Қазақстандағы дуальды оқыту мәселелері

/uploads/thumbnail/20181123132818066_small.jpg

Әлемдік тәжірибедегі дуальды оқыту (ДО) деген практика мен теория ұштасқан кәсіби білім беру түрі. Ал, енді аты енді ғана белгілі бола бастаған бұл әдіс бір жағынан жоғары оқу орындарында болып жатқан кәсіби білім берудің дағдарысынан туындап отыр.

Аталған дағдарыс басқа да ТМД елдері сияқты Қазақстанда мынандай себептерден туған еді:

  1. Жоғары оқу орындары ұзақ уақыт тек қана мемлекет бекітіп берген стандарттармен ғана жұмыс істеп, болашақ жұмыс берушінің сұранысын елеп-ескермеді.
  2. Кәсіпорындар жекеменшікке көшіп оқу орнымен өндіріс арасындағы байланыс үзіліп қалды.

Уақыт бір орында тұрмай эконоумика, медицина, ауыл шаруашылығы және басқа салалар нарықтық жолға түсіп, жаңаша заман талабына сай дайындалған мамандарды қажет етеін болды. Бұл мамандар тіпті, керек десеңіз, өндіріске келген алғашқы күннен бастап мақсат-міндеттерді айқын ажыратқан, технологияларды жетік меңгеруі тиіс боды.

Өкінішке орай, білім ордалары көбіне-көп оқудың теориялық жағына ғана мәне беріп, практикаға бар болғаны жоспар бойынша 10% ғана бөлінеді. Осының кесірінен колледж немесе университет бітірген жас маман өндіріске келіп түскенде көмексіз қалып, шарасыз күйге түседі. Ол қаншама жыл не оқып, не қойғаны белгісіз. Ал, жұмыс берушіге ырғалып-жырғалып, маманды сүйрелеп оқытуға уақыты да, құлқы да болмайды.

Осындай мәселелердің шешімін дуальды оқыту арқылы табуға болады. Ол не нәрсе екенін анықтайық және оның қандай мақсат-міндеттері барын бажайлап көрейік.

Бұл жүйе бойынша студент теория мен практиканы қатар алып жүреді. Тіпті көпшілік уақытын практикаға бөледі. Яғни, оқу үрдісінің 1/3-ін университет немесе колледж қабырғасындағы оқуға арнаса, қалған уақытта өндірісте болып, әріптес мекемеде жұмыс істеп, өз біліктілігін шыңдайды.

Мұндағы басты мақсат – өнірісте машықтанған сауатты әрі білікті маманды дайындап шығарып, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі дуальды оқытудың қазақстандық моделін қалыптастыру.

Қысқасын айтқанда, алғашқы күннен-ақ жұмысқа бірден араласып кететін және оны жоғары деңгейде атқара алатын өзінің біліміне кәміл сенетін маман дайындап шығару керек. Дуальды оқыту жүйесінде оқу ордасы жұмыс берушіден қандай маманды қажет ететінін біліп, соған сай мөлшерде студент оқытып шығарады.

Осындай мақсатқа жету үшін мынадай міндеттерді орындау керек:

  • дуальды оқытудың озық тәжірибелерін үйрену;
  • ДО үшін сынақ алаңдарын құру;
  • дуальды оқытуда Қазақстанның әр өңірі мен өндірістің әр салаларының ерекшеліктері мен қажеттіліктерін анықтау.

 

Біздің елімізде ДО жүйесін 2012 жылдан кіргізе бастады және осы орайда бірталай жетістіктер де бар:

  • нормативтік актілерде, атап айтқанда Еңбек кодексінде «дуальды оқыту» деген түсінік кіргізілді;
  • заңдық тұрғыда колледждерде теория мен практиканың ара салмағы 40 және 60 % болып бекітілген;
  • техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінде дуальды оқытудың ережелері бекітілген;
  • осы жүйемен оқитындар үшін білім алған кездері еңбк өтіліне есептеледі;
  • студенттерді практикадан өткізу үшін өндірістік базамен қамтамасыз ететін кәсіпкерлермен келісімшарттар жасалған.

Дуальды оқытуға алдымен техникалық және ауыл шаруашылығы мамандарын оқытатын оқу орындары ыңғайлы болып отыр. Олардың ішінде өндіріске аса қажет орта буын мамандарын дайындайтын колледждерде аталмыш жүйе сәтті жүзеге асуда. Республика бойынша осы бағытта 348 колледж 1700-ден астам мекемелермен жұмыс істеп, оларды 20 мыңның айналасында студенттер білім алуда.

Жұмыс берушілер осы колледждерге түсушілермен  келісімшартқа отырады. Осының арқасында студент оқуын бітіргеннен кейін жұмыссыз қалмайтынын білсе, өндіріс жетекшісі өзіне білімі де біліктілігі жақсы маманның келетініне қуанады.

Германия мен Қазақстан арасындағы мемлекетаралық бағдарламаларға сәйкес мұндай оқу орталықтары Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қостанай және Қарағанды облыстарында жұмыс істеп, өз нәтижелерін беруде.

Алдағы уақытта ДО жүйесінің заңдық және  нормативтік базасын жетілдіріп, инвестициялар құятын болса оның еліміздің экономикасына беретін тиімділігін көретін боламыз.

Дуальды білім берудің шетелдік тәжірибесіне келсек, неміс елінде бұл идея алғаш қолға алынып, жұмыс істеп жатыр. Олар ХІХ ғасырдағы қолөнершілердің балаларды арнайы цехтарда үйретіп, бір жағынан жексенбілік мектепте оқытқан үлгісін алған. Бүгінде Германия оқу орындарының 50 %-ы осы әдіспен білім берсе, түлектердің 54 % бірден жұмысқа тұрып кетеді. Ол жақта кәсіпкерлер бұл үрдіске ірі көлемде инвестициялар салып, оның пайдасын да көруде. Бұл елде мигранттарды да дуальды оқыту аса тиімді болып отыр.

АҚШ, Канада, Ұлыбритания және Франция сияқты экономикасы мықты дамыған елдер ДО жүйесіне көшіп, техникалық және кәсіби білім беру саласында  үлкен нәтижелерге жетуде екенін ескерсек, Қазақстан да осы жолды таңдауы үлкен үміт туғызады.

Секен НАЗАР

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар