Полицияның жұмысына жұртшылықтың көзқарасы жақсаратын болады

/uploads/thumbnail/20181123133155282_small.jpg

Ақордада Қазақстан Президентінің төрағалық етуімен  ішкі істер органдары қызметін реформалауға қатысты үлкен кеңес өтті. Оған Елбасы мен тиісті министрліктердің жетекшілері мен мамандары қатысты.

Кеңесте сөз алған мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев тиянақты жұмыстардың арқасында елімізде, әсіресе соңғы үш жылда қылмыс деңгейі 17,5 пайызға қысқарғанын атап өтті.

–Адам қылмыстық, қаскөйлік әрекеттерден қорғану үшін бірінші кезекте полицияға жүгінеді. Тәуелсіздік жылдары ішінде 779 қызметкер қаза тауып, шамамен 2,5 мыңы жарақат алды. Мұны естен шығармауымыз керек. Бұған қоса, ішкі істер органдарының ағымдағы жағдайы қоғамның сұранысына толық көлемде жауап бере алмайды, - деді Мемлекет басшысы.

Кеңесте Нұрсұлтан Назарбаев құқық қорғау қызметкерлерінің азаматтармен арадағы ісі үйлесімді болу қажеттігін қадап айтты. Сондықтан да халықтың ренішін туғызбас үшін бүгінгі полиция заман талабына сай қызмет етуі керек.

–Ішкі істер органдары жүйесінің қызметі қоғамның сенімін ақтай алмайды, азаматтардың кейістігін тудыруда. Адамдар өздерін қауіпсіз сезінбейді. Онсыз біз қазақстандықтардың жоғары өмір сапасын қамтамасыз ете алмаймыз. Сондықтан полицияны реформалау ісіне шұғыл кірісуіміз қажет, - деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кеңесте сөйлеген сөзінде.

Расында Президент халыққа арнаған Жолдауында атап көрсеткендей, полиция қызметінің сапасы өте жоғары дәрежеде болуы керек. Бұл орайда Елбасы полицияға деген сенім артып, қызмет те жедел бола түсетініне сенім білдірді. Әрине полицияның жұмыс сапасын арттыру үшін кейбір құрам оңтайландырылуы мүмкін.

– Артық нәрсенің бәрінен арылып, қылмыспен күрес жүр­гізу және құқықтық тәртіпті сақтау ісіне мән беру керек. Құрылымдар оңтай­лан­дырылады. Соның нәтижесінде бір басшының қарамағында үшеу емес, бес адам болады. Штат саны 10 пайызға қысқарады. Осы шаралар полицейлер санының 100 мың адамға шаққанда 471 полицейден келуін 424-ке дейін төмендетуге жол ашты. Бұл еуропалық орташа деңгейге сәйкес келеді. Осыған орай, 16 миллиард теңге үнемделмек, – деді Қазақстан Президенті.

Осы жерде айта кететін бір нәрсе, президент үнем­­делген қаражатты қызмет­кер­лердің еңбекақысы мен әлеу­меттік қамту жүйесін жақ­сар­туға жұмсауды тапсырды.

Сонымен қатар, ішкі істер органдары қызметін реформалауға қатысты үлкен кеңесте Елбасы тарапынан полицейлердің жалақысын арттыруға қосымша 21,4 миллиард теңге бөлінетіні  айтылды. Тек бір-ақ нәрсе, осы орайда жасалынып жатқан реформаға сәйкес, полиция өкілдері де өз міндетін мінсіз атқаруы керек.

Әрине, құқық қорғау органы өкілдерінің жұмысы сапалы болуы үшін ең алдымен олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының жақсарғаны да абзал. Ол полицейлер тұрғын үймен қамтамасыз етілуі қажет. Бұл орайда  Президент қоғамды тәртіпті сақтап, қылмыстық іспен күресетін құқық қорғау органдары өкілдері жұмысын бұрынғыдан да күшейтуі қажет екендігін айтты.

Ең басты мәселе, «менің полициям – мені қорғай ма? Бүгінгі мазасызданған қоғамның басты сауалы да осы. Сондықтан не істеуміз керек? Ол үшін ең алдымен полицейлердің өздері тәртіпті қатаң сақтауы қажет. Егер құқық қорғау органдары өкілдері тарапынан қандай да бір теріс қылық жасалатын болса, онда полицейлер барлық жеңілдіктерінен айрылып, жұмыс орнынан босатылады. 

–Бізге жаңа формацияның полицейлері қажет. Кадрларды іріктеу, даярлау және ілгерілету жүйесі қайта қарастырылатын болады. Ведомстволық білім беру ісі айтарлықтай өзгереді. Мамандарды даярлау сапасы әлемдік стандарттарға сай келетін заманауи полиция академиялары қажет, – деді Мемлекет басшысы.

 Елбасы осыған байланысты «Ішкі істер министрлігіне тиесілі 12 оқу орнының үздік бесеуі ғана қалатынын айтып, оған білікті оқытушылар іріктеледі»,- деп атап көрсетті.

Кеңес соңында президент Назарбаев жұртшылыққа жаңадан таныстырылып жатқан полиция формасын көріп, өз ой-ұсынысын айтты.

Еркін Қалдан

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар