Астанада жұмыссыздық деңгейі төмендеп келеді (кесте)

/uploads/thumbnail/20180711144906106_small.jpg

«Еңбек нарығы жұмыс жүргізудің жаңа жағдайларына бейімделіп, елеулі еңбек ресурстарының ауысуына дайын болуға тиіс»,- дейді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Еңбек нарығында үлкен сұранысқа ие мамандарды саралап, оны тұрақты жұмысқа орналастыру ел экономикасының дамуының көрінісі. Бүгінде Астана тұрғындарының жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайыз. Бұл көрсеткіш жоспар бойынша 2021 жылы 4 пайызды құрауы керек.  Яғни, еліміздің еңбек және халықты жұмыспен қамту саясатын жүзеге асыратын орталықтың экономиканың тұрақты дамуына қосар үлесі зор. Еңбек нарығының тиімділігін арттырып, жұртшылықты тұрақты жұмыспен қамтып отырған мекеменің өткені мен келешегін қамтып,соңғы жеті жылдағы көрсеткіштерді салыстыра отырып, орталық директоры Олжас Омармен сұхбаттасқан едік.

 Олжас Омар

Кәсіптік және қайта даярлау курсынан өткендерді тұрақты жұмыспен қамтимыз

 

– Сіз басқарып отырған орталықтың ел экономикасына қосып отырған үлесі қандай?

– Алдымен әңгіме ауанын оқу орнын жақында аяқтаған тәжірибесіз жас мамандардың жұмысқа орналасуынан бастайық. Рас, бүгінде жұмыс беруші тәжірибе өтілі жоқ маманды жұмысқа қабылдауға құлықсыз. Еңбекке араласпаған жастың меселін қайтармас үшін, еңбек нарығын ескере отырып мемлекет жастарға жақсы бір мүмкіндікті қарастырды. Бұл – «Жұмыспен қамту –2020» жобасы шеңберіндегі «Жастар практикасы» бағдарламасы. Оқуды енді аяқтаған жас қоғамнан бірден еншісін алғысы келетіні рас. Мен айтып отырған бағдарлама жұмыс іздеген талаптының  тауын шақпайды, тәжірибе жиып, өз деңгейін көрсетуге мүмкіндік береді. Жұмыс берушінің сенімін ақтап, талабын қанағаттандырса, маман тұрақты жұмысқа орналасады. Біздің орталықта осы бағдарлама қарқынды жүзеге асырылып жатыр. Жұмыс беруші орталықпен шарт жасасып, мамандар жастар практикасынан өту үшін арнайы бос жұмыс орындарын құрады. Біздің талап бойынша бос жұмыс орны түлектің алған мамандығымен сай келуі керек.

– Қанша жұмыс берушімен шарт жасастыңыздар? Жеті жылдың ішінде жастар практикасы жобасы арқылы қанша түлек жұмыспен қамтылды?

– Өткен жылдың қорытындысын айтар болсам, 295 жұмыс берушімен арада келісім болды. Барлығы 1 713 бос жұмыс орын ұсынылып, 915 түлек тұрақты жұмыспен қамтылды. Ал 2018 жылдың жарты жылдығында 174 жұмыс берушімен келісім шарт жасалып, 1 048 бос жұмыс орны түлектерге ұсынылды. Бүгінге дейін 330 түлек жұмысқа орналасты. Ал жалпы жеті жылға шолу жасар болсам, 2011 жылы – 812 түлек, 2012 жылы –692, 2013-те– 663, 2014 жылы бұл көрсеткіш 735 болса, 2015-те 590, ал 2016-да – 661 түлек аталмыш жоба аясында жұмыспен қамтылған. Жалпы 7 жылдың қорытындысы бойынша 5 068 түлек жастар практикасынан өтті.

– Жастар практикасы жобасында қандай мамандықтарға сұраныс жоғары?

– Қазіргі таңда, заңгер, экономист, есепші, есеп және аудит, ақпараттық жүйе, әлеуметтік жүйе, психология, менеджмент, дизайн саласын бітіргендер көп. Еске сала кетейін, біздің орталықта өзінің қабілет-қарымын анықтап, мамандық таңдай алмай жүрген жастармен жұмыс істейтін арнайы бөлім  бар. Жоғары оқу орнына келгенде кез-келген жастың мамандық таңдауда  кеңесетін адам таба алмайтыны анық. Осы ретте біз мектеп оқушыларымен арнайы тест жүргізіп, бағыт-бағдар береміз.

–Яғни, жастар арасындағы жұмыссыздықтың алдын алу шарасы дейсіз ғой?

– Иә, солай десек те болады. «Еңбек» Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша» орталық 9 және 11 сынып оқушыларына кәсіптік бағдар беру бойынша тестілеу жүргізіп тұрады. Бұл дегеніміз– оқушыны мектеп қабырғасында жүріп–ақ бір бағытқа тәрбиелеу, кәсіби бағдар беру. Меніңше, егер оқушы жоғары оқу орнына бармас бұрын өзіне қажетті мамандықты түбегейлі зерттеп шықса, кейін ол адамнан мықты маман шығады. Өзін психологиялық және моральды тұрғыда тәрбиелеген адам сол мамандықты орта жолда тастап кетпей, ыстығы мен суығына төзе біледі. Біз 2017 жылдың алғашқы бес айында 84 мектепте 9 және 11 сынып оқушылары арасында, нақтырақ айтсақ, 11 626 оқушыға тестілеу жұмыстарын жүргіздік. Нәтижесінде медицина саласына сұраныс жоғары болды. 332 оқушы медицинаға бейімділігін көрсетсе, сауда және өнеркәсіп саласына сұраныс айтарлықтай болмады. Ал 2017 жылдың соңғы төрт айында 47 мектеп 5 967 оқушыға тест жүргізілді. Биылғы жылдың жоспары бойынша 5 800 оқушыға бағдар беретін тест жүргізілуі керек. Біз алғашқы алты айда 34 мектепті аралап 2 394 оқушының бейімін анықтадық. Қалған жұмыстар келер оқу жылында жүргізіледі. Мұндағы мақсат – кәсіби бағдар беру арқылы оқушылардың еңбекке деген қарым-қатынасын әзірлеу, өзінің мүмкіндіктеріне, қабілетіне сәйкес еңбек нарығындағы талаптарды ескере отырып, мамандық таңдауға еркіндік беру.

– Өз сөзіңізде «маман өзін психологиялық және моральды тұрғыда тәрбиелей білсе, мамандықты орта жолда тастап кетпейді» дедіңіз. Демек, дұрыс мамандық таңдамаған адам қоғамдағы жұмыссыздықтың белең алуына себепкер ме?

– Біз бұл мәселенің де алдын аламыз. Жұмыссыз жүрген азаматтарды кәсіптік оқытып, қайта даярлау және біліктілігін арттыру мақсатында тегін оқыту курстарын жүргізіп жатырмыз. Тағы да өткен жылдың қорытындысына тоқталар болсам, 546 адам тегін курсқа тіркелді. Оның 478-і бітіріп шықты. Ал биылғы жылдың жарты жылдығында 330 адам оқып жатыр. Біз тек жұмыссыз жүрген азаматтарды үш ай оқытамыз, оларға арнайы шәкіртақы тағайындаймыз. Бұл бағдарлама – кәсіптік дағдыларына сай келетін жұмыстардың болмауына байланысты қызметін өзгерткісі келетіндер үшін таптырмас мүмкіндік. Айта кетейін, халық арасында тігінші, аспаз, шаштараз, ағылшын тілі, программист, тәрбиеші мамандығына қызығушылық жоғары. Алдағы уақытта «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын нәтижелі жүзеге асыру барысында IT маманы, мобильді қосымша дайындайтын, анимация және бейнеграфика жасайтын мамандарды оқытатын боламыз. Өткен жылдардың көрсеткіштеріне көз жүгіртер болсам, 2011 жылы кәсіптік оқыту курсынан 4 121 адам өтіпті. Ал 2012-2014 жылдар арасында 1 500 адам курстан өткен. 2015-2016 жылдары 600-дің айналасы болса, өткен жылы бар-жоғы 546 адам кәсіптік оқыту және қайта даярлау курсының көмегіне жүгініпті.

– Еңбек нарығында қандай мамандықтарға сұраныс артып келеді? Арнайы болжам жасақтала ма?

– Елорданың еңбек нарығындағы қажетті мамандықтарды ескеріп, 2019-2023 жылдарды қамтып болжам жасақтадық. Нәтижесінде білім мен медицина саласындағы мамандықтарға сұраныс төмендемейді. Біз тізген тізімде әлеуметтік қызмет пен ауыл шаруашылығы саласына мамандар тапшы болмақ.   

– Кәсіптік және қайта даярлау курсынан өткен маманды орталық жұмысқа орналастыра ма?

– Әрине, мүмкіндігінше мамандығына сай келетін жұмысты іздеп табамыз. Тегін курстан өткеннен кейін жұмыссыз азаматтарды жұмыс берушілермен байланыстыратын бөлімге жібереміз. Уақытша жұмыссыз ретінде тіркеліп, арнайы төлемақы тағайындалады. Ондағы мамандар қала бойынша бос жұмыс орындарын іздеп табады. Яғни, біз қолдан келгенше жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамтуға тырысамыз. Тек курстан өткендер ғана емес, мамандығына сай келетін жұмысты таппай жүрген кез келген Елорда тұрғыны біздің орталықтың көмегіне жүгіне алады. Жұмыс іздеуші алдымен «Еңбек нарығы» ААЖ-не жұмыссыз ретінде тіркеледі. www.enbek.kz электронды еңбек биржасы барлық жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер үшін қолжетімді. Порталда электронды түйіндеме жасауға болады. ХЖҚО 10 жұмыс күні ішінде жұмыссызға лайықты жұмыс іздеп, тұрақты жұмысқа орналасуға көмектеседі. Бүгінде порталда 2 562 жұмыс беруші тіркелген, 5 740 бос жұмыс орны бар. Ал біздің орталыққа бір күнде 300-ден аса адам келеді. Оның ішінде орташа есеппен 30-дан аса адамды жұмысқа орналасады. Ал айына шашамен 600-700 адам тұрақты жұмыспен қамтимыз. Жалпы осы уақытқа дейін, яғни 2011 жылдан бері 43 781 адам жұмыспен қамтылыпты. Тағы да жылдарды бөліп қарастырар болсақ, 2011-де – 4 603, 2012– 5 608, 2013– 4 763, 2014 жылы –6548, 2015 жылы –5 937 болса, бұл көрсеткіш 2016 жылы – 7628 болды, ал өткен жылы – 8 964-ке жетті.       

– Ал уақытша жұмыспен қамтамасыз ету жұмыстары қалай жүзеге асып жатыр?

– Иә, Халықты жұмыспен қамту орталықтары ұйымдастыратын, кәсіптік дайындықты талап етпейтін қоғамдық жұмыстар бар. Біз жұмыс іздеушілерді қоғамдық жұмыстарға да жібереміз. Оның ішінде мемлекеттік мекемелер, жеке қорлар бар. Былтыр 2 398 адам жіберілсе, биыл 1 045 азамат қоғамдық жұмыспен уақытша жұмысқа орналасты. 2011-2015 жылдары қоғамдық жұмысқа жұмылдырылғандар саны 2000-нан аспаған еді. Ал 2016-2017 жылдардағы  көрсеткіш басқаша. Тарқатар болсам, 2016 жылы – 2 169 адам, 2017 жылы – 2 224 адам қоғамдық жұмысқа орналасыпты. Айта кетейін, аталмыш жобаға жоғары сынып оқушылары мен студенттер де қатыса алады. Яғни, жазғы демалыс кезінде оқудан босаған оқушылар мен студенттер орталық ұсынған жұмыстарға барады. 2017 жылы 40-тан аса оқушы жіберілді. Биыл да олар жұмысқа жұмылдырылды.

 

Бос жұмыс орындар жәрмеңкесі нәтиже беріп келеді

 

– Қалалық бос жұмыс орындар жәрмеңкесі жиі ұйымдастырыла ма?

– Біз ай сайын бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастырамыз. Биылғы жәрмеңкеде 500-ден аса жұмыс беруші 8000-ға жуық бос жұмыс орнын ұсынды. Олардың ішінде 900-ге жуық жұмыссыз жұмыспен қамтылды. Биыл жәрмеңке жеті рет ұйымдастырылды. Нәтиже жаман емес. Ал жалпы жеті жылдыққа келер болсам, 2011 жылы 102 жұмыс беруші 1224 бос жұмыс орнын ұсынды. 2012 жылы 31 жұмыс беруші 90 жұмыс орнын ұсынса, бұл көрсеткіш 2013-тен бастап өсті. 2014-2015 жылдары 400-ге жуық жұмыс беруші жұмыссыз азаматтарға 4000-ға жуық бос жұмыс орнын ұсынды. Ал 2016 жылы 601 жұмыс беруші 7852 бос жұмыс орнын, 2017 жылы 593 жұмыс беруші 7225 орынды халық назарына шығарды.

– Олжас мырза, әлеуметтік әлсіз топтарды қоғамға бейімдеу жұмыстары қалай жүзеге асып жатыр?

– «Еңбек» Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша» бізде арнайы әлеуметтік орын жобасы ұйымдастырылды. Мұнда мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін орталық жұмыс берушімен шарт жасасты. Келісім бойынша орталық еңбекақының 35 пайызын төлеп береді. Арнайы жұмыс орны бойынша жеті жыл ішінде барлығы 1 937 адам жұмыспен қамтылды. 2011 жылы – 597 адам болса, 2012-2013 жылдары айналасы 360 адам, 2014-2016 жылдарда бұл көрсеткіш 200-ге жетпеді, ал былтыр жоба 220 адамға көмек көрсетіпті.

Жалпы біздің жылдық жоспарымыз бекітілген, мақсат айқын. Мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту, оларға жұмыс орнында жағдайдың жасалуы осы және өзге де сұрақтарды шешу үшін біз жұмыс берушілермен ашық сұхбаттасамыз. Әлсіз топ өкілдері қоғамнан теперіш көрмеуі керек. Жұмыс берушілерді психологиялық тұрғыда дайындауға да жағдай жасаймыз. Өткен жылдың нәтижесі бойынша жұмыссыз ретінде 588  мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелді. Оның 192-і тұрақты жұмысқа орналасса, 343-і қоғамдық жұмысқа, 15-і жастар практикасына жіберілді.  27 адамға арнайы әлеуметтік орын тағайындалды. Ал биылғы жылдың соңғы алты айында 310 жұмыссыз тіркеліп, оның 101-і тұрақты жұмысқа орналасып, 167 адам қоғамдық жұмысқа, 8-і жастар практикасына жіберілді. 17 адамға арнайы әлеуметтік орын тағайындалса, 17-сі тегін курс оқып жатыр.

– Жазасын өтеп келген жандарды қоғамға бейімдеу ісіне тоқталып өтіңізші...

– Иә, біз бас бостандығынан айырылып, жазасын өтеп келгендердің де жұмыспен қамтылуын қадағалаймыз. ІІД-мен бірлесіп, олар үшін бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастырамыз. Жұмыс берушілермен тікелей сұхбаттасып, әлеуметтік жағдайын бір ізге салуына, тіпті жеке кәсібін ашуына да жәрдем береміз.

 

Біз әр отбасының мәселесіне терең үңілеміз

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Халыққа Жолдауында «Еңбекке қабілетті әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған азаматтар үшін берілетін қаржылай көмек олар жұмыспен қамту шараларына қатысқан жағдайда ғана қолжетімді болады» деп еңбекке қабілетсіз азаматтарға мемлекеттік қолдау көрсету шаралары күшейтілетінін баса айтты. Айтыңызшы, Атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәртібінің талаптары қандай?

