Ядролық сынақты бастан өткізген қазақ халқы оның зардабын әлі ұмыта қойған жоқ. Расында зұлмат жылдардың жарақаты әлі талайдың жүрегінде қалары анық. Өйткені...
Қырық жалдың ішінде Семей полигонында 450-ден астам ядролық сынақ өткізілді. Оның ішінде 86-сы әуеде, 30-ы жер үстінде, 340 -ы жер астында жасалды. Бұл жарылыстың зардабы осы аумақта тұратын 1,5 миллион адамға зардабын тигізді. Бұл анығын айтқанда, Хиросимаға тасталған атом бомбасынан 2,5 мың есе қуатты болды.
Сөйтіп, қырық жылдан астам созылған аждаһаның аузы жабылды. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 1991 жылдың 29 тамызында Семей полигоны жабылды. Сөйтіп, Президент Жарлығымен Қазақстан әлемде төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартты.
–Полигон аумағында СС-18 деп аталатын 104 баллистикалық ракета орналасты. Аэродромдарда 40 бомбалаушы ұшақ болды. Біздегі атом қаруының қуаттылығы Франция, Ұлыбритания, тіпті Қытайдан да мықты еді. Бірақ соған қарамастан еліміз әлемдегі төртінші ядролық державадан бас тартты. Қазақ елі бейбітшілікті қалады. Біздің еліміз ядролық мәртебесінен бас тартқанымен, бейбіт атомды дамыту мүмкіндігін сақтап қалды. Осылайша, жаһандық антиядролық қозғалыста Қазақстан көшбасшы атанып, «АТОМ» жобасын жүзеге асыруда, - деді Президент.
Расында Қазақстанның, нақтырақ айтқанда, президент Назарбаевтың Жарлығымен жабылған полигон мен қауіпсіздік бағытындағы сан жылдық еңбек пен күш жігер Елбасының Вашингтонда өткен саммитте сөйлеген сөзінде «Әлем ХХІ ғасыр» манифесінде де көрініс тапты.
Апаттан зардап шеккендерге жәрдемақы және сол аймақта тұратын халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, сонымен қатар, толыққанды медицинада көмек көрсету туралы Президенттің жарлығы шықты. Міне содан бері Қазақстан көршілер ғана емес, әлемді ядролық қауіпсіздік аймаққа айналдыру туралы тұрақты бастама көтеріп келеді.
Бір ғана мысал, Президент Нұрсұлтан Назарбаев 2016 жылы 31 наурыз - 1 сәуір күндері Вашингтон қаласында өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитке қатысты.
Ең бірінші рет Ядролық қауіпсіздік жөніндегі алғашқы саммит 2010 жылы Вашингтонда өтті. Оның жұмысына 50-ден астам мемлекет басшылары қатысты. Одан кейін тағы екі саммит: 2012 жылы Сеулде және 2014 жылы Гаага қаласында өткізілді. Ал содан кейінгі жиын 2016 жылы Вашингтонда өтті. Төрт саммиттің де өз ерекшелігі болды.
Сеулдегі саммитте үш ел президенттері Қазақстаннан - Нұрсұлтан Назарбаев, АҚШ-тан - Барак Обама, Ресейден - Дмитрий Медведев осыдан 25 жыл бұрын жабылған Семей ядролық сынақ полигонындағы үшжақты ынтымақтастықты қорытындылап, біріккен мәлімдеме жасады. Қазақстан, АҚШ және Ресей мемлекет басшылары Дегелең тауының сілемінде ядролық сынақтар өткізілген және радиациялық белсенді материалдардың қалдықтары қалған туннельдерді жабу ісі бойынша көпжылдық біріккен операцияның аяқталғанын жария етті.
Ал Президент Назарбаев Вашингтонда өткен саммитте сөйлеген сөзінде «Адамзатқа ХХІ ғасыр: соғыссыз әлем» атты кең ауқымды бағдарлама қажет» деп атап өтті. Саммиттегі кездесулерде әлемдік сарапшылар қашан да бейбітсүйгіш ел ретінде бастамамен көрінетін Қазақстаннан үлгі алу қажеттігін айтты.
Назарбаев осы саммитте «АТОМ» антиядролық халықаралық қозғалысын құруды ұсынды.
Қазақстан Президенті Вашингтондағы әлем елдерінің басшылары жиналған жиында адамзатты мазалаған мәселерді жұртшылықтың алдына тағы да мәселе етіп қойды.
–«Миллиондаған адамды барған сайын мынадай сұрақтар толғандырады. Әлемдегі жағдай қай бағытта өрістейтін болады? Жетекші державалар арасындағы қарама-қайшылықтар олардың арасындағы ұзақ мерзімді жаңа текетіреске ұласып кетпей ме? Қай елдер жаһандық және өңірлік державалар жүргізіп отырған «прокси-соғыстардың» келесі құрбандығына айналуы мүмкін? Әзірше гүлденіп тұрған қай елдің жерін танктердің шынжыр табаны таптап, снарядтардың жарылысы талқан етпек? Қай қалаларда балалар зымырандар отынан өлім құша бастауы мүмкін? Жанжалдан қашқан босқындардың жаңа ағыны қайдан және қайда лап қояды?
Осыдан 60 жылдан астам уақыт бұрын көрнекті ғалымдар Альберт Энштейн мен Бертран Рассел «қатал, қатерлі және қашып құтыла алмайтын сұрақ: біз адам баласын жоюға тиіспіз бе әлде адамзат соғыстан бас тарта ма?» деген манифест жариялады. Адамзаттың ХХ ғасырдағы озық ойлы өкілдері жұртқа болашақтағы әлемдік соғыста планетадағы тірі жанның бәрін жоятын ядролық қару міндетті түрде қолданылатын болады деп көріпкелдікпен ескертпе жасаған еді.Олардың мемлекеттер арасындағы барлық талас-тартыстар соғыс арқылы шешілмейді және шешілмеуге тиіс деген ескертулері ХХІ ғасырда да аса өзекті күйде қалып отыр»,– деп атап көрсетті президент Назарбаев.
Адам баласына зұлмат әкелген сынақ полигонының зардабын Қазақстан халқы жақсы біледі. Мұны жақсы түсінген ел президенті Назарбаев сөйтіп әлемдегі қуатты сынақ алаңын өз Жарлығымен жапты. Содан кейін де Елбасы болашақ ұрпақтың қауіпсіздігі үшін игі бастамаларды халықаралық мінбелерде тұрақты түрде көтеріп келеді.
Расында да қазақ президенті көтерген бастаманы қазір жүзеге асып жатыр. Бір ғана мысал, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясы Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың Халықаралық күні ретінде жариялау туралы Қазақстанның қарарын бірауыздан қолдады. Бұл атаулы дата, яғни 29 тамыз БҰҰ, әлем елдері, үкіметаралық және ҮЕҰ-дың Ядролық сынақтарды тоқтатуға бірлесе күш салатын күн болып белгіленді. Демек, 29 тамыз күні бүкіл әлем Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың Халықаралық күнін атап өтеді. Бұл әрине, Назарбаевтың көтерген бастаманың игілікті түрде жүзеге асуы деп атауға болады. Өйткені президенттің өзі атап көрсеткендей, «Соғыстың тамырына балта шабу – адамзаттың ең күрделі өркениеттік міндеті. Бірақ мұның қандайда бір ақылға қонымды басқа баламасы жоқ. Бұл міндетті әлемдік көшбасшылар жаһандық күн тәртібіндегі өзге проблемалардың аясында абсолютті басымдық ретінде қарастыруға тиіс».
Еркін ҚАЛДАН