Қағазсыз қызметке көшу – медицина саласы үшін тиімді

/uploads/thumbnail/20181220113101983_small.jpg

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында және үкіметтің кеңейтілген мәжісінде және тағы басқа да жиындарда сөйлеген сөзінде цифрландыру мәселесін жиі айтып жүр. Бұл тапсырма әрине орындалуымен құнды. Өйткені қазіргідей өркениет дамыған заманда Қазақстан көштен сырт қала алмайды.  Өйткені қоғам ілгері дамып, алға жылжып бара жатыр. Мұны жоққа шығара алмаймыз. Ал заман өркениеті қашан да ізденісті, сонымен қатар жаңа технологиялардың қолданылуын талап етеді. Соның бірі – цифрландыру. Президент тапсырмасына орай дамудың барлық саласын қамтитын арнайы «Цифрлы Қазақстан»  мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Бұл бағдарлама қазіргі уақытта барлық бағытта жүзеге асуда. Бұл әсіресе денсаулық саласына тиімді болып тұр. Бұрын тіркеу бөлімінің алдында ұзақ сонар кезекке тұратындардың шоғыры енді болмайды. Енді үйде отырып, кезекке тұрмай-ақ, қай дәрігер сізге қажет екендігін электронды қызмет арқылы анықтап, таңдай  аласыз. Бұл адамдардың уақытын үнемдеуге септігін тигізеді. Бір жағынан жаңа технологияға адамдар да үйрене бастады.

– Цифрландыру–біздің басты мақсатымыз ғана емес, Қазақстанның айрықша жетістігі де болуы тиіс.Біз бәсекелестікке төтеп бере алмасақ, өркениетті елдердің алдында шаң қауып қала береміз. Сондықтан экономика және басқа салада да халық мұның цифрландырудың игілігін көруі тиіс,–деді Президент Нұрсұлтан Назарбаев.

Расында да цифрландырусыз алға баса алмаймыз. Дәл қазіргі уақытта Президент тапсырмасына  орай денсаулық сақтау жүйесін цифрландырудың жол картасы әзірленді. Бұл бағдарлы жұмыс жыл соңына дейін толықтай жүйеленеді. Әрбір Қазақстан азаматының электрондық денсаулық паспорты болады. Барлық медқызметтер автоматтандырылады немесе цифрлық жүйеге көшеді. Ең бастысы, дәрігерлер қағазбастылықтан арылады. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов бұл туралы министрліктің алқа мәжілісінде және үкімет жиындарында да жиі айтып жүр. Қазіргі әзірлік – болашақ нәтиженің бастауы. Министр Біртановтың айтуынша, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық медицина ұйымдары қағазбастылықтан арылады. Барлығы электрондық жүйеге көшеді.

Демек, бұл ретте медицина саласын цифрландыру не береді, оның пайдасы мен тиімділігі қандай?

  1. Медицина қызметкерлерінің еңбек өнімділігі ұлғаяды.
  2. Дәрігерлер уақытын үнемдейді, сырқат жандарды қарауға көбірек уақыты кетеді.
  3. Пациенттер дәрігерге алдын ала электрондық қызмет арқылы жазылып, қабылдауға уақытысында келеді.
  4. Халықтың цифрландыру жүйесі арқылы медицина қызметкерлеріне деген сенімі күшейеді.

Расында мұның пайдасы зор. Алдағы бір-екі жылда Президент тапсырмасы денсаулық сақтау ұйымының барлық саласында жүзеге асатын болады. Негізінен аталған салада электрондық қызмет көрсету республикамыздың негізгі халқы шоғырланған үлкен қалаларда қазірдің өзінде жүзеге асып жатыр. Енді бұл тапсырмалар аймақтарда толықтай жүзеге асуы тиіс және жүзеге асып та жатыр. Мысалы, Жамбыл облысын қарайтын болсақ, бұл аймақта қазір Президент тапсырмасы жүйелі түрде жүзеге асырылу үстінде. Өңірдегі 5260 медициналық қызметкердің 97 пайызы компъютермен қамтамасыз етілген. Жыл аяғына дейін медицинаның барлық өкілдері аталған технологияны пайдаланатын болады. Денсаулық сақтау саласындағы 22300 қызметкер компьтерлік сауаттылыққа оқытылып, олар жұмысты жүргізуге тас түйін дайын отыр.

Ал Батыс Қазақстан облысының медицина саласы да көштен қалмай, жандана бастады. Өйткені 1 қаңтардан бастап, осы саланы цифрландыру жүйесі қызметін бастайды. Қазірдің өзінде аймақта мобильдік қосымшада тіркелгендердің саны 22 548-ке жетті. Ал мобильдік қосымшаның қандай тиімділігі бар?

  1. Пациент дәрігердің жұмыс кестесімен толықтай таныса алады.
  2. Өзінің тұрғылықты жері бойынша тіркелген учаскені анықтауға мүмкіндігі бар.
  3. Облыстағы басқа да медициналық ұйымдарды картадан таба алады.
  4. Денсаулығы болмаған жағдайда өзіне тиісті дәрігерді үйге шақырады.
  5. Дәрігердің қабылдауына алдын ала хабарласып, өзіне тиімді уақытқа жазыла алады.
  6. k-vrachu.kz веб-порталы арқылы тіркеліп, медициналық қызметтің барлық түрін пайдалануға, тіпті дәрігердің жұмысына баға беруге болады.

Бұл ғана емес, медицина саласын цифрландыру Алматы облысында да тиянақты түрде жүзеге асуда. Облыстық денсаулық сақтау департаментінен бізге мәлім еткендей, қазір аймақта 811 денсаулық сақтау ұйымы жұмыс істеп тұр, аталған ұйымдарда 20 мың шамасындағы медқызмет халыққа қызмет етеді. Қазіргі уақытта барлық облыстық және аудандық ауруханалар интернет жүйесіне қосылған. Ауруханалар мен емханалардың

компьютермен қамтылу деңгейі 94 пайыз шамасында. Әкімшіліктің мамандары мәлім еткендей, жыл аяғына дейін тағы да  1024 компьютер сатып алынады. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап облыс аймағындағы барлық медицина ұйымдары қағазсыз құжат айналымына көшпек. Сонымен қатар, Президент Жолдауы аясында ауруларды басқаруда жаңа тәсілдерді енгізген алғашқы медициналық-санитариялық көмек қызметкерлері жалақыларына қосымша 20 пайыз үстемақы алатын болады.

Жалпы келер жыл Қазақстанның медицина саласында жұмыс істейтін ақ халатты абзал жандар үшін жаңашыл жұмыстың бастау алар жылы болмақ. 

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа арнаған Жолдауында «2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық емханалар мен ауруханалар медициналық құжаттарды қағазсыз, цифрлық нұсқада жүргізуге көшуге тиіс. Бұл 2020 жылға қарай бүкіл тұрғындардың электронды денсаулық паспорттарын жасауға, кезектерді, бюрократияны жоюға, қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді», – деп тапсырма бергені мәлім. Демек, денсаулық саласы келер жылы еліміз бойынша түбегейлі бетбұрыстар жүйесіне көшетін болады. Ал емханаға жанына шипа іздеп келген жандар мұның игілігін толыққанды көретіні – ол енді шындық.

Берік Бейсенұлы

Қатысты Мақалалар