оң динамикасы байқалды. Мысалы, Қазақстан Сыбайлас жемқорлықты қабылдаудың Транспе­ренси Интернешнл индексі бойынша 140 орыннан 122 орынға көтеріліп, өз жұ­мысын 18 ұстанымға дейін жақсартты. Дегенмен, биылғы жылдың тек 3 айында біздің департа­ментпен қана 46 қылмыстық іс тіркеліп үлгерді. Бұл ретте тіркелген қылмыстар бойынша жасалған талдаудың сыбайлас жемқорлық деректері  ішкі істер орган­дары (14 іс немесе 30,4 пайыз), жер­гілікті атқару органдар (7 іс – 15,2 пайыз) және мемлекеттік кірістер комитетінің құры­лымдық бөлімдерінде (4 іс – 8,7 пайыз) жиі кездесетінін көрсетті», – деп атап өтті.

Соның нәтижесінде сыбайлас жем­қорлық құқықбұзушылық жасағаны үшін 25 адам қылмыстық жауап­кершілікке тартылған. «Атап өтетіні,   Жемқорлық құқықбұзушылық жасаған лауазымды тұлғалар мәртебесі мен дәрежесіне қарамастан қатаң жауапкершілікке тартылады. Өйткені, заң алдында бәріміз де теңбіз!», – деп ескертіп өтті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Ұлттық бюроның қалалық департаменті басшысы.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар