Әулие деген кім ?

/uploads/thumbnail/20170708174929272_small.jpg

Әулие деген — Алладан аян келген адам. Болатын істерді болжап алдын ала айтатын, айтқаны айнымай келетін, иман сақтап, бойын таза ұстап, білімге бар жан-тәнімен берілген, Құдай жолында құлшылық еткен, көріпкелі бар адамды қазақтар “әулие адам” деп атаған. Қысқартып айтқанда Аллаға іс-әрекеті жаққан, Алла жолында жүрген Алланың сүйікті құлы. Алла тағала ондай адамдарға ерекше шарапат дарытады, бөлекше білім, қабілет береді. Болатын істер туралы аян көрсетеді. Пайғамбарлар заманында Абдолла ғаланси деген бір әулие адам болыпты. Ол көп діндар адамдармен бірге Ніл дариясынан пабірге (кемеге) түсіп келе жатқанда, аяқ астынан қара құйын тұрып пабір қатты толқып кетеді. Пабірде отырған адамдарда жан қалмай Аллаға жалбарынып “осыдан аман қалсақ, о Құдай, ақсарбас, көк қасқа” деп әркайсысы ант су ішіп Алла жолында мал атап, мөлдір жандарының құтқарылуын тілеп жатады. Абдолла ғаланси ғана үмдемей отыра береді. Құйын тоқтап, пабірдің толқуы қалпына келген соң, адамдардың көңілі жайланып, жүректері орныққан соң, іштерінен біреуі Абдолла ғалансиден: “Біз жаңа пабір толқығанда жанымыз мұрнымыздың ұшына келді, бәріміз Алла жолына мал арнап, иман келтіріп, тәубаға келдік. Ал, сен үн-түнсіз отыра бергенің не, ең болмаса Алла жолына бір нәрсе атасаңшы,”- дейді. Сонда Абдолла ғаланси: “Егер осы өзеннен өтіп, жағаға аман шықсақ, пілдің күшігінің етін жемеуге Алла атынан ант етемін”- дейді. Оған таңданып, қызық көрген пабірдегі адамдар: “Мынаның есі дұрыспа? Бұл қайдағы пілдің етін айтып отыр!” — деп оны келеке етеді. Оған Абдолла ғаланси жауап та қайтармайды, іште жимайды. Ақыры пабірдегі адамдар аман-есен өзеннен өтіп, жағаға шығады. Жеуге азық жоқ, қатты ашығады, сөйтіп отырғанда бір пілдің баласы келіп, өзеннен су ішеді. Көздері қарауытып отырған әлгі адамдар пілдің баласын қуып жүріп ұстайды да, оны сойып, етін пісіріп жейді. Қасындағылар Абдолла ғалансиге пілдің етін же деп ұсынады. Ол: - Жоқ, мен жемеймін. Бағана пілдің етін жемеуге ант еткенім бар, - деп жемей қояды. Етке тойып алғандар түгел ұйықтап кетеді. Абдолла ғаланси ғана жан-жағын күзетіп ұйықтамай ояу жатады. Әлден уақыттан соң, бір дәу піл келеді де баласының сүйегін иіскеп-иіскеп алып, одан соң ұйықтап жатқан бала пілдің етін жеген адамдарды шой табанымен мыжып-мыжып өлтіреді де, әлгі дәу піл Абдолла ғалансидің алдына келіп түрады. Абдолла ғаланси әлгі пілге мініп алады, ол дәу піл Абдолла ғалансиді үйіне аман әкеліп тастайды. Бұл не? Бұл әулиелік, Абдолла ғаланси өзеннен аман-есен өтетінін біліп тұр. Өзеннен өткен соң пілдің баласына кезігетінін де сезіп тұр. Ол сондықтан пілдің етін жемеймін деп алдын ала болжап айтып ант етіп тұр. Мұндай қасиеті бар адамды қазақ халқы “әулие адам” деп атаған. Насиодин деген бір “жұлдызнама” ғалымы бір әулиені іздеп барып сәлем береді. Насиодиннің қасындағылар әлгі әулиеге: “Мына кісі Насиодин деген үлкен “жұлдызнама ғалымы”- деп таныстырады. Сонда әлгі әулие адам: - Е, бұл “жұлдызнама ғалымы” болса, мұның білгенін ақ есек те біледі, - деп мазақ етеді. “Жұлдызнама ғалымы” әлгі әулиенің сөзіне шамырқанып, ол жерден кетіп қалады да, кешке қарай бір диірмен тартатын шаруаның үйіне келіп қонады. Әлгі шаруа жұлдызнама ғалымына: - Кешке сақ жатайық, бүгін үлкен сел апаты болады,- дейді. Ғалым аспанда тарыдай бұлт жоқ, жауыннан да ешбір белгі жоқ, мына шаруаның жай айта салған сөзі ғой”- деп ойлайды. Түн ортасы бола бергенде қатты жауын жауып, үйді сел алып кете жаздайды. Тасқыннан аман қалып, есін әрең жиып алған соң әлгі жұлдызнама ғалымы шаруадан: - Сен селдің боларын қайдан білдің? — деп сұрайды. Сонда шаруа: - Е, менің диірменге салып пайдаланып жүрген бір ақ есегім бар. Ол осындай күн жауарда, сел жүрерде құйрығын тігіп тұрады. Бүгін сол ақ есегім құйрығын тігіп тұрған болатын, соған қарап айтқаным еді, - дейді. Сонда әлгі “жұлдызнама ғалымы” : - Е, менің білгенімді ақ есек те білді деген әлгі адам әулие екен ғой деп тәубаға келіпті деген аңыз бар. Бұл аңыз емес, бұл Насиодинге Алладан келген анық аян. Ашық хабар.

Болат Бопай

Қатысты Мақалалар