ЕҰУ-да 3 блоктан тұратын 2467 орындық жатақхана салынбақ

/uploads/thumbnail/20181008153923854_small.jpg

2019-2021 жылдары Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті базасында 3 блоктан тұратын 2 467 орындық жатақхана салынады. Бұл туралы кеше аталмыш унверситеттің ректоры, ҚР ҰҒА академигі Ерлан Сыдықов дәстүрлі есеп беру кездесуінде мәлім етті.

Қазақстан Республикасының Президенті, Ұлт көшбасшысы Н. Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына жолдауында «Мен жергілікті басқаруды дамыту тұжырымдамасын бекіттім. Ол ауылдық, селолық деңгейде басқару саласын арттыруға мүмкіндік жасайды және азаматтардың жергілікті маңызы бар мәселелерге қатысуын кеңейтеді» деп атап көрсеткен болатын. Елінің ертеңін ойлаған Елбасының бұл тұжырымды сөзінің түп төркінін терең түсінген Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА академигі Ерлан Сыдықов биыл да алғашқы болып ел алдында есеп берді.

Еуразия ұлттық университетінде өткен есепті кездесуде ғылыми кеңес мүшелері, профессор-оқытушылар, сала қызметкерлері және ата-аналар мен студент-жастар ректордың 2017-2018 оқу жылында атқарған жұмыстары мен алдағы жоспарын тыңдады. 

Есепті баяндамада жылдың білім және ғылым саласындағы жетістіктеріне баса мән берілді. ЕҰУ мемлекеттік бағдарламаларды ұстанады. Оған мысал Елбасымыздың 2020 жылға дейінгі қойылған мақсаттарды іске асыру үшін жасалып жатқан жұмыстар.

Жиында айтылғандай, биыл да Еуразия ұлттық университетінде ҚР Президентінің стратегиялық бағдарламаларын оқу орны көлемінде іске асыру, профессор-оқытушылар мен студенттердің әлеуметтік жағдайын қамтамсыз ету, тұрмыс жағдайының жақсаруына ықпал етуге жүйелі жұмыстар жүргізіле бермек. Олай дейтініміз, өткен жылы университет ректоры Ерлан Сыдықов Елбасы қабылдауында болғанда, Нұрсұлтан Әбішұлы: «Мемлекет пен қоғамның береке-бірлігі, әл-ауқаты мен дамуы жетекші университеттердің сапасына тікелей қатысты» деп, қадау-қадау тапсырма берген болатын.

2017-2018 оқу жылы университет осы тапсырма үдесінен шығу үшін еңбектенгені көрініп тұр. Әсіресе Ұлт көшбасшысының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты бағдарламалық мақаласы аясында өткен жылда университет осы елдік-мемлекетшілдік бастаманың жуан ортасында жүрді. Өйткені университет ректорына мемлекеттік деңгейде осы бағдарламаның «Туған жер» бағытын басқару жүктеліп, университет – «Рухани жаңғырудың» тұтастай ғылыми-әдістемелік алаңына айналды. Қазақстанның төрт өңірінде болып, жаңғыру іс-шараларын жүйелеуді үйлестірді. Тіпті осы бағдарламаның ЮНЕСКО штаб-пәтеріндегі (Париж) таныстырылымына да қатысып қайтты.

Университет ғалымдары «Әлемдік 100 оқулықты аудару», «Цифрлы Қазақстан», «Қазақы латын қарпі» жобаларын орындауға да атсалысып келеді.

Былтыр ЭКСПО халықаралық көрмесін ұйымдастыру мен өткізудегі ЕҰУ-дың кешенді қызметі Елбасы, Астана әкімі тарапынан жоғары бағаланғанын білеміз.

«Сырт көз – сыншы» деген, QS рейтингі бойынша ЕҰУ жас ЖОО ішінде әлемдік көшбасшы ТОП-50-дің ішінде (46-орын). Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдерінің «QS: EECA» аймақтық   рейтингінде 24-орынға көтерілген. QS World University Ranking 2018 рейтингінде Топ-400-дікте. QS-тің «физика және астрономия» бағытындағы пәндік рейтингінде Топ-500-дік ішінде.

Ғалымдарымыздан сілтеме жасау индексі бойынша Webometrics «Transparent Ranking: Top Universities by Google Scholar Citations» рейтингінде Қазақстан оқу орындары ішінде көш бастады. Таяуда ғана «ЕҰУ аса беделді әлемдік Times Higher Education рейтингіне енді» деген тағы бір сүйінші хабар алды.

Сондай-ақ ЕҰУ өз еліміздегі басты ұлттық рейтингте де топ бастап, 1, 2, 3 жүлделі орында тұр. Қалыптасқан аббревиатурамен айтсақ, НКАОКО мен НААР, кәсіпкерлердің «Атамекен» ұлттық палатасы осындай баға берген.

Институционалдық және арнайы аккредиттеуден өту – өмір талабы. 2017-2018 жылы оқу орны бакалавриат, магистратура, докторантураның 169 білім бағдарламасын аккредиттеуден өткізді. Бұл - 100 пайыз білім бағдарламасының 97 пайызы деген сөз.

30-ға жуық білім бағдарламасы Германияның ACQUIN және ASIIN агенттіктерінің аккредиттеуінен өтті. Өйткені білімдегі сапа – университеттің алға қойған басты міндеті. Осы бағытта министрлікпен және жетекші ЖОО-лармен бірігіп «Академиялық адалдық лигасын» құрған.

Ең бастысы, биыл Еуразия ұлттық университетіне 7 мыңнан астам білім алушы түсті. Рекордтық көрсеткіш! Оның 80 пайыздан астамы – мемлекеттік грант иегерлері. Бұл – ел сенімі, жастар сенімі.

Университеттің басты міндеті – білім беру. Білім болғанда да сапалы, жаңа заманға лайық, бәсекеге қабілетті білім! Сондықтанда болар, әр ата-ана ЕҰУ-ды осы үшін де таңдады.

Ұлттық университеттегі 13 факультет – әлеуетті бағыттардың арнасы. 2 мың профессор-оқытушы – жастар қуатына дем беруші тәлімгерлер. Олардың арасында дабысы әлемге кеткен академиктер, мемлекеттік сыйлықтың және ТМД сыйлығының иегерлері, мемлекет және қоғам қайраткерлері бар. Біртуар тұлғалар осы ғимараттарда дәріс оқиды. 20 мың білім алушының дені – «алтын белгі», «қызыл диплом» иегерлері, олимпиада мен спорттық жарыстардың жеңімпаздары, өз ауылы мен өңірінің таланттары мен талаптылары.

ГПИИР деп қысқартылып айтылатын мемлекеттік индустриялдық-инновациялық даму бағдарламасы мамандарын да осы оқу орны даярлайды. Талапты жастар бакалавриаттың – 71, магистратураның – 68, докторантураның – 39 мамандығы бойынша білім алып шығады. 22 бірлескен білім бағдарламасы жүзеге асырылуда. Осының нәтижесінде жастар ЕҰУ мен шетел университетінің қос дипломын алып шығады.

Биыл университет білім айдынына «IT-менеджмент», «IT-аудит», «Экологиялық аудит», «Есептеу лингвистикасы», «Цифрлық криминалистика» сияқты бұрын-соңды болмаған және айрықша мамандықтарды шығарды.

Ғылыми деңгейі 70 пайыз: бұл сапта 259 ғылым докторы, 665 ғылым кандидаты, 180 PhD дәріс береді. Президенттің «Болашақ» бағдарламасының түлектері – 200. Сонымен қатар биыл шетелден білікті 90 профессор шақырылса, 327 профессор-оқытушылары шет елде білім-білігін көтеріп қайтты.

Білім де өмірдің өзі секілді: жаңарып-жаңғырып тұрады. Елбасы инновация және рухани жаңғыру міндетін алға қойғанда, кемел келешекке батыл көз жібергені анық.

Таяуда Астана болашағы туралы деректі фильмде Ұлт көшбасшысы: «Біз Астанадағы жетекші жоғары оқу орындарына зор үміт артамыз» деді. Еуразия ұлттық университеті сол үмітті ақтау жолында, яғни елге қажетті білім мен ғылымды жаңғырту үстінде.

ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықовтың есепті баяндамасында студенттердің әлеуметтік-азаматтық даму жағдайлары үнемі назарда екені баса айтылды. Елбасының «Әлеуметтік 5 бастама» бағдарламасы зор серпін бергені көрініп тұр. Өз тараптарынан да қарап жатпай әр жылы кемінде бір әлеуметтік нысанды іске қосып келген. МГУ филиалының жатақханасы, №7 Студенттер үйі түрлі экономикалық қиындыққа қарамай уақытында тапсырылған.

«Рас, жатақхана бойынша біршама проблема бар. Оны Елбасыға дейінгі ел тұлғалары біліп отыр. Бәрі бірте-бірте шешіледі», - дейді ректор Ерлан Бәтташұлы есепті баяндамасында. Қазіргі 7 оқу-зертханалық ғимараты, 7 студенттер үйі, жас ғалымдар үйі, «Еуразия» спорт кешені, «Тұмар» спорт-сауықтыру базасы, ғылыми кітапхана, стартап – бәрі де әлеуметтік игіліктері.

Жаңа № 7 студенттер үйінде жастарға арналған коворкинг-орталық ашылып, спорт орталығы жоспарланып отыр. Мұнда ұтқырлық байланыспен келген шетелдік студенттер де лайықты орналастырылған. Бұйырса, 2019-2021 жылдары 3 блоктан тұратын 2467 орындық жатақхана құрылысын бастамақ. Бұл – Елбасы тапсырмасын орындаудың жолындағы жауапты іс-шара.

Тағы бір айта кететін жайт, білім алушылардың ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізуіне барлық қолайлы жағдай туғызып отыр. Жаңа форматтағы Жас ғалымдар кеңесі, Студенттердің ғылыми қоғамы белсенді қызмет етуде. Тұңғыш Президент қорының байқауында ЕҰУ-дың Жас ғалымдар кеңесі республикадағы «Ең үздік кеңес» атағын жеңіп алған.

Түрлі ғылым саласы бойынша бакалавриат, магистратура, докторантура білім алушыларының республикалық байқауында 2017 жылы 48 ғылыми жұмыс, 2018 жылы 39 ғылымыи жұмыс жеңімпаз деп табылған. 400 студент халықаралық және республикалық байқауда топ жарса, өткен оқу жылы құрылған Жастардың бизнес-инкубаторы 100 жобаны күн тәртібіне шығарып, 26-сын жүзеге асырып үлгерді. Сөйтіп, 87 жас азаматқа жұмыс тауып берді. Олардың жаңа 10 бизнес-жобасы сынақ мерзімінен өткен.

Еуразия ұлттық университеті ІТ бағытына айрықша көңіл бөледі, өйткені «Цифрлық Қазақстанның» мақсат-мәні де осында. «Электронды инжиниринг» зертхана кешені, «Кибер қауіпсіздік» зертханасы, СОТСБИ-ге (телефон жүйелерінің – ақпарат қорының сертификацияланған құрылғысы) қатысты интерактивті 2 зертхана ізашар жұмысына кірісті. Сондай-ақ ГПИИР негізінде жасақталған ғылыми зертхана аккредиттеуден өткен.

Әр университет үшін кітапхана – білім мен ғылымның кілті. Жаңа заманда оның форматы да, қызмет аясы да жаңарған. ЕҰУ кітапханасының қоры 1.644.032 дана кітап. 2017 жылы қордың жаңару коэффициенті 26,4% артса, әлемдік беделді ғылыми ақпарат, мультипәндік ғылыми дерек қорына енудің жаңа технологиялық негіздері жүзеге асырылған.

Шығармашылықта шек жоқ. Ректордың идеясымен ІТ мамандығының бір топ студенті тоғызқұмалақтың мобильдік қосымшасын ойлап тауып, әлемдік байқауларға жолдама алды.

Қазақ «жақсыда жаттық жоқ» дейді.

ЕҰУ әлемнің 52 елінің жоғары оқу орындарымен, ғылыми ұйымдарымен ынтымақтастық жөнінде 343 келісім-шарт жасасқан. Мұның негізгі мәні – академиялық ұтқырлық, магистрант, докторант тағылымдамасы, біріккен ғылыми зерттеулер, профессорлар мен топ-менеджерлер шақыру мен алмасу.

Мысалы, өткен жылы академиялық ұтқырлық аясында Еуропа, АҚШ, Азия және ТМД елдерінің 19 жоғары оқу орнынан 68 білім алушыны (бакалавриат – 57, магистратура – 11) қабылдады.

2017-2018 оқу жылы Шығыс академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша ЕҰУ-дың 338 білім алушысы АҚШ, Еуропа, Азия және ТМД елдерінің 71 жоғары оқу орнына білім алуға аттанды. Оның ішінде ҚР БҒМ қаржыландыратын бағдарлама бойынша – 53, Эразмус+ бағдарламасы бойынша – 26, Mevlana – 2, UGRAD – 1, өз есебі бойынша – 219, жоғары оқу орнының есебінен – 5, қос диплом бағдарламасы бойынша – 28, JASSO – 1, Н.Кенжебеков атындағы стипендиалық бағдарлама бойынша – 1, Корей үкіметінің стипендиясы бойынша – 1 білім алушы деңгейін лайықты көтеріп қайтты.

Осы оқу жылы Өзбекстан, Моңғолия, Қырғызстан, Ауғанстан, Тәжікстан, Түркия, Иран, Ливия, Сирия, Қытай, Ресей және басқа елдерден келген шетелдік студенттердің жалпы саны 574 адамды құрайды.

Қазақстанда білім беру хабын қалыптастыру – маңызды шара. Осы бағдарламаны орындау аясында шетелдік студенттердің саны жылдан-жылға артуы тиіс. Бұл ретте шетел университеттерінде филиал, өкілдік, мәдени орталық ашу ортақ іске серпін береді. Еуразия ұлттық университеті өткен жылы Қытайда, Иранда, Түркияда, Белоруссияда өз орталығын ашты.

2017-2018 оқу жылы ЕҰУ-да ашылған дайындық бөлімі - білім беру қызметінің жаңа бағыты деуге болады. Биыл тыңдаушылар саны 2 есеге өсті. Бұл да – жүйелі еңбек пен сапалы білімнің нәтижесі.

«Шетелдік студенттеріміз әлі-ақ Қазақстанның, Астана мен Еуразия университетінің адал досына, мәдени елшісіне айналатынына сенімдімін», -дейді Ерлан Сыдықов.

Ғылыми-зерттеу – кез келген университет үшін айрықша басым бағыт. Оның үстіне ЕҰУ зерттеу университеті мәртебесін алу жолында екені белгілі. Ғалымдардың ғылыми белсенділігі, әсіресе жоғары рейтингті журналдарда мақала жариялауы – әлемдік ортақ талап.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар