Қазақстанда Ресеймен біртұтас одақтас мемлекет құру мәселесі ара-тұра көтеріліп жүр. Кейбір БАҚ беттерінде "Лукашенко Ресейдің бірігуге қатысты ұсынысынан бас тартатын болса, Ресей құрығын Қазақстанға салуды ойлап отыр" деген сынды ақпараттар оқта-текте жарық көруде. Бұл жайында Qamshy.kz ақпарат агенттігі Kaktotak.com сайтының дерегіне сүйеніп жазады.
Айта кету керек, бүгінде ресейлік сарапшылар Мәскеу Беларусияны экспансиялауы әбден мүмкін екендігін талқылауда, мұндай қадам Владимир Путинге 2024 жылдан кейін де билікте отыруға мүмкіндік береді екен.
Қазақстандық сарапшы Бауыржан Төлегеновтің айтуынша, егер Мәскеу Минскіні Одақтас елдер қатарына қосатын болса, онда бұл саяси бірлестік ЕАЭО-ны саяси ұйымға айналдырудың бастапқы қадамы болмақ.
Келесі ұсыныс Астанаға түсуі әбден мүмкін. Беларусияға жасалған ұсыныс секілді, бұл да бастапқыда сәтті болады, себебі Қазақстан бүгінде тек сайлау циклі қарсаңында ғана емес, сондай-ақ биліктің транзиттік кезеңінде тұр. Мәскеу Минскіге біртұтас одақтас мемлекет құру үшін мұнай шикізатын ұсынғаны белгілі, ал Астанаға мұндай өтініш жасайтын болса, үздіксіз кепілдік беру формуласын (формула гарантии преемственности) ұсынуы мүмкін.
Алдағы уақытта бұлай болуы мүмкін бе? Қазақстан 1991 жылы бұғауынан шыққан біртұтас одақтас мемлекетке қайтадан кіруі ықтимал ма? Бұған халықтың реакциясы қандай болмақ?
Саясаттан қашып құтылу мүмкін емес
Ресейлік сарапшы Григорий Трофимчуктың айтуынша, Еуразиялық одақ үшін нақты геосаясат тудырып отырған мәселелерден алыстап кету қиынға соғуда. ЕАЭО 2014 жылға дейін бір ғана саяси ортада құрыла бастады. Ал өз жұмысын бұл одақ 2015 жылы көп нәрселер өзгеріп кеткен уақытта бастады.
Сарапшының пайымдауынша, қазіргі таңда сыртқы саясатта бәрі де күрделеніп кетті, сондықтан одақтас мемлекеттердің теориялық сипаты қазақы нұсқада да пайда болуы әбден мүмкін, қайталап айтқанда, тек теориялық форматы.
– Бүгінде барлық мәселелерді Мәскеудің мойнына артып отыр. Сондықтан Ресей Беларусиядан кейін құрығын Қазақстанға салмақ. Мұның бәрі әдейі істеліп жатқан қадамдар. Бұл жердегі басты мәселе – Ресей Федерациясы Беларусия мен Қазақстан аумағын барлық қажетті заттармен қамтамасыз ете ала ма? Жауап белгілі: «Жоқ, Ресейдің бұған күші жетпейді», - дейді Трофимчук.
Ұлтшылдарға жол ашылмақ
Егер Ресей өз құрамына екі елді қосып алатын болса, арада ұзақ уақыт өтпей жатып-ақ Мәскеуге екі елдің халқы тап беріп, өздерінің қарсылығын білдіреді де, сонымен бәрі бітеді. Тек аяқталып қана қоймай, беларусиялық және қазақ ұлтшылдарына жол ашып береді.
– Беларусия мен Александр Лукашенко жайын айтатын болсақ, Ресей өзі бауырлас деп санаған елге көбірек қаражат пен басымдық бергісі келген шығар, бірақ ресми Мәскеудің қазынасы ортайып қалған. Сондықтан, қазір оны бопсалау еш нәтиже бермейді, бүгін күш көрсетіп қорқытатын уақыт емес, - деп атап өтті сарапшы.
Оның айтуынша, Минскінің Мәскеуге ренішінің салдарынан Беларусияны Ресей емес, Батыс елдері өзіне тартуы мүмкін.
– Сондықтан, біздің елдерімізде бір ғана шешім бар, саясаттан қашпай, айналып өтпей, ішкі қатынастарды нығайту. Бұлай болмаған жағдайда, ол Астана мен Минскіге де іштен іріткі салуға тырысады. Бірақ ол кезде жағдай мүлде басқаша болады, - дейді сарапшы.
Қазақстандық саясаткер Сұлтанбек Сұлтанғалиевтің айтуынша, Кремль үшін бұрын-соңды болмаған жағдай – халықтың атқарушы билікке деген сенімінің құлдырауы кезінде жағдайды тез реттеу үшін тиімді шаралар жасау қажет. Мемлекеттік бюджет резеңке секілді созылмалы емес, ал стратегиялық қаражат қоры әлдеқайда күшті болғандықтан, әлеуметтік-экономикалық салада барлық тиісті шаралар жасалды.
Жаңа Қырым қаншалықты қажет?
Қазақстандық саясаткер қазіргі таңда тек ішкі саяси ортаның қалғандығын айтады. Сириялық авантюра Ресейдің қарапайым халқын қазір соншалықты алаңдата қоймайды, ал Донбасстағы ахуал болса, либералдар тарапынан қазірдің өзінде қатал сынға ілігіп отыр.
– Кремль үшін жаңа Қырым ауадай қажет. Одақтас елмен арадағы қарым-қатынас және Беларусияның Ресейдің құрамына қосылуы – Ресейдің патриоттық жағынан өсуі, сондай-ақ Владимир Путиннің одақтас елдердің басшысы ретінде рейтингі көтерілуі үшін ең қолайлысы болмақ. Әрине, мұндай сценарийдің жүзеге асуы үшін Беларусияны Александр Лукашенконың отбасының династиялық басқаруына Мәскеу тыйым салмайды, - дейді саясаткер.
Оның пайымдауынша, бұл Беларусия президентінің жеке басымдылығына, сондай-ақ элита мен қоғамдағы қарым-қатынастарға байланысты, себебі республикалық референдумсыз одақтық мемлекеттік түбегейлі жаңа форматта қайта құру мүмкін емес.
Ал Қазақстанның жағдайы мүлде басқаша болмақ
Біріншіден, Қазақстан одақтас мемлекеттердің қатарына кірмейді, ол тек Еуразиялық экономикалық одақ мүшесі болып табылады. Ал Қазақстан, сондай-ақ, Қытайдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің қатарында. Сондықтан да, бұл тұрғыдан алатын болсақ, Қазақстан Қытайдың да құрамына қосылуы мүмкін екендігін талқылауға болады.
Екіншіден, ел аумағына қуаты күшті ресейлік олигархтардың бақылаусыз кіріп кетуінен туындайтын елеулі қауіптерге байланысты элиталық орта мұндай қателікке бой алдырмайды.
Үшіншіден, Қазақстандағы билік жүйесі өзіне сенімді және дәл Ресей билігінің қамқорлығына мұқтаж емес.
Төртіншіден, Қазақстанды бұлай трансформациялау сөзсіз Қытай мен Батыс елдерінің ашуын туғызады. Себебі, көптеген елдер Қазақстанның табиғи байлығына қызығып отырғаны белгілі. Олардың ешбірі де Қазақстандағы балды ресейлік аюдың жалғыз өзі жеп қоюына мүмкіндік бере қоймайды.
Бесіншіден, қазақ халқы сөзсіз бұл бастамаға түбегейлі қарсы болады, себебі қарапайым халық өз елінің қайтадан өзге елге тәуелді болып, егемендігінен айырылуына жол бермейді.
– Жоғарыда айтылғандай, Ресей мен Беларусия елі өзара бірігіп, біртұтас елге айналуы мүмкін шығар, бірақ Қазақстанның Ресейдің құрамына қосылуы – ол жәй ғана фантастика және мүмкін емес процесс, - деп атап өтті Сұлтанғалиев.