– Жасыратыны жоқ, тіршілікте таршылық көріп, заманның ағымына ілесе алмай, көш соңында келе жатқан отбасылар қоғамда баршылық. Біз әр отбасының мәселесіне жеке-жеке үңілеміз. Осы уақытқа дейін Атаулы әлеуметтік көмек көрсету ісі Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының құзырында болды. Қазірде аталмыш жаңа форматтағы жобаның жүзеге асуына басқарма мұрындық болып отыр. Аз қамтылған отбасыларды әлеуметтік қолдау біздің күн тәртібінде тұрған үлкен мәселе. Біздің қоғамда аз қамтылған отбасылардың өзі түрлі топқа бөлінеді. Бірі көпбалалы, жалғызбасты, бала күтімімен үйде отырған аналар, объективті себептерге байланысты еңбек ете алмайтын жұмыс жасындағы азаматтар, тізе берсе, жетерлік. Тағы да баса айтамын, біз әр отбасының мәселесін майшаммен қараймыз. Егер отбасының бір мүшесі жұмыссыз отырса және ол еңбекке қабілетті болса, оның жұмысқа тұруына жәрдем беріп, тіпті кәсібін бастауға да ынталандырамыз. Яғни біз тағайындаған жәрдемақы отбасының табыс көзіне айналмауы тиіс. Осыны да ескереміз. Біздің орталық мамандары әр отбасын аралап, ішкі мәселелеріне үңіледі. Олар отбасында кірістен көрі шығыстың көптігін айтады. Көпшілігі арнаулы білімі жоқ болғандықтан жұмыссыз жүреді. Біз әлеуметтік көмек көрсетіп, төлемақы тағайындаймыз және мүмкіндігінше отбасы құрамындағы еңбекке қабілетті адамды жұмыспен қамтимыз. Жұмысқа орналастырған соң жалақысын уақытылы алуын қадағалаймыз. Ал көмек мөлшері отбасының әрбір мүшесінің табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен 50 пайыз төмен болмауы тиіс. Ал төлем мерзімі 6 айдан 12 айға дейін. Тіпті 3 айға төлемді алып өз ісін ашуға да мүмкіндік бар. Бұл жаңа форматтағы жобаның берері мол. Атап айтсам, балаларды мектепке дейінгі ұйымдарға кезекке қою, тұрғын үй көмегін алу, мүгедектерді әлеуметтік оңалту бойынша көмек алу.

– Ал шартты және шартсыз ақшалай көмек қалай көрсетіледі?

– Егер отбасында еңбекке қабілетсіз адам болса жәрдемақыны алу үшін жұмыспен қамту шараларына қатысу міндеттелмейді. Бұл шартсыз ақшалай көмек. Ал шартты ақшалай көмекке отбасында жұмысқа қабілетті кем дегенде бір адам болуы керек және жұмыспен қамту шараларына қатысуға міндетті.

– Атаулы әлеуметтік көмек жобасына жыл басынан бері қанша отбасы қатысты?

– Жалпы әлеуметтік жеңілдік – көпшіліктің барлық мәселесін шешіп тастамайды. Осыны ескерген жөн. Мемлекет тарапынан берілген көмек – кедейшіліктің алдын алып, ұлттың әл-ауқатының жақсаруына сеп болмақ. Жыл басынан бері, жаңа форматтағы жобаны жүзеге асыру үшін тұрғындарды ақпараттандырдық. Бір-бірінен естіп білгендер кейіннен орталыққа өздері іздеп келіп жатты. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, шартсыз ақшалай көмек бойынша 588 отбасына оның ішінде 2 610 адамға жәрдемақы тағайындалған. Шартты ақшалай көмек 510 отбасы 3 056 адамға берілген.

Жалпы жоғарыда аталған барлық жұмыстар Елорда әкімі Әсет Исекешев пен Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының бақылауымен жүзеге асып жатыр.

– Олжас мырза, уақыт тауып сұхбат бергеніңізге рахмет!

 

 

2011 ж

2012 ж

2013 ж

2014 ж

2015 ж

2016 ж

2017 ж

2018 6 ай

Жұмыспен қамтылғандар

4 603

5 608

4 763

6 548

5 937

7 628

8 694

2539

Жастар практикасы

812

692

663

735

590

661

915

387

Кәсіптік оқыту

4 121

1 339

1 408

1 654

628

699

546

330

Жұмыссыздық деңгейі

5,8

5,7

5,5

5,1

4,7

4,6

4,6

4,6

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар