Президент Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының жүйелі түрде жұмыс істеп жатқанын айтты.
– Біз 2010 жылдың өзінде «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын іске қостық. Өңірлерге жұмыс сапарым барысында мұның тиімділігіне көз жеткіздім. Бағдарламаның қолданылу мерзімін 2025 жылға дейін ұзарту керек. Осы бағдарламаны жүзеге асыру үшін жыл сайын қосымша кемінде 30 миллиард теңге бөлуді қарастыру қажет. Бұл 3 жыл ішінде қосымша кемінде 22 мың жаңа жұмыс орнын ашуға, 224 миллиард теңге салық түсіруге және 3 триллион теңгенің өнімін өндіруге мүмкіндік береді», – деп атап көрсетті президент Назарбаев.
Айта кетейік, аталған бағдарламада моноқалалар мен ауылдық жердегі кәсіпкерлікті дамыту, экономиканың және өңдеу өнеркәсібінің басым секторларында жұмыс істейтін кәсіпкерлерді салалық қолдау, жалпы айтқанда жаңадан жұмыс орындарын ашу басты мақсат етіліп отыр.
Расында да Елбасы өз Жолдауында «Бизнестің жол картасы» бағдарламасын 2025 жылға дейін жалғастыруды тапсырғаны белгілі. Өйткені мұның қазіргі таңда үлкен пайдасы болып отыр. Айта кетер бір жайт, аталған бағдарлама аясында елімізде осы уақытқа дейін 19 мың жоба жүзеге асқаны белгілі. Әрине, бұл орайда кәсіпкерлікке ең алдымен қаржылай қолдау керек. Сондықтан кәсіптің көзін тапқан азаматтардың бизнесі жанданады, мұның бір айғағы ретінде алдағы алты жылда жаңадан 20 мың жұмыс орны ашылайын деп отыр. Дерекке жүгінер болсақ, бір ғана Астана қаласында аталған бағдарлама шеңберінде 150 млрд теңгені құрайтын 709 жоба іске асқан көрінеді. Өндірілген өнім де қомақты, 800 млрд теңгеге жеткен, бұл нақты айтқанда, қазынаға 46 млрд теңге салық түсті деген сөз.
Жалпы айтқанда, «Бизнестің жол картасының» кәсіп көзін ашқысы келгендерге шаш етектен пайдасы бар. Бір ғана дерек, осы бағдарлама жүзеге асқалы бері елімізде қосымша 90 мың жұмыс орны пайда болды. Экономиканың маңызды саласына ерекше серпін беретін бұл бағдарламаны қазір халық тиімді пайдаланып жатыр. Әсіресе, аймақтарда мұның тиімділігі байқалуда. Өйткені бұл кәсіпкерлерді қолдаудың оңтайлы әрі көлемді жобасы екені көзге көрініп тұр. Мысалы, аталған бағдарлама іске қосылғалы бері Алматы облысының кәсіпкерлеріне 30 миллиард теңге қаржы бөлінген. Осының нәтижесінде аймақта 7800 адам жұмыспен қамтылып отыр. Бұл шамалап айтқанда, 1200 жоба өңірде жүзеге асып отыр деген сөз.
Рас, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы төрт бағыт бойынша жүзеге асырылатынын айттық. Аталған бағдарламаның тиімділігін мына бір деректен де байқауға болады. Астана қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының мәліметінше, жыл басынан бері 9231 адам қаладағы шағын және орта кәсіпкерліктің қатарын толықтырған.
Жалпы Астана қаласында157 481 кәсіпкер бар екенін айта кеткен жөн. Оның 62689-ы заңды тұлғалар болса, 94587-сі – жеке кәсіпкерлер, ал 205-і – шаруа қожалықтары болып отыр. Біз айтып отырған кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының көбісі мемлекеттік бағдарлама бойынша субсидия алып отыр. Нақты көрсеткішке жүгінер болсақ, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша жыл басынан бері 120 жоба жүзеге асырылған. Оған шамамен бюджеттен 31 млрд 24 млн 400 мың теңге қаржы бөлінген. Демек, аталған салаға, яғни кәсіпкерлікті дамытуға мемлекет тарапынан тұрақты түрде қолдау білдіріліп келеді. Мұның бір айғағы ретінде мына бір дерекке назар аударған жөн: «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы іске қосылғалы бері 1016 жобасы қолға алынған. Демек қаржылық қолдау бар. Нәтиже де көзге көрініп тұр. Бағдарламаның арқасында 9 мың бұрынғы жұмыс орны сақталып, 5300 жаңа жұмыс орны ашылғанының өзі кәсіп иелерінің жұмысының тұрақтылығын білдіреді. Осы салық төлемдері арқылы мемлекет бюджетіне 21,5 млрд теңге кіріс кіргенінің өзі кәсіпкерлік саланың пайдасы барын көрсетіп отыр.
Қазір мемлекет басшысының тапсырмасымен ауылдағы кәсіпкерлікті қолдау үшін бар жағдай жасалып жатыр. Мысалы, Ақтөбе облысында
«Ауыл кәсіпкерлігі» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Оған шамамен 900 миллион теңге бөлінді. Ол кезең-кезең бойынша берілді. Кәсіп көзін ащамын» деген адамдардың бұған қызығушылығы артқан. Тіпті аталған қаржы 5 айдың ішінде толық игерілген. Оған 225 адам қол жеткізген. Жалпы «Ауыл кәсіпкерлігі» бағдарламасының өзге жобалардан артықшылығы неде? Егер, шалғай елді мекенде тұратын адам «өз бизнесін бастаймын», оған 5 млн теңгеге дейін несие беріледі. Ал кәсібін тіпті кеңейтетін болса, онда құжаттарын өткізіп, 17 млн теңгеге дейін қаржы алуына мүмкіндік бар. Аталған бағдарламаның тағы бір ерекшелігі, бұл қаржыны алып, дүкен ашып, сауда-саттық жасауға, тауарды алып-сатуға рұқсат берілмейді. Несие 6 пайыздық үстемақымен 5 жылға беріледі. Қазіргі уақытта Ақтөбе облысы аймағында «Ауыл кәсіпкерлігі» бағдарламасына халықтың қызығушылығы артып отыр.
Бұдан шығатын қорытынды не? Президент тапсырмасына орай «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын жасалды әрі жұмыс істеп жатыр. Сондықтан оны «кәсіп көзін ашамын» деген азаматтар тиімді пайдалануы тиіс.
Еркін Қалдан
Пікір қалдыру