Болатбек Баймағанбетов оралдықтарға ағаштан ойып жасалған «Қазақтың батыры» және ұлттық киіммен өрнектелген «Ару» мүсіндері арқылы жақсы таныс.
Бұл жолы кейіпкеріміз орал қаласындағы Ықсанов көшесінде жеке кәсіпкердің тапсырысы бойынша үшінші жұмысы – «Қансонар» композициясын жасау үстінде екен. Идеяны тапсырыс берушіге автордың өзі ұсыныпты. Ата-бабамыздың қансонарда аңға шыққан кезін тұтастай суреттеген кешеннің ұқтырары мол. Рухани жаңғыру – деген осы болар. Алыстан «мен мұндалайтын» әдемі кешенді жол бойы өткендер сүйсіне тамашалауда. Тіптен, суретке түсіп жатқандар да болды. Осыдан-ақ автордың еңбегінің құндылығын, халықтың қолөнерді қаншалықты бағалайтынын бағамдауға болады. Бұл композицияны жасауға Бекболат бір ай жарым уақыт жұмсапты. Оның айтуынша, шығармашылық жұмыс болғандықтан, асықпай ою-өрнекпен безендіріп, әр бөлшегіне аса мән береді. Ең бастысы – сапа. Терек кесіндісіне байланысты мүсіннің қимылын да өзгертуге тура келеді.
– Алғашқы үлкен жұмысым Достық даңғылындағы «Юбелейный» аялдамасындағы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған батырдың мүсіні. Одан кейін «Типография» аялдамасындағы сынған ескі ағаштан қазақтың ару қызының бейнесін сомдадым. Мұндай тамыры тереңге тартқан ағаштан жасалған мүсіндердің ерекшелігі – ешқашан солмайды, ылғал тартып тұрады. Сондықтан жарылмайды. Бұл тәжірибе Еуропада дамыған. Қаладағы ескі ағаштарды кесіп тастағанша, осындай мүсіндер жасаса, керемет емес пе? Көптен ойымда жүрген композицияны бұл жолы іске асыруға кәсіпкердің ұсынысы түрткі болды. Іргедегі балабақшаға қатынайтын балғындар жануарлардың мүсінін көріп, күн сайын мәз-мейрам боп өтеді. Көлік жүргізушілері арнайы тоқтап, алғыс айтып жатады. Бір қынжылатыным, осыдан үш жыл бұрын жасаған батырдың мүсінін біреулер бүлдіріпті. Осы жұмысымды аяқтаған соң соны қайта жөндеп, бояу ойымда жүр, – дейді 38 жасар мүсінші. Бізбен әңгімелесу барысында ол жұмысын жан-тәнімен жасап отырды. Ағаштан түйін түйген шебер бала кезінен түрлі жан-жануардың бейнесіндегі ойыншықтарды өз қолымен жасап ойнапты.
Бір таңқалғанымыз, талантты жан сурет салуға жоқ. Бірақ, ешқандай эскиз жасамайды, ойында не бар соны жүзеге асырады. Жануардың тұрысын, аяғын тағы басқа мүшелерін теректің кесіндісіне байланысты өзгертіп отырады екен. Терекке қарап-ақ не жасауға болатынын лезде шешеді.
Болатбектің туған жері – Жалпақтал ауданының Талдықұдық ауылы. Осы ауылда орта мектепті тәмамдаған бозбала М.Өтемісов атындағы БҚМУ жанындағы колледжді қазақ тілі мен араб тілі мамандығы бойынша тәмамдаған. Бірақ мұғалім болуға құлқы болмаған ол осы салаға көңілі ауып тұратынын жасырмайды. – Туған ауылымда терек жоқ болатын. Жазық далада өстім. Кейбіреулер «сіз терегі көп, орманды алқапта өскен боларсыз» деп болжам жасап жатады, – деген ол арғы атасы Жайнақ ағаш шебері болғанын, бұл өнердің қанмен берілгенін айтады. Өйткені, Болатбек белгілі мүсіншілерді танымайды да, не еліктеп көрмепті. Әкесі Төлеген мен анасы Бақытжамал он баланың кенжесінің шеберлігімен елді сүйсінтеріне әу бастан сеніпті. Өйткені, мектеп жасынан-ақ белсенді, ақындығы да бар, түрлі қойылымдарда басты рөлдерді сомдайтын әртіс, шеберлігі өз алдына бір төбе «сегіз қырлы, бір сырлы» баланы ұстаздары да үнемі ата-анасына мақтап жүрген.