Наурыздың 10-ы күні Ресей Федерациясы президенті Владимер Путин РФ Центробанк басшылығына және министрлер кабинетіне үстіміздегі жылдың 1 қыркүйегіне дейін ЕАЭО және КО аясындағы ортақ валюталық интеграция құруды жеделдетуді тапсырған болатын. Qamshy,kz порталы "ЕАЭО аясында ортақ вальюта енгізу" мәселесіне қатысты бірқатар қазақстандық сарапшылардың пікірін білген еді.
Темірбекова Жанар Амангелдіқызы, э.ғ.к. ҚР "Даңқ жұлдызы" орденінің иегері:
- Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы мұндай маңызды мәселені тек бір елдің Президенті шеше алмайды. Бұндай жағдайда Еуразиялық одаққа мүше елдердің ұстанымдары сәйкес келмеуі мүмкін. Ресейдегі рубльдің құлдырауы мен әлемдік мұнай бағасының құлдырауы тұрғысында Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі елдердің экономикалық, қаржылық тұрақтылығы мен тепе-теңдігін сақтап қалудың эффективті жолдарының бірі - одақ аясында ортақ вальюталық интеграция құру. Алайда, бұл жан-жақты талқылынып, пайдасы мен келтіретін шығынды толық есептеп, арнайы зерттеу жүргізгеннен кейін ғана қабылданатын шешім. Әзірге, Рсей Президенті В.Путиннің инициативасымен ұсынылған бұл идея немесе бастама одаққа мүше елдердің барлығының бір ауыздан қолдауын тапқан жоқ. Қазақстан, Белорусия және жақында ғана мүшелікке өткен Арменияның экономистері мұны толық зерделеуі тиіс. Бұдан келетін кіріс немесе шығыс (плюсы или минусы) тәуекелдерін (риск) саралауы керек. Тағы да айтам, бұл бір елдің ұсынысымен қабылдана салатын мәселе емес.
Расул Жұмалы, саясаткер:
- Ресей Президенті В. Путин ОБ және үкіметке қыркүйекке дейін Еуразиялық экономикалық одақ аясында ортақ вальюта енгізуді тапсырды. Путин алды да тапсырманы бере салды. Одақтағы тең құқылы қос елдің Президенттерімен ақылдасқан да жоқ. Құдды бұрынғы КСРО кезіндегі диктаторлар секілді. Негізі бұл Путиннің әу баста көздегені еді. Бұрынғы одақтас елдерді қайта өзіне тарту. Ол үшін КО мен ЕАЭО таптырмас құрал ғана. Осылай Путин көздеген мақсатына сатылап жетіп келеді. Тіпті, Қырымды Ресейдің құрамына қосып алуының да астарында осы жатыр еді. Ал АҚШ пен Еуроодақ Ресейге үсті-үстіне салған санкцияларынан кейін бұл процес үдей түсті, тіпті. Алайда 2014 жылы (Ресейге салынған үлкен санкциялардың кезінде) ресейлік сарапшылар ЕАЭО аясында ортақ вальюта енгізу процессі кемінде 5 жыл қарастырылуы керек деген еді. Ал Қазақстан ше? Қазақстан қазіргі таңда девальвацияның алдында тұр. Ұлттық банктегілер елде ешқандай девальвацияның болмайтынын ескерткенмен, енді халық оған сенбейді. Ал үкімет ше? Үкімет болса 2016 жылға қарай долларсызданамыз деп әлек. Бұл мүмкін емес. Мысалы, біздегі ірі-ірі ұлттық компаниялардың барлығы дерлік доллармен жұмыс жасайды. Олардың депозиттері доллармен сақталған. Ұлттық банктің басқарма төрағасы Үміт Шаяхметовтың "біздің елде банктерде депозиттерді теңгеден күрт долларға ауыстырушылар саны еселеп келеді " дегені тағы бар. Яғни, сарапшылар тығырықтан шығатын жалғыз жол - осы деуі бек мүмкін.
Ортақ вальюта енгізу туралы шешім қабылданады делік. Ал сол қабылдануы мүмкін вальютаның атауы ше? Түрлі нұсқалары бар. Мысалы - "Алтын", түбі сонау "Алтын Ордадан" сыр тартады. Немесе "Евраз" Еуропа Одағы секілді одақтас елдерге ортақ тілде. Әрине, бұл тек жорамал ғана. Негізі одақтағы басымдық Ресейде. Сондықтан әңгіменің төркіні "рубльге" айналып соғады. Біз "ортақ", "коллективтік" деп айтамыз, ал шын мәнінде ресейлік деп ойлаймыз. Мысалы, бірқатар басылымдарда "Путиннің тапсырмасы бойынша 2016 жылы ЕАЭО-ның ортақ вальютасы айналымға енгізіледі" немесе "Путин ЕАЭО ясында ортақ вальюта енгізу туралы тапсырма берді" деген тақырыптағы мақалалар жарық көрді. Ал Назарбаев пен Лукашенконың аты аталмайды. Неге?!
Негізі ЕАЭО мен КО Путиннің пост-кеңестік елдерде өз билігін жүзеге асырудың құралы деп білемін. Енді одақ аясында ортақ вальюта енгізсе - біз тәуелсіздігімізден толықтай айырыламыз. Бұл қатер, қауіптің сигналы.
Мәулен Әшімбаев, Мәжіліс депутаты:
- Ресейде болған девальвацияға байланысты олардың тауарлары біздің нарықта айтарлықтай арзандаған. Сондықтан біздің тауарлардың бәсекелестігіне әсер ететін факторлар жоқ емес. Қазіргі таңда осыны талқылау керек, осыны шешу кезек күттірмейтін мәселе. Ал қазір ортақ вальюта енгізуді талқылаудың ешқандай перспективасы жоқ деп ойлаймын. Сондықтан, қайталап айтам, бұл сұрақ парламентте талқыланбаған, бізде бұл туралы ешқандай ақпарат жоқ. Біздің ойымыз қазіргі таңда сауда-саттықтың өзекті мәселелерін шешу. Бұл негізгі мәселе қазір.
Жылбек Сенбекұлы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, журналист:
- Ресей Президенті Владимир Путин өз елінің Үкіметі мен Орталық банкіне Еуразиялық Экономикалық Одақ (ЕАЭО) елдерінің Орталық банктерімен өзара байланыс орната отырып, қыркүйектің 1-не дейін ақшалай (валюталық) және қаржылық саладағы ынтымақтастық мәселелерін шешу жөнінде тапсырма берді. Соның ішінде басты мәселелердің бірі ортақ ақша Одағын құру болып отыр. Бұл ақша дәл қазір сол Одаққа мүше Ресей, Белоруссия, Қазақстан, Армения және мамыр айынан кейін Қырғызстанға ортақ болады. Алдымен сол ақшаның атауына тоқталсақ, әу баста Н.Ә.Назарбаев «алтын» деп атау жөнінде ұсыныс тастаған. Енді біреулер «евроға» ұқсатып, «евраз» деген ұсыныстар да айтып жүр. 19 ғасырға дейін Ресейдің ақшасы «алтын» деп аталған деректер табылды. Мәселе оның атауында емес, оның «евро» сияқты үстемдік етіп отырған «долларға» төтеп беруінде болып отыр. 2013 жылғы есепке қарағанда «евро» айналымы 950 миллиардтан асып, долларды басып озды. Қазір әлемдегі нақты есеп айырысатын ең мықты ақша болып отыр. Ал енді осы «евро» Еуропалық Одаққа кіретін 19 мемлекеттің ресми ақшасы саналады. Оның ішінде 9 мемлекеттің ұлттық ақшасы болған. Қалғандары мемлекет ішінде евромен қоса өз ақшаларын да айналымға енгізген. Демек, біздің аймақтық Одақтың заңдарында да осындай баптардың болатыны сөзсіз. Әр мемлекеттің ортақ ақшадан бөлек өз валютасы да сақталуы тиіс. Евроаймаққа (еврозонаға) кірмей-ақ біржақты саясат ұстанып отырғандар да бар. Бұған көптеп мысал келтіруге болады: Африкалық одақ(рэнд), жаңазеландиялық (доллар), оңтүстікамерикалық (сукре) ортақ ақша аймақтары бар. Бүгінде әлеуметтік желілерде бұл мәселе қызу талқыланып жатыр. Біз айтайық-айтпайық бәрібір Еуразиялық Экономикалық Одаққа мүше болып еніп кеттік. Бұдан әрі ортақ валютаның да енетіні сөзсіз. Бірақ пайдалы, әрі зиянды жақтары да бар. Тек шикізат ретінде сыртқа мұнай мен қазба байлықтарын ғана сатып күнелтіп отырған Қазақстан үшін пайдасы шамалы болмақ. Ашыла салып қайта жабылып жатқан өндірістердің алдымен сыртқы нарыққа пайдалы-пайдасыздығын анықтап алмай болмайды. Мәселені, тікұшақ шығаратын зауыт салғаннан гөрі, Қырғызстан сияқты алдымен өзімізде бар мақта-мата тоқыма өндірісін дамыту керек. Қолда барды ұқсатып алмай, бірден пайдаға белшемізден батқымыз келеді. Біз ең арысы, Өзбекстан іспетті шұлық та шығармаймыз. Сол өндірісті неге қолға алмасқа?! Бізде мақта-жүн шикізаты жеткілікті. Ортақ валюта енгізілсе тәуелсіздігімізден де айырыламыз деп байбалам сала беруге болмайды. Одаққа енгеннен кейін оның заңды тиімді жақтарын дұрыс пайдалануымыз қажет.
Нұрзат Тоғжан