Алатау ауданында мектеп оқушылары арасында халқымыздың інжу-маржаны, дәстүрлі өнерге қолдау көрсетіліп, көне өнер төрге озды. Дәл бүгінгі даңғаза, тарс-тұрс музыка сахнаны жаулаған тұста дәстүрлі өнерімізге насихат керек-ақ. Олай дейтін себебіміз, онсыз да жылт еткенге қызығып, әу дегенді ән деп қабылдайтын жастарға дұрыс бағыт беріп, ұлттық өнерге бет бұрғызбасақ күні ертең бұл күнімізге зар болмасымызға кім кепіл?
Сондықтан қазағы қалың, ұлттық дәстүрді қадірлей білетін Алатау ауданы көпке үлгі болатындай сауапты істі қолға алып отыр. «Нұр Отан» партиясы Алатау аудандық филиалы «Dastur» жобасы аясында дәстүрлі ән орындаушылар байқауын өткізіп, оған 12 мектептің үміткерлері қатысқан еді. Халық әнінің кереметтігі осында болса керек. Үміткерлердің бірі домбырамен әнді әуелетсе, енді бірі оркестрдің сүйемелдеуімен шалқыта салды. Осылайша Шырын Зейнуллаева басшылық етіп отырған №149 білім шаңыраған әсем әуен кернеп, ұлттық рух қалықтады.
Құрамында «Алматы ақшамы» газетінің Бас редакторы, қалалық мәслихат депутаты Қали Сәрсенбай, дәстүрлі әнші Алма Аманжолова бар әділқазылар алқасына жеңімпазды анықтау оңайға соққан жоқ.
– Дәл қазіргідей кезеңде ұлттық өнерге қолдау ауадай қажет. Сондықтан саф өнерді жастар арасында насихаттап, осындай байқаулар өткізіп отырсақ дәстүрлі өнердің тамырына қан жүгірер еді. Бүгінгі мектеп оқушылары ертеңгі еліміздің үмітін ақтар болашақтары. Әнге, өнерге деген қызығушылықтарына риза болып отырмын, – деген Қали Қошқарұлы бұл байқаудың үрдіске айналатынын жеткізді. Белгілі қаламгер өз атынан мектепке 50 кітап сыйға тартты.
– Дәстүрлі өнерді дәріптейік. Ораза айында әділқазы болу да оңай емес. Барлық өнерді құрметтеген баланы жеңімпаз деп айтар едім, – дейді Алма Аманжолова.
Сонымен, «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққан байқау жеңімпаздарының есімдері де белгілі болды. Бірінші орынды №180 мектептің 10-сынып оқушысы Сұлтан Шадат Кенен Әзірбаевтың «Баста өлең» әнімен жеңіп алса, екінші орынға №154 мектептің 6-сынып оқушысы Абсамат Сырым «Жорғатай» әнімен лайық деп танылды. Байқаудың үшінші орны №179 мектептің 10-сынып оқушысы «Сәулем-ай» әнін орындаған Гүлсезім Қарымсақоваға бұйырды.
Барлық жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табыс етілді. Қорытынды сөз сөйлеген «Нұр Отан» партиясы Алатау аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары М.Алмасаев жобаның маңыздылығын айта келе, дәстүрлі өнерге құрмет әлі де жалғасатынын жеткізді.
Пікір қалдыру