"Ұят болады" культінің гендерлік ерекшелігі хақында

/uploads/thumbnail/20190226142320857_small.jpg

Шығыс халықтарына тән "ұят болады" культі - әйел затының, ал Батыс мәдениетіне тән "кінә" культі - еркек кіндіктінің ментальдық ерекшелігінен туындайды деп тұжырым шығарып отырмыз. Әрине, мұндай пайым, "ұят болады" культінің өкілі болғандықтан патриархалдық намысымды оятып, өзіме де оңай тиіп тұрғаны шамалы. Қалай ғана "еркектікті" европалықтарға қия салдың деп кейіп қояды шығыстық шамшыл (сексистік деп оқысаңызда болады) сезімім. Алайда, ойдың ақиқаты қымбат.

Мұндай ой жорамалына қалай келгенімді баяндап жатсам, ұзын-сонар әңгіме болайын деп тұр. Сондықтан келесідей негізгі ерекшеліктеріне ғана тоқталуға мәжбүрмін.

1."Ұят болады" культі үстемдік құрған шығыстық қоғамда сыртқы пікір өте маңызды. Тіпті тағдыршешті мәселе десе де болады. Қодар мен Қамқаны өлімге байлаған "Түйенің қомы" аталатын Құнанбайдың билігі осыған айқын мысал. Бақталасы бетіне басып, жұрт алдында жерге салып, табаламаса, Құнанбай аталасын өлімге қияр ма еді!? Жоқ! Кінәратты істің барын білсе де, болар іс болып, бояуы сіңген соң, құпиясын жұтып, іштен тынушы еді. Жалпы, сыртқы пікірге көңіл бөлу, "не дейді екен?" деп алаңдап құлақ асу мәдениеті - әйел баласының сұлулыққа құштар табиғатынан туындап, оның идеалды қатынасқа жаны үйір қасиетінен бастау алады деп топшылаймыз. «Әйел адам құлақпен сүйеді» дейді халық сынынан өткен орыс мақалы. Сұлулық пен әсемдікке ұмтылу, қарабайырлатып айтар болсақ, рефлексияның бір түрі. Өзіңе сырттан үңіліп, сыни көзбен қарау, яғни «жұрт көзімен» қарай алу мәдениеті. Идеалды образ туралы ішкі ой-түйсінуіңді сыртқы жұрт пікірімен сәйкестендіріп, үнемі елеп-ескеріп отыру үрдісі.

Анығында "ұят болады" культі идеалды адам образына іздеу салады. Әйтпесе самурай өзін пышақтап, Бекболат бидің інісі "ұраға салғанға" бола жарылып өлуші ме еді!? Сондықтан да "ұят боладының" тақырыбы ар, намыс, абырой сияқты биік ұғымдармен ашылып, моральдық императивтер жүйесін қалыптастырды. Әсіресе абырой, соның ішінде әйел баласының абыройы "ұят болады" культінің түп бастауында тұрған іргелі мәселе деп ойлаймыз. Бұл отбасылық-туыстық қатынастары сақталған кез-келген патриархалдық қоғамның өмірмәнділік сұрағы. Сондықтан болуы керек, дәстүрлі қоғамдарда әлі күнге дейін "ұят болады" культінің ықпалы сақталып отыр. Көшпелі бәдәуилер мәдениетіндегі "намус" (намыс) категориясының қалыптасуында да әйел абыройы мәселесі қылаң беріп, құндылық түзуге қатысуы кездейсоқ жәйт болмаса керек.

2. "Кінә культі" адамның жеке жауаптылығына негізделеді. "Қолыңмен істегенді мойныңмен көтер" дейтін еркекке тән мінезі бар мәдениет. Жеке жауаптылықтың көріністері шығыстық қоғамда там-тұмдап орын алғанымен, енші алып жеке институт ретінде дами алған жоқ. Шығыстық деспотизмнің құрамдас бөлігі ретінде өмір сүрді. Зынданға салып, дараға асу секілді жеке тұрған адамды жазалау шаралары болса да, олардың мәні репрессиялық сипаттан аса алмады. Батыс қоғамында бұл мәселе антикалық философияның және христиан дінінің ерекшелігін бойына сіңіріп «күнәдан арылтушы» мәнге ие болды. Әсіресе, христиан дінінің институт түзуші қызметі күшті шығып, шіркеуге кірген күнаһар көңіл кірінен құлан-таза айығып, өмірді қайтадан, жаңа парақтан бастап кету мүмкіндігіне ие болды (байқасаңыздар, батыс фильмдерінде "өмірді жаңа парақтан бастасай" дейтін христиандық ақыл жиі айтылып жатады). Тәубеге келудің христиандық ритуалы уақыт өте секуляризацияға ұшырап, құдайға емес, ендігі жерде мемлекетке (заңға) мойынұсынушы мәдениетті алып келді. "Құдай өлді!" деп шүйінші сұрады осы сәт Ф.Ницще. Сондықтан болар, өрісі тарылған діни ритаулдың орнына жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай психоанализ аталатын зайырлы ойын шыға келді (фрейд, юнг мектептері). Істегенді мойындап, жауапкершілікті көтере білу әдетте ер адамның мінезі ретінде қаралып жатады. «Ердің екі сөйлегені – өлгені» дейді қазақ мақалы. Бірсөзділікті - "ұят болады" культі тек ер адамнан талап етеді. Әйел баласы екі сөйлеп, танып жатса кешірімді құбылыс ретінде қаралады. Батыс қоғамы жүгініп отырған "кінә культі" осы мәселені түзетті. Бірсөзділік, мойындай алушылық һәм жеке жауаптылықты ерге де, әйелге де бірдей жалпыға ортақ принцип ретінде таныды. "Теңдік" аталатын құқықтық құндылық пен деликтологиядағы "жеке жауаптылық" қағидасының да түп негізі осы арадан бастау алады.

3. Қорыта айтар болсақ "ұят болады" культі - сыртқы пікірге, ал "кінә культі" - ішкі пікірге жүгінеді. Әрине, таза күйінде екеуі де қоғамдық өмірде кездеспейді. Бұл шартты түрде алынып отырған танымдық концептілер. (Айта кетуіміз керек, «ұят» - түсінік және концепт ретінде екі бөлек мәселе, біріншісі - мораль категориясы, ал екіншісі - танымдық тұғырнама). Сондай-ақ, бұл концептілер негізсіз алына салынып отырған да жоқ. Бұларды қоғамдық қатынастардың табиғатына тереңірек үңіліп, толымды тұжырым шығару үшін қолданылатын ой сызба десек те болады. "Ұят" және "кінә" культіне тән артықшылықтар мен кемшіліктер де жоқ емес. Ғылымның мақсаты – осы араны аңдап, ұдайы жол көрсетіп отыру. Артықшылығын еселеу, кемшілігін азайту. Бұл бір.

Екіншіден, ментальдық тұрғыдан алар болсақ бүгінгі қазақ кемінде үш түрлі дүниетанымдық ерекшелікті бойына сіңірген күрделі субьекті - исламға дейінгі (заратуштра, тәңіршілдік, манихейлік, несториандық) дүниетаным, ислам дүниетанымы және орыстың мінезі арқылы жұққан православиелік дүниетаным. Православиенің гуманитарлық сілемдерін Абайдан да байқауға болады. "Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп" жырлайтын өлеңдері христиандық мәдениеттегі "сүю", соның ішінде православие ерекше мән берген "адамды сүю" (человеколюбие) дәстүріне жалғанып жатыр. Әрине, кесе-қырқып осылай ғой деп пәтуа шығару қиын. Бәлкім, шынымен де, Михаэлис секілді орыс достарымен сұхбат барысында есітіп, таңырқаған, сөйтіп жазба өлеңіне азық қылған болуы ықтимал. Әлде сопылық ілімдегі "ғашықтық" мәселесімен сабақтастырды ма, бұл арасы беймәлім. Екеуінің қосындысы, өзінің қоспасы да болуы мүмкін. Қалай болғанда да қазақтың бойына христиандық мәдениеттің құндылықтары ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап дендеп ене бастады. Бұл әсіресе атеизмді ту етті деген аты болмаса кеңестік кезеңде күшті жүрді. М.Элиаденің жазатыны бар «Маркс бейсаналы түрде ақырзаманда келетін Исаның әділет орнатушы образын қайталауға тырысты» деп. Сол рас. Өзегінде діні жатқан орыстың әділдік, қарапайымдылық және халықшылдық сияқты қасиеттерін әр ұлт өз дүниетанымына сай пайымдай алса да, оларды ортақ интернационалдық құндылық ретінде бойына жұқтырмаған кеңес жұрты кемде кем. Сіңіп кеткені соншалық, мұны сезбек түгілі, кейде өзіміздікіндей көріп жатамыз.

Үшіншіден, бүгінгі Қазақстан көпұлтты, көпдінді, яғни мультикультурлы қоғам. Сол себепті "ұят болады" культі Жапониядағыдай ортақ мәдени тұғырнама ретінде өмір сүре қоюуы күмәнді. Дей тұрғанмен, "ұят болады" культі қазақстандық қоғамның басым көпшілігін қамтиды. Мәселен, зерттеушілер ортодоксалды православиені ұстанушы шығыс славян халықтарының ментальдылығын аралас типке жатқызады. Яғни орыс, украин және беларусь үшін «ұят» пен «кінә» культі концепті ретінде түсінікті. Ресей тараптан Батыс пен Шығысты қосатын "еуроазияшыл" идеяға басымдық беруінің бір себебі осында. Сондай-ақ өзге де Қазақстанды мекен етуші мұсылман халықтар, соның ішінде түркі тілділері екі бастан "ұят болады" культінің тұтынушылары.

Сол себепті «ұят болады» культін лайықты дәрежеде елеп-ескеріп, қоғамдық қатынастарды белгілеп, реттеп отыруда ұтымды қолдана білсек, түйткілді мәселелер оң шешімін табатыны сөзсіз.

Алдағы уақытта заң ғылымының тақырыптарына қалам тартып, "ұят болады" культінің құқықтық өмірдегі көріністеріне тоқталатын боламыз.

Қазыбек Дәуітәлі

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар