«Ақындарын осыншалық құрметтейтін елді бұрын-соңды көрген емеспін. Ақынын ардақтау тек қазақта ғана сақталған. Эпикалық жырларды қағазға қарамай айту деген не деген ғажап қабілет!» деді, Сакурай сан таңданысын жасыра алмай. Жамбыл ауылындағы мұражайды тамашалап жүрген жапониялық қонақтар көкейіндегі сұрақтарын қойып жатыр: Сонда Жамбыл Жабаев өлеңін Сүйінбай Аронұлына көрсетіп, тексертіп тұрған ба? — Жоқ, ол төкпе ақын болған, — деп, экскурсовод Шолпан суырып-салма ақындық өнері жайлы біраз мәлімет берді. Шай ішетін бөлмені көргенде Катамото сан ақынның қай жерде отырғанын сұрады. — Қазақтың үйінде ер адам сіздердегі сияқты төрде отырады. Ол төрді суретке түсіріп алды.
Иә, оларды барлығы қызықтырды. Кебісінің размері мен мұражай жанындағы гаражда тұрған, ақын мінген машинаның кезінде қай зауыттан шыққандығын, шопырының есіміне дейін сұрады. Ақындар айтысынан сыр шертетін тарихи фотосуреттер ілінген бөлмеде тіптен қиын сұрақтар қойылды. Жапондар суреттегі қолына қобыз, домбыра ұстаған қалың топтың қайсысы ақын, қайсысы бақсы екенін және олардың ежелде қандай функция атқарғанын айтып беруімді «талап етті».
Мұражай экскурсоводы сыйға тартқан жырау жайындағы бір-бір фотоальбомды құшақтаған қонақтар сыртқа шықты. Содан «Тойотаға» отырып, ауыл сыртындағы жоталарды көрмекке мұражайдың шығыс жағындағы жолға түсіп келе жатқанбыз. Кенет машина ішіндегі әйелдер шу ете қалды: «Қазақ ата келе жатыр, қазақ ата! Тоқтаңыз!». Сөйтсем анадай жерде қазақи қалпақ пен шапан киген қария кетіп барады екен. Артынан жүгіре жетіп ақсақалмен амандастық. Ауыл ақсақалына иіліп сәлем берген жапондар көптен көрмей табысқан туыстарша шұрқырасты да қалды. Қарияның қалпағын, шапанындағы оюларды қызықтап мәз. Сол сәтте олар үшін қазақтың шалынан асқан ғажап, оның шапанынан өткен көркем дүние жоқ еді.
Ақсақал Қарасу деген ауылдағы жиеніне бару үшін үйінен шыққаны осы екен. Менің қонақтарым атаны «Қарасуға біз апарамыз» деп, «Тойотаға» салып алды. Сонымен жотаға шығу жоспары өзгеріп, машина Қарасу ауылына қарай бет алды. Кеңес Үкіметінің кезінде де үстінен шапанын тастамаған Әлімқұл ата жапондарға нағыз қазақ ақсақалына тән келбетпен көрініп, қонақтарды бұрынғы өткен батырлар туралы, билер жайындағы әңгімесімен баурап алды. Қарасуға жеткенше жапондар атаның аузынан Сарыбай батыр туралы, қазақтардың Қоқан хандығымен қалай соғысқаны жөніндегі ешбір кітапта жазылмаған әңгімені есту бақытына ие болды. Олар үшін Жамбыл ата жайындағы фотоальбомға ауыл ақсақалынан қолтаңба жаздыртып алудың өзі шексіз қуаныш, үлкен мәртебе еді. Мұнайға да, салынып жатқан мұнаралы сарайларымызға да таң қалмаған шет елдіктер қазақтың шапан киген шалына қайта-қайта иіле берді. Ұлттық киімнің қасиетін осындайда ұғады екенсің.
Шарафат Жылқыбаева